Медиатордың көмегіне жүгінушілер көбейіп келеді

image.png

Сот саласында қазіргі таңда өзінің тиімділігін дәлелдеп келе жатқан жүйенің бірі медиация. Аталмыш жүйе азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданылады.

Медиацияның сот жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, уақыт үнемдеу және сот барысындағы қаржылық шығындардың да алдын алуда маңызы зор. Халықаралық статистикаға сәйкес, әлем бойынша барлық даулардың 30-40 пайыз медиация рәсімінен өтіп, олардың 85 пайызында оң нәтижелерге қол жеткізіліп келеді екен. Сондықтан Қазақстанда «Медиация туралы» Заң  2011 жылдың 5-інші тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.

Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.

Сот – жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол бермейді.  Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді. Көп адамдар істің жария болмағанын қалап жатады. Мұндай кезде медиациядан артық жүйе жоқ. Қазіргі таңда елімізде медиацияның қолданыс аясын кеңейтіп, көбірек қолдану мақсатында түрлі жағдайларда қолдана бастады. Мәселен ассамблея қазіргі таңда медиацияның тынысын ашуға тырысып жатыр. 

Осы ретте  бүгін «Қоғамдық келісім» КММ-нің Келес аудандық филиалының ұйымдастыруымен, аудандық қоғамдық медиатор О.Егембердиев, жергілікті тұрғындардың даулы мәселелерін сотқа жеткізбей медиация тәртібімен қарау туралы жұмыстары бойынша кезектегі жеке қабылдауын өткізді. Өз сөзін «Болашағы біртұтас Елдің барлық мемлекеттік және азаматтық қоғам институттары қызметінің ең басты қағидаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту. Осыған орай, барлық тараптардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу арқылы бітімгершілікке қол жеткізуге бағытталған медиация институтының ел бірлігі мен қоғамдық келісімді дамытудағы рөлі зор» деп бастаған   ол  соңғы жылдары ел аумағында медиацияға ерекше мән берілуі біздің дәстүрімізден жаңылмай, жаңашыл болуымызды, болашағы біртұтас ел болуымызды меңзейді. Өркениетті қоғамның іргесі заң болса, тұғыры – құқық. Медиация дегенде ең алдымен дауласушы тараптарды құқықтық жолмен өзара келісімге келтіру, заңның үстемдігі арқылы бірлікті сақтау мәселесі айтылады. Түркістан облысында Ассамблея жанынан медиация кабинеті ашылып, медиация кеңесі белсенді жұмыс істеуде. Облысымыздың қала мен аудан аумағындағы кәсіби және қоғамдық негіздегі медиаторлардың ықпалымен дау-дамайларға нүкте қойылып, тараптар өзара келісімге келуде»,- деді медиатор. 

Іс – шарада жергілікті тұрғындардың даулы мәселелерін сотқа жеткізбей қарау туралы мәліметтер беріліп, осындай тәлімдік шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатындығы айтылды.

Сондай-ақ О.Егембердиев өз сөзінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы 2010 жылдан бастап медиация институтын даулар мен жанжалдарды шешудің қоғамдық-құқықтық құралы ретінде дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті. Медиация институтының қызметі азаматтардың даулы және жанжалды жағдайларды шешу барысында ымыраға келуге дайындығын көрсететін, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды маркерлерінің бірі болып табылады. Ол  даулар мен жанжалдарды шешу, азаматтарға кеңес беру бойынша медиаторлармен үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Ел Президенті біздің жағдайда этномедиация үшін кәсіби келіссөз жүргізушілердің форматы неғұрлым тиімді болып табылатынын және Ассамблея осы бағыттағы негізгі орган болуы тиіс екенін атап өтті», - деді маман.

Бүгінде елімізде Қазақстан Халқы Ассамблеясы аясында 2 мыңға жуық қоғамдық медиатор, 100-ден астам кәсіби медиатор жұмыс істейді. Өңірлерде 17 медиация кабинеті ашылды және 300-ден астам медиация алаңы жұмыс істейді. Ал Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының аудан, қалаларда 19 медиация кабинеті жұмыс істейді. Оларда 17 кәсіби, 39 кәсіби емес медиатор азаматтарға құқықтық көмектер, даулы мәселерді сотқа дейінгі шешу жұмыстарымен айналысады.  Кәсіби емес медиаторларды оқытуға және олардың біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Жыл басынан бері 5 мыңнан астам медиатор мен қызығушылық танытқан этномәдени бірлестіктер өкілдері түрлі курстар мен семинарларда тегін оқытылды.

Даулар мен жанжалдарды шешу, азаматтарға кеңес беру бойынша медиаторлар үлкен жұмыс жүргізуде.

Медиация жүйесінің тынысы кеңіп, көбірек қолданысқа енуіне, жан жақты жетілуінде еліміздің Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор. Еліміздің түкпір түкпіріндегі Ассамблеяның  жанынан  ашылған медиация кабинеттері арқылы ел ішінің береке бірлігін сақтауға қолданып, медиация жүйесін әртүрлі жағдайларда қолдану арқылы медиация институтын қалыптастыра білді. Дегенмен Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл жетістікпен тоқтап қалмай алдағы уақытта бітімгерлік қағидатын тағы дамыта түсуді көздеп отыр.

Атап өтер жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясы дегенде көз алдымызға береке бірлігі жарасқан, жүзден астам ұлттың бір шаңырақ астында тату тәтті, бейбіт өмірі елестейтін болды. Өйткені құрылғалы бері Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтың біртұтастығын, елдің ынтымағы мен бірлігінің сақталуын насихаттап келеді. Сондықтан медиация секілді бітімгершілікке шақырған жүйені де қолдап, насихатын арттырған осы ұйым болып отыр. Сөзіміздің дәлелі ретінде айта кетсек, Қазақстан халқы Ассамблеясы соңғы 4-5 жылда 150 мыңнан астам адамның шағымдарын сотқа жеткізбей шешімін тауып, мәмілеге келтіруге көмектескен көрінеді. Яғни 150 мыңнан астам іс сотқа жетпей, «қол сынса жең ішінде, бас сынса бөрік ішінде» қағидатымен шешімін тапқан. Бұл шын мәнінде үлкен жетістік. Ал егер осы іс сот арқылы шешілетін болса, сот істерінің санын арттырып, соттардың жүктемесін көбейтіп, қаншама уақыт пен қаржыны шығын етіп, ең бастысы ел іші ала тайдай бүлініп, халықтың ауызбіршілігінің қашуына ықпал етер еді. Сондықтан медиацияның Ассамблеяда қолданыла бастауының оң нәтижесі айтарлықтай сезілді. Ал жалпы Медиация кеңесінің медиаторлары «Жоғарыда аталған 150 мыңнан астам қаралған істердің ішінде ұлттық та, тұрмыстық та мәселелер бар. Барлығы бауыр қағыстырып, өкпе ренішсіз, түсіністікпен, өзара келісіммен әдемі қалыпта шешілген істер болды. Алдағы уақытта қаралатын істер санын тіпті көбейту, сол арқылы елдің ауызбіршілігін сақтауға медиаторлар  тырысып отыр. Қазір  алдымызда медиацияға қатысты екі  түрлі бағыт бар. Біріншісі – этномедиация институтын дамыту. Екіншісі – құқық  қорғау қызметін жетілдіру. Қазіргі таңда осы бағыттар бойынша жұмыстар атқарылуда.  Жалпы қазақ халқы береке бірлікке жақын, қақтығыспен шаруасы жоқ ел ғой. Сондықтан бітімгершілік бұрыннан қазақ халқының салтында бар дәстүр болып отыр. Бүгінде осы әдемі дәстүрді басқа ұлттарға да түсіндіру арқылы, бітімге келудің маңызы зор екенін бір шаңырақ астындағы барша ұлтқа ұқтырып отыр.  Медиацияны кеңінен қолданысқа енгізіп қоймай, оны жетілдіру жұмыстарынан да Ассамблеяның рөлі байқалуда. Медиацияның әсіресе ұлттар арасын жарастырудағы маңызы зор болып отыр.  Әрине «ел іші даусыз болмас» дегендей, бірлі жарым шекісіп қалғандар мен түсініспей қалғандардың қақтығысын ұлтаралық мәселе ретінде дабырайтпай, Достық үйлеріндегі медиациялық кабинеттер арқылы шешудің тиімділігін уақыт дәлелдеп отыр. Осындай ұтымды басқарудың арқасында тілі басқа болса да тілегі бір, ұлты басқа болса да  ұстанымы ортақ жүзден астам ұлттың тату тәтті тіршілігіне куә болып отырмыз. О баста қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді нығайту мақсатында құрылған қоғамдық институт өзінің мақсатын толығымен орындап келе жатыр. Оның барлығы ең алдымен Ассамблеяның ұстанымы мен медиация секілді жүйелермен дұрыс жұмыс істеуінің арқасы болса керек.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер