Қазақ пен өзбек халқын ортақ тарихи тамырластықпен қатар, мәдени-рухани құндылықтардың, тіліміз бен салт-дәстүрлеріміздің ұқсастығы біріктіреді. Ал қазақстандық өзбектер – Қазақстан халқының ажырамас бөлігі, еліміздің тең құқықты азаматтары.
Ауылы аралас, қойы қоралас екі бауырлас халықтың тарихи тамырластығы және тілдері мен мәдениеттерінің жақындығы – елдегі тұрақтылықты сақтау мен біртұтас азаматтық бірегейлікті қалыптастырудың маңызды факторы.
Қазақстандық өзбектер Өзбек этномәдени орталықтарының «Дустлик» қауымдастығына біріктірілгенін атап өткен жөн. Ол Қазақстанның облыстары мен қалаларының этномәдени орталықтарын біріктіреді. Елдегі өзбек этномәдени бірлестіктерінің саны 35-ке жетті.
Өзбек тіліндегі мектептер саны - 136, оның ішінде 17 - толық, 119 - аралас мектептер бар. Түркістан облысының кәсіптік лицейлері мен колледждерінде өзбек тілінде оқытатын топтар жұмыс істейді. Түркістан педагогикалық колледжінде бастауыш сынып мұғалімдері өзбек тілінде оқытатын мектептер үшін дайындықтан өтеді.
Өзбек тілінде 10-нан астам газет-журналдар шығарылады, 10-нан астам әдеби-шығармашылық бірлестіктер сәтті жұмыс істейді. Екі өзбек театры бар, Сайрам қаласында (Түркістан облысы) облыстық өзбек драма театры және Түркістандағы Қарашық ауылында өзбек халық театры жұмыс істейді. Әр өзбек орталығында жексенбілік мектептер бар, вокалды-хореографиялық ансамбльдер құрылды.
«Дустлик» қауымдастығы өзбек этносының өкілдерін қазақстандық қоғамға біріктірудегі, оларды Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту процесіне тарту жөніндегі миссияны жоғары деңгейде орындап келеді, Қазақстанның көпэтносты халқының құрылымында өзбек этносының айрықша орнын қамтамасыз етеді.
Қазақстандағы қоғамдық ұйымдардың арасында халықтың ішкі татулығына, өзара сенім мен сыйластығының тереңдеуіне, этносаралық тұрақтылықтың нығаюына қызмет ететін ең басты құрал – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблеяның түрлі этностардан сайланған белсенділері жалаң насихатпен емес, шын жүректен Қазақстанның – өздері мен ата-бабаларына, әке-шешелеріне жайлы қоныс болғандығын, ал қазақ халқының оларды қалай жылы қарсы алғандарын жиі айтып жатады. БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы болып қызмет атқарған Пан Ги Мун былай деген еді: «Қазақстан халқы Ассамблеясының принциптері Біріккен Ұлттар Ұйымының ұстанымдарымен үндесіп жатыр. Достық – бейбітшіліктің, өркендеу мен қауіпсіздіктің іргетасы болып табылады. Ол – құрмет, толеранттылық және төзімділік құндылықтарынан бастау алады».
Түркістан облысындағы өзбек ұлты өкілдерінің экономика мен кәсіпкерлік саласындағы қызметі мол.
Олар өндірісте, ғылымда, спортта үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Қоғамдық, мемлекеттік қызмет, кәсіпкерлік саласында ел билігі мен халық құрметіне бөленген азаматтар да баршылық. Кезінде Розақұл Халмұрадов, Фахриддин Қаратаев сынды азаматтар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары болып сайланып, еліміздің ең жоғарғы заң шығарушы органында жақсы қызмет етті.
Ал, Икрамжан Хашимжанов – «Дустлик» Қазақстан өзбектері қоғамдық бірлестіктері қауымдастығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде, NIK корпорациясының президенті Бадритдин Нишанқұлов – Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы-«Дустлик» Қазақстан өзбектерінің қоғамдық бірлестіктері қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігі төрағасының орынбасары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі ретінде, CordialGroup бас директоры Абдулла Исматуллаев – Алматыдағы өзбек этно-мәдени орталығының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде әлі күнге белсенді қызмет етіп келеді.
Жалпы, мұндай ұйым көп елдерде жоқ, ол Қазақстандағы ұлтаралық татулық, ынтымақты сақтау мен дамытуда өзіндік ерекше институт екені жайында көптен бері айтылып келеді. Бұл – құрғақ сөз емес, нақты да әділ баға. Келешекте де осындай игі істерді атқара беретініне күмән жоқ! Оның үстіне екі бауырлас әрі көрші ел – Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекетаралық, әдеби-мәдени, іскерлік қарым-қатынастардың нығаюына, сауда-саттық пен тауар айналымының ұлғаюына нәтижелі ықпал ететіндігі де анық. Сайып келгенде мұның бәрі екі ел халықтарының игілігіне қызмет етеді.
Сондықтан да бұл ұйымның жұмысына Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен маңыз беріп отыр және алдағы кезде де солай болады деп ойлаймыз.