Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны Сауран ауданында тұрақты жүргізіліп келеді. Бүгін осы шара аясында ауданда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының алғашқы маусымы басталды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев, аудандық мәслихат депутаты Абдурашид Жүсіпов, ауданның бас имамы Бауыржан Акауов, Оранғай ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бақтияр Бекназаров сөз сөйлеп, «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының алғашқы маусымының ашылуымен құттықтап, жастарға ауданның гүлденуіне, көркейуіне, тазалығына үлес қосуға шақырды.
Бүгінгі таңда жастар - халықтың үлкен әлеуметтік тобы. Қазақстан қоғамының болашағын анықтайтын негізгі факторлардың бірі. Ауданда алғаш рет жүзеге асырылып жатқан «Жасыл ел» бағдарламасы Қазақстан азаматтарын қоршаған ортаны бағалауға, олардың дүниетанымын, мәдениетін дамытуға және табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырады. Мұндағы мақсат – жастардың жазғы демалыста бос жатпай, еңбек етіп, жалақы табу ғана емес, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбие алуы да маңызды қадам болып табылады.
Аталған бағдарлама аясында жалпы 90 жасты қамту көзделген. Ай сайын 45 жастан 2 маусымға бөлініп, жұмыс жүргізіледі. Жұмыс барысында жастар бағдарламаға арналған арнайы киімдер (футболка, бейсболка, қолғап) және құрал жабдықтармен қамтылады. Одан бөлек, жазғы демалыс уақытында Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жасыл ел» жасағының жастарына оқыту шаралары, кездесулер, мәдени және спорттық шаралар ұйымдастырылатын болады.