Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ІI тоқсандық отырысы өтті. Отырысты Аналар кеңесінің төрайымы А.Рахишова жүргізіп отырды.
Аталған отырысқа: «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалының маманы А.Саудебаева, Төлеби аудандық ауруханасының психо-профилактика бөлімінің психологі А.Шертаева және әлеуметтік қызметкер С.Аязова №8 колледж ұзтаздары мен этнос студент жастары Көксәйек ауылдық округі, Көксәйек елді мекенінде орналасқан Төлеби жалпы орта мектебінің ұстаздары Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Отырыстың негізгі мақсаты: Әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылық және қылмыс белгілерімен, түрлерімен таныстыру, әйелдердің құқықтары мен міндеттерімен таныстыру. Қоғамның заңдары мен нормаларын орындауға, құқықтарын біліп оны құрметтеуге тәрбиелеу.
Аналар кеңесі қоғамдық тұрақтылықты сақтауда жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жас отбасылардың ажырасуының алдын-алу және отбасылық құндылықтарды сақтау бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі – Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты баяндамасында Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту ісіне халықтың барлық топтарының қатысуын күшейту міндетін қойды. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар әкімдеріне жыл соңына дейін барлық өңірлерде Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құру туралы тапсырма берілді.
Сол кезде елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған. Елбасының Қоғамдық келісім кеңестерін құру жөніндегі тапсырмасы сол ұйымдардың Аналар кеңесі деген атаумен қоғамдық бірлестік ретінде ресімделуі үшін негіз болды.
ҚХА жанындағы Аналар кеңестері елімізде ұйымшылдықпен бір мезгілде, шамамен бір-екі ай ішінде құрылған болатын. Бірден олардың қызметін бірыңғай форматқа келтіру, жұмыстарының бағытын айқындау бойынша ой-пікірлерді ортаға салып, бір арнаға тоғыстыру қажеттігі байқалды. Сөйтіп, 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы болып өтті.
Аналар кеңестеріне мүшелікке кірем деушілерге шектеу жоқ. Қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай – ақ этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды және белсенді жұмыс істейді.
Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.
Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналды. Жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді, бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысады. Соңғы жылдары үлкендер үшін де, жастар үшін де әсіресе «Қазақтану», «Төркіндеу» сияқты жобалар тартымды болды.
Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат жөніндегі тұжырымдамасында отбасы адам капиталының сапасына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт ретінде атап өтіледі. Отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас: ең басты мәселе – жас ұпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Аналар үшін біздің жеңістерімізді, жетістіктерімізді, ең бастысы, біздің аса зор құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді кімге табыстайтынымыз аса маңызды мәселе.
Адамның көптеген көзқарастары мен ұстанымдары отбасында тәрбиеленеді. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, үлкен маңызға ие мәселе. Біз бала кезден басқа мәдениеттерге, басқа тілдерге құрметпен қараушылықты, өркениетті елдің талаптарын орындау қажеттігін тәрбиелеуге тиіспіз. Бала бойына басқа ұлт өкілдеріне деген достық пейілдің, мәдениетті қарым-қатынастың негіздерін қалай отырып, біз толерантты тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеміз.
Ассамблея жанынан құрылған әр түрлі деңгейдегі аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық-демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Аналар кеңесі әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға қатысады, әр түрлі іс-шаралар арқылы берекелі, тірлігі мықты әрі тату отбасыларды насихаттайды. Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформаларды түсіндіру бойынша жұмыстар өз алдына бір төбе.
Аналар кеңесі әлеуметтік мекемелермен, оқу орындарымен, балалар мекемелерімен, бастамашыл орталықтармен тығыз және жемісті ынтымақтастық жасайды. Аналар кеңесінің әлеуметтік жобалар жәрмеңкесінде ұсынылған көптеген қоғамдық маңызды бастамалар мен жобалар осы серіктестіктің нәтижесі болып табылады.