Мақтаарал ауданында этностар көп шоғырланған Еңбекші ауылдық округінде этносаралық кикілжіңдердің алдын алу, бірлік пен ұлтаралық татулықты насихаттау, ауыл тұрғындарының мұқтаж мәселелерін тыңдау мақсатында кездесу өткізілді. Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Бабашев, «Қоғамдық келісім» КММ Мақтаарал аудандық филиалының басшысы А.Жолдасов, ауыл округ әкімі, ауыл билері мен тұрғындары қатысты.
Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.
Елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!
Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Мемлекет басшысының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады.
Сонау аласапыран жылдары елімізге мыңдаған саяси тұтқындар келіп, қоныстанды. Бүгінде қазақ жерін мекен етіп отырған ұлттардың қай-қайсысы да кезінде елімізге жетіскеннен келмеген. Оларды сол кездегі саясат еркіне қарамай қоныс аудартты. Алайда, жарты бидайды бөліп жеген қонақжай қазақ халқының кең пейілінің арқасында олар естерін жинап, етектерін жапқан. Мұны сол кезде елімізге табан тіреген, көз көрген көнекөздердің барлығы да ашық айтады, алғысын жаудырып отырады. Қиыр Шығыс, Күнгей Кавказ, Солтүстік Кавказ, Қырым, Еділ арнасынан және өзге де елдерден жаппай жер аударулардың арқасында елімізге келген өзге ұлт өкілдері бүгінде өсіп, өніп отыр. Тіпті олардың бүгінгі ұрпақтары қазақ тілінде ана тіліндей сайрайды. Қазақстанның кең-байтақ жерін игеру, тың және тыңайған жерлерге түрен салуға қатысты ұрандатқан жылдары мыңдаған жастар Қазақстанда өз жаңа Отандарын тапты. Қандай мақсатта болмасын, елімізге табаны тиген өзге ұлт өкілдерін халқымыз ерекше жылылықпен және кең пейіл мінезімен қарсы алғандарын еске сала кету қажет.Мұны олардың өздері де сан қайтара айтып жүр.
Сан түрлі ұлттың әртүрлі сенімде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, ел бірлігіне қоса діни көзқараста да тұтастық қажет екенін мемлекет басшысы түсініп, бұл мәселені де қолға алды. Осы орайда соңғы жылдары еліміз дін саласында біршама мәселелерді шешіп, діни жаңғыруды бастан өткізіп жатқанын айта кету керек. Шын мәнінде, солақай саясаттың кесірінен бір кездері атеистік көзқарасқа ие болған еліміздің елеулі бөлігі дінге сенушілердің қатарына өте бастады. Уақыт өте «Ұлтаралық және дінаралық келісімнің Қазақстандық моделін жаңғырту жөніндегі 2006-2008-жылдарға арналған бағдарлама» қабылданып, ол табысты жүзеге асырылды. Күрмеуі түйінделген талай мәселені осы бағдарлама айқындап берді. Ал, 2011 жылы елімізде Дін істері агенттігі құрылды. Өмірге жаңадан келген агенттік осы саладағы түйткілдердің шешілуіне мұрындық болды. Және сол жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды, жаңа заңның талабына сәйкес діни ұйымдарды қайта тіркеу жүзеге асты. Бұл елімізде сол жылдары қаптап кеткен түрлі діни бірлестіктерді сүзгіден өткізіп, олардың жауапкершілігін көтерді. Аталмыш Заңды қабылдар алдында елімізде 50-ге жуық конфессия мен деноминацияларды білдіретін 4500-ден астам діни қауымдастық бар болатын. Қайта тіркеу нәтижесінде он жеті конфессияны білдіретін 3100-ден аса діни бірлестіктер қалғаны белгілі болып отыр. Бұл да болса дер кезінде ушыққан мәселені қолға алып, шешілуіне түрткі болған жайт. Өйткені, осынау статистикаға қарап-ақ заңның қоғам жауапкершілігін қалай көтергенін байқаймыз. Шын мәнінде бір республиканың астында он жеті конфессияны насихаттайтын үш мыңнан астам діни бірлестік пен жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілін тату-тәтті ұстап тұру үлкен күш-жігерді қажет етері сөзсіз. Алайда, елімізде тиімді жүргізілген саясаттың арқасында бұл мүмкін бола алып отыр.
Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі ауызбіршіліктің маңызы зор екенін түсінеміз. Кезінде талай сарапшылардың елімізді «көп ұзамай-ақ өзара түсініспей, мемлекетті құлатып тынады» деп, «ұлттар лабораториясы» атандырып, ертеңімізге күмәнді болжам айтқанымен, ел бола алатынымызды дәлелдедік. Тіпті, бүгінгі күні еліміздің өз бірлігін сақтап қана қоймай, әлем халқына тұрақтылықты, бейбітшілікті насихаттап, бірнеше жыл қатарынан саяси маңызды халықаралық жиындар өткізуге мұрындық болып, діндер мен ұлттар арасында түсіністіктің қалыптасуына ықпал еткен бірегей тәжірибелі, елге айналуымыз талай елдің ерекше қызығушылығын тудырып отыр.
Әрқашан ел ішінде ғана емес, әлемде бейбітшілікті, ауызбіршілікті қолдаған елдің ертеңі жарқын болары сөзсіз. Этносаралық мәселелерді әрқашан әділетті түрде шешіп, еліміздегі барша ұлт пен ұлыстың көңілін табу арқылы, ел егемендігін сақтап, еліміздің дамуына тиімді жағдай жасай алдық. Бүгінгі күні бұл ұстанымымыздың дұрыс болғанын көріп отырмыз. Ең бастысы да — осы!