Кентау қалалық «Мансап» орталығында қала тұрғындарымен этносаралық татулықты насихаттау, халық бірлігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатты және достық, ынтымақтастықты нығайту бойынша кездесу өтті. Жиында мамандар этносаралық татулықты нығайтудың жолдарын қарастырды.
«Қазақстан – унитарлы мемлекет. Дегенмен мемлекетқұраушы қазақ ұлтынан бөлек этностар да өмір сүреді. Біз мультимәдениетті ортаны қалыптастыруымыз қажет. Адамдар бір-бірімен санасып, тату-тәтті тұруы тиіс. Тату ел ғана қарыштап дами алады. Ал енді ішінде ымырасы жоқ, татулығы жоқ елдің болашағы да жоқ. Түркістандағы жиында осы мәселені арнайы талқылайын деп отырмыз. Әрине елде этносаралық оқиғалар болды. Бұл кикілжіңдер әлеуметтік мәселелерден, уақытында шешілмеген түйткілдер мен әділетсіз шешімдердің салдарынан туындайды. Сондықтан осы салаға жауапты мамандар, басшылар әрбір мәселені бақылап, уақытында әрекет етулері керек. Арнайы алгоритм мен жұмыс жоспары, жауапкершілік болғаны жөн»,- дейді ұйымдастырушылар.
Қазіргі таңда Қазақстан – бейбітшілік пен келісімі сақталған, түрлі этностар өзара ынтымақтастықта өмір сүріп жатқан біртұтас ел. Республикамыз – жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүретін полиэтникалық мемлекет. Қазақстан Республикасында этносаяси мәселелер мемлекеттік ұлттық саясаттың өзегіне айналып отыр. Еліміздің Конституциясында «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, діни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды» деп жазылған. Ол мемлекетті қалыптастырушы қазақ ұлтына этносаралық келісім мен ынтымақтастықты сақтауға, өзге этностар құқықтарының шектелмеуіне деген жауапкершілікті жүктейді. Елімізде ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделген. Ұзақ уақыт бойы халықтар арасындағы өзара қатынастардың ерекше дәстүрі қалыптасып, кеңінен насихатталып келеді. Этносаралық келісім мен бейбітшілік аясында әлемде баламасы жоқ қазақстандық үлгі қалыптасып, қарқынды даму үстінде. Қазақстанның Түркі мемлекеттері, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ аясындағы іргелес елдермен достық қарым-қатынас қалыптастыруы – осыған дәлел болып табылады.
Қазіргі таңда елімізде бірлігі мен ынтымағы жарасқан, мақсаты мен мүддесі ортақ 130-дан астам ұлт пен 18 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Кентау қаласында және қалаға қарасты ауылдарда ел бірлігін сақтау, ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында құқық қорғау органдарымен келісілген, қала әкімімен бекітілген кестеге сәйкес құрылған жұмыс тобы жергілікті тұрғындармен кездесулер тұрақты өткізіліп келеді. Тұрғындарға ырысты ынтымақ пен берекелі бірлік – ең басты құндылық екендігі түсіндірілуде.