Ұрпақ тәрбиесі - ұлт тәрбиесі

image.png

Жақында Түркістан қаласында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жиыны өтті. Жиынды Түркістан облысы Қазақстана Халқы Ассамблеясы  жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова ашып, жүргізіп отырды.

Алқалы басқосуға облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы қалалық, аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты.

Келелі жиында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева қоғамдағы аналардың рөлі мен жауапкершілігі және ұрпақ тәрбиесі туралы салиқалы сөз қозғады, сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан Халқы Ассамблеясы Кеңесінде және Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларының орындалу барысына тоқталды.

– Аналар кеңесінің негізгі мақсаты – қоғамдағы береке-бірлікті, келісімді нығайту. Сонымен қатар, отбасы институтын сақтауға ықпал ету, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Осы бағыттағы жұмыстарды Түркістан облысы Қазақ тан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Аналар кеңесі ары қарай жандандыра бермек, — деді Эльмира Ұласбекқызы.

Қазақ халқы қашан да бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Сол себепті, дана халқымыз «Атадан бала тусайшы, ата жолын қусайшы» деп, атадан балаға мұра болып келе жатқан жақсы қасиеттерді келер ұрпақтың бойына сіңіріп, ізгілікке тәрбиелеуге тырысқан. Санасына қарнының қамын емес, халықтың қамын ойлауды о бастан-ақ сіңіріп өсірген. Осы қасиеттердің барлығын бала бойына ерте кезден құя білген.

«Бала тәрбиесі–өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген екен Мағжан Жұмабаев. Қандай  тауып  айтылған даналы  сөз.Тәрбие – қашан да отбасынан басталады. Әр халықтың тәлім-тәрбиелік мұрасы - ұлттық мәдениетінің маңызды белгісі. Ұлт тәрбиесінің сезімдік әсері зор. Сондықтан халықта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген мақал бар. Қазақ табиғатында отбасы иелері ең әуелі өз ұлы мен қызының алдында тәрбиелі, өнегелі, көргенді, үлгілі  болуға тырысқан. Оның ең басты себебі, «ұлдың ұяты – әкеде, қыздың ұяты – шешеде» деп бағалағандықтан. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, «Беске келгенше балаңды хандай ұста, он беске дейін құлдай жұмса, он бестен кейін досыңдай көр» деп, баланың ой-өрісі даму кезеңін ерекше бағалаған.

Қазаққа тән игілік пен ұлттық сана дегеніміз ол – әдептілік, бауырмалдық, қонақжайлылық, еңбекқұмарлық, ұрлық, қиянат жасамау, үлкенді сыйлау, тағы сондай сияқты.  Ата-ана және отбасы мүшелері жас нәресте дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бұған баланың қажеттігін толық қанағаттандыру, оны дене және ой еңбегіне үйрету, күн тәртібін дұрыс реттеуге, салауатты өмір сүруге, адал болуға тәрбиелеу, жақсылықты үйретуге, жамандықтан жиренуге үйрету, бойында жастайынан мәдени құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жатады. Отбасындағы ата-ана – баланың өмірлік ұстазы және тәрбиешісі. Баланың болашағы, білімі, мәдениеті отбасындағы ата-ананың сіңірген еңбегіне, тәлім-тәрбиесіне байланысты.

Жиында белгілі болғандай, қазіргі таңда Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанында түрлі деңгейдегі 204 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Өңірдегі Аналар кеңесі 1200-ден аса белсенді ананың басын қосып отыр. Кеңес құрамында өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген белгілі педагогтар, дәрігерлер, этномәдени бірлестіктер өкілдері, зейнеткерлер, ҮЕҰ мен БАҚ өкілдері, жеке кәсіпкерлер, үй шаруасындағы, мәдениет саласындағы, сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік қызметкерлер бар. Жалпы өткен жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы облыс, аудан қалалардағы Аналар кеңесінің ұйытқы болуымен 47 іс-шара өткізілген.

Күн тәртібіне сәйкес, жиында облыстағы бала құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуы бойынша жергілікті атқарушы органдармен және өзге де ұйымдармен өзара әрекеттері туралы, сондай-ақ «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының облыста іске асырылуы, ана мен бала денсаулығын сақтау мәселелері талқыланды. Бұл орайда, Түркістан облысы бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі, облыстық мәслихат депутаты Динара Егембердиева, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Салтанат Жабағиева мазмұнды баяндама жасады.

Ана мен баланы қорғау кез келген мемлекеттің ішкі саясатының басым бағыты ретінде қарастырылады. Сонымен қоса ана мен баланы қорғау – мемлекеттердің халықаралық ынтымақтастығының да өзекті саласы. Мемлекеттік саясаттың осы бағытының мән-маңызы және осы мәселеге халықаралық қауымдастықтың ерекше назары халықтың репродуктивті деңгейі, мемлекеттің еңбек, зияткерлік әлеуеті, жас ұрпақтың физикалық, рухани және адамгершілік дамуы, әйелдер мен балалардың денсаулығы, әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты екендігін көрсетеді.

Ана мен баланы қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімділігі құқықтық база мен іске асыру механизмдеріне келіп тіреледі. Бүгінгі таңда осы саланы тиімді реттеуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық база қалыптасқан. Тарихқа шегініс жасайтын болсақ, ана мен баланы қорғау саласындағы құқықтық база БҰҰ құрылғанға дейін де қалыптаса бастады. Ал, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуымен бұл мәселеге айтарлықтай кең, жаһандық мән берілді. 1948 жылғы қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында «Ана мен бала ерекше қамқорлық пен көмек алуға құқылы» делінген. Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясы 1952 жылы ананы қорғау туралы Конвенцияны қабылдады. Ал 1959 жылы Бала құқықтары жөніндегі арнайы декларация қабылданды.

Ана мен бала құқығын қорғау – Қазақстан үшін қашанда аса маңызды басымдықтардың бірі болып табылады. Себебі, мемлекеттің ең басты қазынасы – адам екендігі Қонституцияда анық жазылған.  Сонымен қатар,  бұл тұрғыда  мемлекет басшыларының жыл сайынғы Халыққа арнаған жолдауларында ана мен бала мәселесі назардан тыс қалған емес. 

Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып, ойларын ортаға салды.

Жиынды қорытындылаған «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар ұлттық дәстүрді негізге ала отырып жүйелі жалғаса беретіндігін жеткізді.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер