Туған елге, жерге оның топырағына деген сүйіспеншілік − әрбір жан үшін аса киелі ұғым, ыстық сезім. Туған ел кіндік қанымыз тамған туып-өскен жеріміз, отбасымыз, ата-анамыз, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, кең-байтақ атамекеніміз. Міне, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни әрі азаматтық борышы.
Әркімнің өсіп-өнетін жері – оның туған елі. Адам туған жерін қастерлеп, қадіріне жете білуі тиіс. «Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» деген халық нақылында. Ендеше туған жері мен елін құрметтеу, оның даңқын асыру әрбір азаматтың міндеті.
Ал елді, жерді сүю тазалықтан басталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған «Таза Қазақстан» Республикалық акцияға ел аумағын абаттандыруды белсенді бастаған Түркістан облысы тұрғындарымен бірге ассамблея мүшелері де ерекше қолдау көрсетуде.
Қоршаған ортаның тазалығына бірауыздан атсалысуға бағытталған экологиялық акциясының аясында облыстағы этнос өкілдері мен жастары ұдайы тазалық жұмыстарын жүргізуде. Айтуыларынша Отанға деген патриотизм тазалықтан басталуы тиіс.
Түлкібас ауданы, Қожамберді ауылында «Таза Қазақстан» экологиялық акция аясында тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмысына Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, мекеме қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері мен елді мекен тұрғындары тазалық жұмыстарына атсалысып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға белсене қатысты. Тазалық жұмыстары барысында көше бойындағы шөптер орылып, күл-қоқыстар шығарылды. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Рысқұлов ауылдық округі, Азаттық ауылы орталық Навои көшесінде арық су ағызу үшін этномәдени бірлестіктердің өкілдері және тұрғындармен бірлесе арық қазып тазалау жұмыстары да жүргізілгенін айта кетейік.
Сонымен қатар елімізде ауылды көркейту, көгалдандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында "Таза Қазақстан" акциясы аясында Келес ауданы, Абай ауылында ауданның этнос жастары мен еріктілері тазалық жұмыстарын жүргізді.
Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Келес аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасының орынбасары П.Тленов шара барысында тазалықтың қаншалықты маңызды екенін атап өтіп, ел тұрғындарын акцияға қатысуға шақырды.
Сондай-ақ Кентау қалалық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Қанай Әбділдә Рахматуллаұлы да қала тұрғындарын "Таза Қазақстан" акциясына белсенді қатысуға шақырып, қоршаған ортаны, өз үімізді, жерімізді, көшемізді таза ұстау арқылы отансүйгіштік сезімді жоғарылата түсетінімізді тілге тиек етті.