Отбасында ананың орны айрықша. Әр ана мемлекет болашағының кепілі. Үйдегі тәрбие, дағдыны қалыптастыратын басты тұлға – әйел екені анық.
Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі отбасы мен өскелең ұрпақтың мәселесімен айналысып отырған ұйым. Бүгінде Аналар кеңесі барлық аймақтарда құрылған. Оның құрамына көпбалалы аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің, сондай-ақ психологиялық-медициналық мекемелердің өкілдері кірген. Ұлттық ұйым әйелдердің құқықтық сауатын ашуға, жетім балалардың проблемасын шешуге, отбасының бірлігін нығайтуға көңіл бөлген. Ұлттың қозғаушы күшіне айналаған аналар кеңесі қиын жағдайға тап болған әр отбасының жағдайын шешуге енді кәсіпкерлер мен іскер әйелерді де жұмылдыруда.
Осы ретте Бүгін Ақсукент ауылында орналасқан «Белсенді ұзақ өмір» орталығында «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы аудандық Аналар кеңесінің ІІ тоқсандағы отырысы өтті.
Кеңес отырысына Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы аудандық ақсақалдар кеңесінің алқа мүшесі, Сайрам ауданының құрметті азаматы Әлібек Байназар Ыбырайымұлы, кәсіби медиатор Даванова Сайера Мирзалиқызы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы Ермек Назгүл Қайратқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Аналар кеңесінің мүшелері, Сайрам ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Белсенді ұзақ өмір орталығы "Тең қоғам" бөлімшесінің меңгерушісі Усипбаева Индира Абдумажитқызы және орталықтың ұжымы қатысты.
Кездесуді Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-сі Сайрам аудандық филиалының басшысы Базарбай Мамадиярұлы ашып, жүргізіп отырды.
Кеңес отырысында Базарбай Мамадиярұлы: Ұлттық болмыс, оны дәріптеу отбасынан, ошақ қасынан басталады. Отбасы – тәрбиенің тамаша мектебі. Үлкенді сыйлауға, ана тілін ардақтауға, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиеленсек, ұшқанда да соны іліп, жүрген жерімізде сол құндылықтарды дәріптейміз. Расында, ұлттық дәстүр және отбасылық тәрбие – патриотизмнің бастауы екенін ұмытпайық. Баланы бесіктен тәрбиелеу – ұлттық ұғым кепілі - деп ойымен бөлісті.
Сайера Даванова өз сөзінде: Медиация, яғни, ара-ағайындық негізінен тұрғын үй, еңбек, отбасылық және көршілер арасындағы даулар мен кикілжіңдерді шешуде қолданылады. Медиация тек жеке құқықтық қатынастарға ғана қолданылады. Ол тараптардың бірі мемлекеттік орган болатын құқықтық жанжалдарға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қолданылмайды – деп медиация тәсілінің сотқа дейінгі және соттағы тиімділігі мен артықшылығы жөнінде айтып өтті.
Жарыссөзге шыққан Аналар кеңесінің мүшесі Шонтыкова Танимкүл Жайлауқызы өзінің жүрекжарды жазған «Аналарға басымды иемін» атты өлеңін шаттанып оқып берді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін қызықтыратын сұрақтарға тұшымды жауаптар алды.