«Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының ұйымдастыруымен, филиал жанындағы кәсіби емес медиатор О.Егембердиев, жергілікті тұрғындардың даулы мәселелерін сотқа жеткізбей медиация тәртібімен қарау туралы жұмыстары бойынша жеке қабылдауын өткізді.
Медиатор өз сөзінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы 2010 жылдан бастап медиация институтын даулар мен жанжалдарды шешудің қоғамдық-құқықтық құралы ретінде дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Медиация институтының қызметі азаматтардың даулы және жанжалды жағдайларды шешу барысында ымыраға келуге дайындығын көрсететін, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды маркерлерінің бірі болып табылады. О.Егембердиев даулар мен жанжалдарды шешу, азаматтарға кеңес беру бойынша медиаторлармен үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Ел Президенті біздің жағдайда этномедиация үшін кәсіби келіссөз жүргізушілердің форматы неғұрлым тиімді болып табылатынын және Ассамблея осы бағыттағы негізгі орган болуы тиіс екенін атап өтті.
«Соңғы жылдары ел аумағында медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның іргесі заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Түркістан облысында Ассамблея жанынан медиация кабинеті ашылып, медиация кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Облысымыздың қала мен аудан аумағындағы кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлардың ықпалымен дау-дамайларға нүкте қойылып, тараптар өзара келісімге келуде. Жалпы қазақ халқы береке бірлікке жақын, қақтығыспен шаруасы жоқ ел ғой. Сондықтан бітімгершілік бұрыннан қазақ халқының салтында бар дәстүр болып отыр. Бүгінде осы әдемі дәстүрді басқа ұлттарға да түсіндіру арқылы, бітімге келудің маңызы зор екенін бір шаңырақ астындағы барша ұлтқа ұқтырып отырмыз»,- деді өз сөзінде медиатор.
Бүгінде елімізде Қазақстан Халқы Ассамблеясы аясында 2 мыңға жуық қоғамдық медиатор, 100-ден астам кәсіби медиатор жұмыс істейді. Өңірлерде 17 медиация кабинеті ашылды және 300-ден астам медиация алаңы жұмыс істейді (соттарда, «Аманат» партиясының филиалдарында татуласу кабинеттері). Кәсіби емес медиаторларды оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам медиатор мен қызығушылық танытқан этномәдени бірлестіктер өкілдері түрлі курстар мен семинарларда тегін оқытылған.
Медиация жүйесінің тынысы кеңіп, көбірек қолданысқа енуіне, жан жақты жетілуінде еліміздің Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор. Еліміздің түкпір түкпіріндегі Ассамблеяның Достық үйлерінен ашылған медиация кабинеттері арқылы ел ішінің береке бірлігін сақтауға қолданып, медиация жүйесін әртүрлі жағдайларда қолдану арқылы медиация институтын қалыптастыра білді. Медиацияны кеңінен қолданысқа енгізіп қоймай, оны жетілдіру жұмыстарынан да Ассамблеяның рөлі байқалуда. Медиацияның әсіресе ұлттар арасын жарастырудағы маңызы зор болып отыр. О баста қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында құрылған қоғамдық институт өзінің мақсатын толығымен орындап келе жатқанына куә болып отырмыз. Оның барлығы ең алдымен Ассамблеяның ұстанымы мен медиация секілді жүйелермен дұрыс жұмыс істеуінің арқасы болса керек.
Атап өтер жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясы ел ішіндегі ауызбірлікті қашырар кейбір мәселелерде де үнсіз қалмай өз көзқарастарын білдіріп отырады.
Іс – шарада жергілікті тұрғындардың даулы мәселелерін сотқа жеткізбей қарау туралы мәліметтер беріліп, осындай тәлімдік шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатындығы айтылды.
Еске сала кетсек, бүгінде Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті жұмыс істейді. Оларда 17 кәсіби, 39 кәсіби емес медиатор азаматтарға құқықтық көмектер, даулы мәселерді сотқа дейінгі шешу жұмыстарымен айналысады.