Иіржар тұрғындарымен кездесу өтті

image.png

Ата-бабадан мұраға қалған қазақтың ұлан-ғайыр даласы түрлі замандарда жер ауып келген ұлт пен ұлысқа пана болды. Алыстан кім келсе де құшағын жайып қарсы алатын қазақтың кеңпейілдігі мен қонақжайлылығы да бұған өзінің ықпалын тигізбей қойған жоқ. Сан тараптан соққы жеп, бас сауғалағандары бар, күшпен жер аударылып, айдалғандары бар, түрлі халықтар қазақ жеріне табандары тигенде ғана жан шақырып, естерін жиды. Бүгінде іргелерін бекітіп, осында тамыр жайған қай ұлттың өкілінен сұрасаңыз да, олардың тарихи отандары біреу, ол - Қазақ елі.

Бүгінде Түркістан облысында да елуде астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осы ретте жақында Мақтаарал ауданындағы этностар көп шоғырланған Иіржар ауылдық округінде этносаралық кикілжіңдердің алдын алу, бірлік пен ұлтаралық татулықты насихаттау, ауыл тұрғындарының мұқтаж мәселелерін тыңдау мақсатында кездесу өткізілді. Кездесуге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Бабашев, «Қоғамдық келісім» КММ Мақтаарал аудандық филиалының басшысы А.Жолдасов, ауыл округ әкімі, ауыл билері мен тұрғындары қатысты.

Қазақстандағы ұлтаралық және дінаралық татулықты нығайту ісінде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылып, бүгінде конституциялық мәртебеге ие болып, елдің ішкі саясатында үлкен рөл атқарып отырған Қазақстан Халқы Ассамблеясы екені даусыз. Н.Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ елдің ұлттық саясатының басты қағидаларын айқындап алды. Бұл қағидалар ұлттар арасындағы түсіністіктің кілтін табу, қоғамдық тұрақтылықты, ұлттық мәселелерді әділ шешудің негізі етіп алу, барша халықты ортақ құндылық - елдің тәуелсіздігін нығайту жолында біріктіру секілді мәселелерге жүгінді. Қазірде 130-дан астам ұлт пен 46 діннің өкілдері «Қазақстан – ортақ Отанымыз, ортақ үйіміз» деген құндылықтың төңірегіне топтаса білді.

Қазақстан 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдуммен қабылданған Ата Заңның өзі «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы...» деп басталуының да өзіндік сыры бар. Ата Заңымыз бойынша ешбір ұлттың, діннің өкілі өзін бұл мемлекетте екінші сорттағы адам сезінбеуіне толық жағдай жасалған. Оған Қазақстан Конституциясының 14-бабында «тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе өзге де жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылуы толық негіз болды. Сондай-ақ Ата Заңымыздың 39-ба-бында «ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады» деп, татулық мәселесінің маңыздылығы тағы да айшықтай көрсетілді. Осының арқасында елімізде барлық ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті жалпы ұлттық байлық ретінде қарастырылды.

Күллі ұлт өкілдеріне Конституция арқылы өздерінің этномәдени байлықтарын сақтап, дамытуға мүмкіндіктер берілді. Сөйтіп «қырық пышақ болып, іргесі қақырай сөгіледі» деген талай сәуегейлердің көмекейлеріне құм құйылды. Қазақстан заманауи әлемнің ең қауіпті құбылыстарының бірі – ұлтаралық қақтығыстарды болдырмаудың тиімді тетігін тапты.

Бүгінде ауданда бірнеше ұлттың өкілдері тату-тәтті, қоян-қолтық тіршілік кешіп, еңбек етуде. Бұл мемлекеттің түпкі иесі – қазақ халқының қанында бар кеңпейілдігі мен сабырлы, салиқалығы арқасында деп түсінуіміз керек. Осының нәтижесінде тәуелсіз Қазақ елі қоғамдық жаңғырудың жаңа белесіне кәрі-жас, орыс-қазақ немесе басқа ұлт деп бөлінбей, ортақ үйіміз Қазақстанды жаңғыртудың келелі де кешенді шараларына барлығы бірлесе үн қосып, болашаққа бірге аяқ басып барады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер