Тату елге қашанда тақсырет жуымайды. Демек еліміздегі сан ұлттың ынтымағын сақтау, бірлігін бекемдей түсу – басты міндет.
Тағдырдың маңдайға жазғаны сол — ата-бабалардан мұраға қалған қазақтың ұлан-ғайыр даласы түрлі замандарда жер ауып келген сан түрлі ұлттар мен ұлыстарға пана болды. Алыстан кім келсе де құшағын жайып қарсы алатын қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлылығы да бұған өзінің ықпалын тигізбей қойған жоқ. Сан тараптан соққы жеп, бас сауғалағандары бар, күшпен жер аударылып, айдалғандары бар, түрлі халықтар қазақ жеріне табандары тигенде ғана жан шақырып, естерін жиды.
Бүгінде олар басқа елді отаным деп санамайды, іргелерін бекітіп, осында тамыр жайған қай ұлттың өкілінен сұрасаңыз да, олардың тарихи отандары біреу, ол — Қазақстан.
Осы орайда Мақтаарал ауданында этностар көп шоғырланған Достық ауылдық округінде этносаралық кикілжіңдердің алдын алу, бірлік пен ұлтаралық татулықты насихаттау, ауыл тұрғындарының мұқтаж мәселелерін тыңдау мақсатында кездесу өткізілді. Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Бабашев, «Қоғамдық келісім» КММ Мақтаарал аудандық филиалының басшысы А.Жолдасов, ауыл округ әкімі, ауыл билері мен тұрғындары қатысты.
Этносаралық татулыққа бірден қол жеткізу оңай болмады. Ел тарихы – көптеген аумалы-төкпелі оқиғалардың куәгері. Халықтың өмірі, оның тілі мен діні жойылудың аз-ақ алдында тұрған да кездер болған. Қазақ халқы аса ауыр сынақтан өтіп, тәуелсіздігін алды, мемлекетін құрды. Біз секілді мың өліп, мың тірілген ұлттар қарап отырсақ саусақпен санарлық. Сондықтан Қазақстан халқы елдіктің іргетасын нығайтатын бірлік пен татулық құндылықтарына айрықша мән беріп, қастер тұтып келеді. Демек Түркістан облысында да этносаралық татулықты ұлықтай отырып, конфессияаралық келісімді нығайта түсіп, жаңғыру жолынан да жаңылмай, Жаңа Қазақстанды қалыптастыру үдерісі өз жалғасын таба беретін болса, шығар белесіміз де аз болмайды.