Бүгін алдыңғы ағалар салған сара жолымен ауыл тұрғындарының бастамасымен бірлікте, ынтымақта болайық, деген мақсатпен «Ырыс алды-ынтымақ» тақырыбы аясында «Жілік ұстасу» дәстүрі өткізілді.
«Жілік ұстасу» дәстүрі қазақтар арасында бауыр, дос болайық арамызды ешқандай ала жіп үзбесін деген мағынада жасалынады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жоспары аясында “Қазақстан бірлік пен татулықтың мекені” атты кездесу Сарыағаш ауданы, Жібек жолы елді мекенінде өтті. Аталған шара барысында Жібек жолы ауылындағы қазақ, азербайжан, өзбек өкілдері жілік ұстасып, дос-бауыр болып, ауыл жастарын татулыққа, ынтымаққа шақырды.
Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Алтаев, Қоғамдық даму басқармасының басшысы Е.Күзембаев, ҰҚКД бастығының орынбасары Ж.Орынбаев, аудан әкімі А.Абдуллаев, аудандық ҰҚК-нің бастығы А.Қанатбаев, аудан прокуроры М.Мошқалов, облыстық мәслихат депутаттары А.Салимов, Қ.Салыбек, Ж. Абдибаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Сулейменов, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Е.Исахов, ауданның бас имамы Т.Төлебек және арнайы шақырылған қонақтар аралас жекпе-жектен әлем чемпионы А.Оспанов, бокстан әлем чемпионы Б.Жақыпов, аралас жекпе-жектен әлем чемпионы Е.Есжанов және азербайжан, өзбек этностарының өкілдері мен Жібек жолы ауылының жастары қатысты.
«Қазақстан — біздің қасиетті мекеніміз. Қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударып, осынау қасиетті мекенде өмір сүріп, өркен жайды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Олар біздің елімізде өсіп-өніп, бауырларымызға айналды. Қазір біз көпұлтты сипаты бар біртұтас елміз.
Қазақ жерінде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар мен ұлыстар үшін бірліктің маңызы зор. Ұлт пен ұлыстың татулығы мен бірлігі арқасында, мемлекетіміз өркендеп, әлемге танылды.
Ассамблея – еліміздегі бірлік пен келісімнің киелі бесігі, тұтастық пен тұрақтылықтың құтты шаңырағы. Біздің басты байлығымыз – халықтар мен діндер арасындағы татулық пен келісім. Қазақстан халқы біртұтас, бірлігі мызғымас кемел елге айналды. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Біз тыныштық арқылы – тұрақтылыққа, татулық арқылы – тұтастыққа қол жеткіздік. Бүгінде әрбір ұлтқа салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиетін дамытуға, тілінің жетілуіне қамқорлық көрсетілуде. Осының бәрі Мемлекет басшысының қоғам¬дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Қазақстан халқы ассамблеясы татулыққа ұйытқы бола білді.
Иә, шынында да, бүгінгі таңда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы – ұйымдық құрылым ғана емес, ол біздің өміріміздің ажырамас бөлігі, біздің тыныштығымыз бен бірлігіміздің белгісі болып отыр. Қорыта келгенде, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ.