Медиацияның екінші тынысын Ассамблея ашқандай...

image.png

Медиация ұғымы қазақ халқында ежелден бар бітімге келу, бітімгершілік дәстүрінің жалғасы. Сондықтан, «шетелдің үздік тәжірибесі» деп, қоғамымызда енгізіп отырған медиацияның түрмесіз-ақ тентегін тезге салған ата-бабаларымыздың ежелгі ұстанымы екенін ұмытпауымыз керек. Бүгінде қанымызда бар дәстүр ел ішінде тез таралып, құқық қорғау саласында өзінің оң нәтижесін көрсетуде. Тіпті, бүгінде Ассамблеяның бір жұмыс бағыты осы медиацияны ел ішінде кеңінен тарату, медиацияның қолданыс аясын кеңейту болып отыр.

Осы орайда Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы, Түркістан облысы, Төлеби аудандық соты және кәсіби медиатор Ләззат Балтабайқызы Асанованың ұйымдастыруымен аудандық білім бөлімінің ғимаратында «Қоғамдағы татулық пен бірлікті қамтамасыз етудегі медиацияның рөлі» атты тақырыпта жиын өтті.

Жиынды кәсіби медиатор Ләззат Асанова ашып, жүргізіп отырды.

Жиынға Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғ.Байарыстан, Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиал басшысы Е.Айтжанов, «Еуро-Азияль медиация орталығы» ҚБ директоры, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша медиация кеңесінің төрайымы Л.Ақшегирова, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Тойлыбаев, кәсіби медиатор Л.Асанова, Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова, Төлеби АПБ ЖПҚ-нің басшысы Н.Қонысов, Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов, аудандық білім беру мекемелерінің басшылары мен құзырлы мекемелердің салаға жауапты қызметкерлері және кәсіби медиаторлар қатысты.

Төлеби аудандық сотының төрағасы Ғ.Байарыстан, медиация туралы заң 2011 жылы қабылданған. Алайда 2015-2016 жылдан бастап қарқынды жұмыс жүргізе бастады. Жалпы медиация ұғымына келетін болсақ, орын алған қақтығысты сотқа жеткізбей ауыл билерінің және кәсіби медиаторлардың көмегімен екі тарапты бітімгершілікке шақыру. Кез келген азаматтың сотқа жүгінуге құқығы бар алайда, осындай жағдайларда медиация көмегімен екі тарап келісімге келіп, татуласқаны әлдеқайда оңтайлы шешім деп ойлаймын. Орта есеппен аудан бойынша жылына 1500-ге жуық азамат сотқа арыз түсіреді. Осы арыздың 30-40% медиация көмегімен шешіліп жатыр. Сол себепті болмашы дүниелер үшін бір-бірімізге деген сыйластықтан айырылып қалмайық. Еліміздің дамып, өркендеуі үшін ең алдымен береке, бірлік керек. Барлығымыз бірлікте, татулықта болайық.

«Еуро-Азияль медиация орталығы» ҚБ директоры, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша медиация кеңесінің төрайымы Л.Ақшегирова, халық нотариус, адвокат және сот ұғымдарын біледі, алайда медиация сөзін енді ұғынып жатыр. Медиация сөзі жемқорлық, зорлық-зомбылық, экстремизм-терроризм және нашақорлықпен айналысып, ұсталған жағдайларда қолданылмайды. Ажырасу, еңбек және жер даулары, көршілер арасында және ата-ана мен ұстаздар арасында кикілжіңдер орын алған жағдайда істі сотқа жеткізбей медиация көмегімен шешуге болады.

Төлеби ауданының білім бөлімінің басшысы Б.Тойлыбаев, қазіргі уақытта медиация қоғамға, ортаға әсіресе әрбір отбасыға қажет дүние. Бұрында ата-бабаларымыз қандай да бір кикілжің орын алған жағдайда екі тарапты бейбіт жолмен келісімге шақырып, татуластырған. Ал қазірше? Қазір болмашы нарсеге аразданып жатамыз немесе сотқа шағымданып, уақытымызды босқа жұмсаймыз. Мұның керегі қанша? Ысырапшыл деген ұғым бар ағайын. Ол ақшаны немесе басқа да дүниелерді ысырап ету емес, уақытты ысырап ету. Осындай болмашы жағдайлар үшін бір-бірімізге аразданып, қырсығып, кешірім бермей алтын уақытымызды бос жұмсап жатамыз. Сондықтан құрметті жиынға қатысушылар бір-бірімізге кешірімді болайық, тура жол көрсетіп, бірлікте, татулықта өмір сүрейік.

Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығының директоры, кәсіби медиатор Д.Кенжеқұлова, облыс бойынша «Мектеп медиациясы» деген жоба іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта Түркістан қаласы «Ататүрік» мектебінде бұл жоба іске асуда. Қандай да бір дау орын алған жағдайда сотқа емес медиацияға жүгіну керек. Өркениетті қоғамның берік іргесі – заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде, ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Дау-дамай бұрын да болған, қазір де бар. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрсекте, ең алдымен ынтымақты сақтай білуіміз керек.

Төлеби ауданының бас биі М.Бекболатов, «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген ұстаныммен өмір сүрген дана халқымыз аталы сөзге тоқтауды білген. Қара қылды қақ жарып, әділдігін айтатын билердің көмегімен ел бірлігін сақтап, дауласушы тараптарды мәмілеге келтіру – ата-бабаларымыздың ертеден келе жатқан дәстүрі, олар «Ара-ағайындық», «Бітімгер», «Мәміле» және т.б. терминдер қолданған. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген қағиданы берік ұстанған билердің мәртебесі жоғары болып, елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтауға ықпал еткен. Бүгінгі таңдағы әлемдік ахуал жедел өзгерістермен, тұрақсыздығымен ерекшеленуде. Қалыптасқан жағдайда қоғамның ішкі тұтастығы мызғымас берік болғанда ғана болашақты бағамдап, межелеген мақсатқа нық сеніммен қадам басамыз.

Жиын соңында медиация институтын дамытудың маңызы туралы сөз қозғалып, жиынға қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, сұрақтарға жауап берілді.

Елімізде медиаторлар желісін дамытып, медиацияны етене енгізу соттардың жүктемесін азайтып, халықтың да құқықтық мәдениеті мен қоғамдағы құқықтық сананың күшеюіне айтарлықтай ықпал еткені байқалады. Ата-бабамыздың ежелгі билік ету дәстүрі бүгінгі заман талабына сай екендігі дәлелденіп, қазіргі заманмен үндес ретінде тәжірибемізге қайта еніп отыр. Уақыт өте елімізде Медиация туралы заңның қабылдануы бұл жүйенің өміршең екендігін айғақтайды. Ата-бабамыздың даналығының арқасында қолданылған медиация дәстүрі бүгінде дауды шешіп, қоғамда тұрақтылық орнатып, өзге ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтушы күш, құқық қорғау саласындағы үздік тәжірибе ретінде бағаланып отыр. Ел ішіндегі дау мен жанжалды бейбіт жолмен, әділ, бітімгершілік жолымен шешіп, азаматтар арасындағы адами құндылықтарды сақтап қалудың бір жолы ретінде танылуда. Кезінде жер дауы мен жесір дауы, құн өндіру секілді бітіспес даудың жолын кесіп, тіпті, қызын беріп, бітімге келмес жандарды құда етіп тарқататын, бітімін кесіп айтатын, толғақты дүниені тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып тарқататын бабаларымыздың билік жасау өнері, туғаны жоқ тура билеріміздің дауды шешудегі озық жүйесінің бүгінде абыройы артып тұр.

Осы орайда айта кетер жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасында көрсетілгеніндей, Ассамблея қызметінің жаңа бағыттарының бірі елдегі медиация институттарын дамыту болып табылатыны алғашында көп мамандардың таңырқауын туғызды. Әрқашан ел бірлігін көксеп жүретін ұлттық этномәдени бірлестік өкілдері енді ел ішіндегі даулы мәселенің де оңтайлы шешімін табуға атсалысуы алғашында күмән тудырғанымен, уақыт өте мұның оңтайлы шешім болғанын аңғардық. Ассамблея бұл қызметті де ойдағыдай алып кетті.

Жалпы алғанда, негізінен, Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этникалық және діни ерекшелігіне қарамастан Конституцияда кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алатындай ерекше сенім, ынтымақ, өзара түсініктік ахуалы, тұрақтылық қалыптасқан. Оның ішінде өзге елдерде медиация негізінен халықаралық, этносаралық дау-жанжалдарды шешу кезінде қолданылғанын тарихшылар растайды. Ежелгі Вавилонда, Грекияда осындай мақсатта қолданылған медиацияның біздің елімізде Ассамблеяның бір жұмыс бағыты ретінде белгіленуі тегіннен-тегін емес. Сондықтан, біздің елімізде Ассамблеяның Достық үйлерінен ашылған медиация кабинеттері этносаралық келіспеушіліктердің де алдын алуда үздік тәжірибе болып отыр деп айта аламыз.

Қазіргі таңда бүкіләлемдік тәжірибеде медиация ірі бизнеске тән даулардан бастап, отбасылық дау-жанжалдарда, ажырасу барысында, ортақ мүліктерін бөлу кезінде, азаматтық істерде тиімді қолданылып жатыр. Медиация тәжірибесі бүкіл өркениетті әлемде кең таралған. Халықаралық статистикаға жүгінетін болсақ, әлем бойынша бүкіл келіспеушіліктердің 30-40 пайызы медиация арқылы шешіледі екен. Адами қағида бойынша тараптардың өзара бір-біріне кек сақтамауына, азаматтардың адамгершілік қасиеттерін арттыруға зор ықпалын тигізетін жүйе қазір әлем бойынша үлкен сұранысқа ие. Ұлтымыздың дәстүрінде бұрыннан бар билер институты қазақ қоғамына жат емес екенін уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Медиацияның қоғам үшін пайдалы екенінің бір дәлелі — тараптар қаржылық шығындарға ұшырамай, уақыттарын да үнемдеп, өзара достық қарым-қатынасты сақтап қалуымен ерекшеленеді. Негізінен бұл жерде тәжірибелі медиаторлардың да маңызы зор. Сондықтан, бүгінде елімізде тәжірибелі медиаторларды көбірек дайындауға күш салынуда. Ассамблея орталықтары да бүгінде медиаторларды дайындау ісіне ден қойған. Елімізде медиация әдісі қолданыла бастағалы бері талап қоюшыларға шамамен 1 миллиард теңге көлеміндегі бюджетке төленген мемлекеттік баж салығы қайтарылған. Бұл медиация рәсімінің тиімділігінің бір дәлелі. Бүгінде өз елдерінде Медиацияны қолдануды бізден бұрын енгізген елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, ол құқықтық дауларды шешу үшін әр түрлі уәкілетті органдардың қызметінде қолданылуы мүмкін. Сондықтан, біздің елімізде Ассамблея арқылы медиацияның қолданыс аясын кеңейту тың тәсіл деп айта аламыз. Бұл жерде медиацияны қолданудың оңтайлы үлгісін таңдау әр елдің өзіне байланысты деуге болады. Алайда, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы медиаторларының қызметі нәтижесінде өткен жылы бес мыңға жуық іс оңтайлы шешілсе, азаматтардың берген өтініштерінің ішінде  этносаралық келіспеушілік немесе қақтығысты жағдайлар тіркелмегенін айта кету керек. Еліміздегі қалыптасқан тұрақтылық тұрғысынан бұл үлкен жетістік екені сөзсіз.

Медиация процесінің уақыт пен қаржыға ғана емес, жеке және құпия болып табылуы да оның бір тиімді тұсы болып табылады. Әдетте, медиатор екі тарапты да қанағаттандыратын жолдарды іздейді. Нәтижесінде медиациядан соң шешімге риза емес тарап қалмайды. 2016 жылы кәсіби медиаторлардың араласуымен Ассамблея аясында 2 мың 300-ден аса іс қаралып, оның тең жартысы бітімге келген. Көбінесе азаматтық істерде  татуластыру рәсімдерін сәтті қолданып келе жатқан Ассамблея жанындағы медиация кабинеттері алдағы уақытта да талай істі тиімді шешеріне сенеміз. Бүгінгі таңда бір ғана Түркістан облысы аумағы бойынша Ассамблея жандарынан ашылған 100-ден астам медиация кабинеттері сәтті жұмыс істеуде. Ал, еліміз бойынша олардың саны жыл өткен сайын артып келеді.

Айта кетер жайт, медиацияның тиімділігін көріп отырсақ та, әзірге медиациядан асып барып, сотқа тірелетін істер қатары елімізде азаймай тұр. Мәселен, Малайзияда медиация арқылы, сотқа жетпей жатып, медиация арқылы шешім табатын істер 90 пайызды құраса, Англияның сот жүйесінде  істердің тең жартысы, яғни, 50 пайызы бітімгершілікке келіп, шешімін тауып жатады екен. Сондықтан, қоғамымызда кәсіби медиаторлардың санын арттырып, медиациялық кабинеттерді көбейтіп, Ассамблеяны жұмылдырып, медиация арқылы қаралатын істер санын көбейту басты мақсат болып отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер