Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының ұйымдастыруымен Келес аудандық Ақсақалдар кеңесінің жылдық жұмыс жоспарына сәйкес, «Аудандағы діни ахуал», Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы тақырыптарында отырыс өтті.
Аталған жиынға Келес ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас мамандары, Абай ауылы әкімінің орынбасары Өмірбаев Нұрлан, Біртілек ауылдық округінің әкімі Нұрымбетов Бахтияр, Абай ауылының имамдары мен билер кеңесінің төрағалары, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы мен белсенді мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары және «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының басшысы мен мамандары қатысты.
Жиын барысында жоғарыда аталған тақырыптарға сәйкес сұрақ-жауаптарға кезектер беріліп, жиналғандар тиісті деңгейде ұсыныс пікірлерін ортаға салды.
Қазақстан Республикасы 30 жыл бойы тиімді мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету арқылы дін саласындағы салмақты саясатты сенімді іске асырып келеді. Қазақстанда Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дінаралық бейбітшілік пен келісімді қалыптастыру және қолдау жөніндегі белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттің өзіндік бірегей моделі құрылды. Дін мәселелері қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды да күрделі болып табылады. Дін қоғам өмірінің барлық жақтарына әсер етіп, қоғамдық дамуға зор ықпал етеді. Сондықтан дін жайлы дұрыс көзқарасты, түсінікті қалыптастыру зайырлы діни білім берудің басты мақсаттарының бірі болып табылады.
Әрине, қоғам болған соң, сол қоғамдағы адамдар ұстанатын белгілі бір діннің болуы табиғи құбылыс. Сондықтан, адамдар өздерінің қарым-қатынастарын сол діннің қағидаларына негіздейді. Тарихта дінді ұстанбайтын адам болғанымен, діннен тыс қалған қоғамның болмағандығы ақиқат. Олай болса, ең маңызды мәселе қоғамды діннен ажырату емес, керісінше дінді қоғамда дұрыс қалыптастыру, адамдарға дұрыс мәліметтер беру, днді ешқандай бір күштің немесе саясаттың құралына айналдырмай, таза қалпында, халықтың рухани құндылықтарына сай етіп жеткізу әр қоғамның мәдени рухани міндетіне жатады және әрбір саналы азаматтың парызы болып табылмақ.
ҚР Конституциясының 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» делінген. «Зайырлылық» ұғымы конституциялық негізде мемлекеттің барлық саласында, соның ішінде дін саласында да ашық саясатты ұстанатынын, азаматтардың ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететінін, дін мен мемлекеттік саясатты араластырмайтынын білдіреді. Яғни, зайырлылық – діндарлық немесе діннен бас тарту емес.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы айтпақшы, зайырлы және төзімді, толерантты болу дегеніміз бәріне көз жұма қарап, жайбарақат отыру деген сөз емес. Радикалды ағымдар мен діни сепаратизмге ортамызда орын жоқ. Зайырлы болудың басты мәні – халық, ұлт арасындағы бейбітшілік, теңдікті қалыптастыру. Зайырлы қоғам сенімдердің санына қарамастан, бірлікте өмір сүруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл бүгінгі күннің қажеттілігі болып табылады. Мемлекет пен діннің арақатынасындағы тірі байланыстар зайырлы және рухани құндылықтардың арақатынас негізінде орнатылады деді пікір білдірген мамандар.
Жыин соңында қатысушылар аудан тұрғындарын бірауыздан «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысуға, айналамызды таза ұстауға, гүлдендіруге, көркейтуге, экологиялық мәдениетті арттыруға ат салысуға шақырды.