Бүгін ауданда этнос өкілдерінің жұмыс барысымен танысу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың қатысуымен арнайы жиын өтті. Жиынды аудан басшысы Арман Абдуллаев жүргізіп отырды.
Аталған жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Н.Сейітжанов, Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Э.Жанғазиева , этнос өкілдері, ауыл билері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Аналар кеңесі, Әжелер алқасының мүшелерінің қатысты.
Қазақстан Республикасы көп ұлтты мемлекет. Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы құрылып, этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстыра отырып, республикадағы тұрақтылықты сақтау мен елдегі татулық пен бірлікті нығайтуға айтулы үлес қосып келеді.
Этносаралық қатынастарды дамыту бағытында аудан көлемінде біршама жұмыстар атқарылып келеді. Осы ретте, жиын барысында жандандыру, дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстар баяндалды.
Сондай-ақ мәжілісте тұрғындар жұмыспен қамту, жастарды қолдау, мектеп салу, зауыттар мен өндіріс орындарын ашу, диқаншылар өнімдерін экспортқа шығаруға ықпал етуді сұрады. Сала басшылары зейнет жасына дейінгі ел азаматтарына «Күміс жас» жобасы, жастарға 12 бағыттағы мемлекеттік бағдарлама қарастырылғанын түсіндіріп өтті. Солардың ішінде облыстағы колледжерге гранттар мен «Серпін» бағдарламасының, 2,5 пайыздық жастарға арналған жеңілдетілген несие алудың мүмкіндіктері туралы айтылды. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік бойынша «Ауыл аманаты» жобасы туралы да еске салды. Бұл жөнінде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев толықтырып өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде елімізде татулық, бірлік, келісім сынды құндылықтардың маңызы жыл өткен сайын артып келе жатқанын, мемлекетіміздің бағындырып келе жатқан белесі тұрақтылық пен бейбітшіліктің арқасында болса, оның негізі этносаралық келісім мен бірліктен бастау алатыны туралы тілге тиек етті.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары этнос өкілдерінің жұмыс барысымен таныса отырып азаматтарымыздың экономикалық әлеуметтік әл- ауқатын арттыру және татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету басты қағидатымыздың бірі екендігін жеткізді. «Тұрақтылық пен келісімді сақтау тұрғысынан жауапты мекемелерден бөлек этномәдени бірлестіктердің, ел ағаларының белсенділігі қажет. Әсіресе жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру мен татулықты берік ұстануға үлесі зор. Келеңсіз оқиғалардың алдын алу мен жұмысты күшейтуді тапсырдым. Алдағы уақытта әр ауылдық округтерде қоғамдық кеңестер құру жоспарлануда. Этномедиацияға баса мән беріледі»,- деді ол.
«Игілік басы — ынтымақ, ынтымақты елде күншуақ» демекші, этносаралық мәдени бірлестігінің алдағы уақытта да өңірдегі өзге ұлт өкілдеріне деген игілікті істері көбейе түспек.