Қарнақ бірлігі жарасқан ауыл

image.png

Қарт Қаратаудың етегін жайлаған, кеншілердің қаласы Кентау шаһары бүгінде татулығы жарасқан, ынтымағы берік өлкенің бірі. Қалаға қарасты Қарнақ ауылы көпұлтты ауылдың бірі. Мұнда қазақтармен қатар сан ғасырдан бері өзбек ұлтының өкілдері де өзара бірлікте, жарасымды тіршілік кешіп келеді.  Осы ауылдың тумасы,  «Қарнақ ауылдық өзбек этномәдени қоғамы»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бегзад Хабибовтың қазақ халқына айтар алғысы шексіз. 

«Қазақстан – түрлі ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына сыйдырған әлемдегі ешбір елге ұқсамайтын ең бір ғажайып мемлекет. Олай деуімізге  елге түрлі қилы кезеңдерде жер ауып келген ұлттар мен ұлыстардың ешкімнен кемдік көрмей, тең жағдайда өмір сүріп жатқаны дәлел. 

Менің туған Отаным Қазақстанда кім аянбай еңбек етеді, төр – соныкі! Еңбекқор адам қай ортада да сүйкімді. Қазақ қарасың ба, ақсың ба, қоңырсың ба, жатырқамайды. Ол осы мінезімен ұлы халық! 

Мен Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында дүниеге келгенмін. Онда 17 мыңға жуық халық тұратын болса, 10 мыңнан астамы өзбек, қалғандары қазақ ұлтының өкілдері. Құдайға шүкір, осы уақытқа дейін ауылымызда татулыққа сызат түсірер оқиғалар кездескен емес. Оған ауылдың абыройлы азаматтарынан құралған бірлестіктің, белсенді жастар орталығының тигізіп жатқан ықпалы мол деп ойлаймын. Ауылымыз аядай ғана болғанымен, мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың көлемі үлкен қалаларда атқарылатын жұмыстардың көлемінен бір де кем емес. Қарнақта өткізіліп тұратын спорттық, танымдық және елді бірлікке бастайтын басқа да түрлі іс-шаралардың бүгінде тұрақты көрермендері қалыптасқан.  Қазақстан – жүзден астам этнос өкілдерінің ортақ Отаны. Зайырлы мемлекетімізде барлық адамдардың құқығы тең болғандықтан қоғамда бірлік деген ұлы ұғым салтанат құруы тиіс. Көбіне ұлтаралық дау-дамай этнос өкілдерінің бейбіт қарым-қатынас жасамауынан, қордаланған түрлі проблемалардан басталады. Ал, осы проблемаларды дер кезінде шешіп отырсақ, жағдай ушықпайды деп ойлаймын. 

Ал, өзім осыдан он жылдан астам уақыт бұрын мейрамханаларда аспаз болып жұмыс істедім. Уақыт өте келе өз кәсібіме тереңдеп ден қойып, қоғамдық тамақтандыру орталығын аштым. Бірнеше жыл бұрын «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында мал шаруашылығын қолға алып, қазір ет-сүт өнімдерін өндіріп жатырмыз. Жалпы, Қазақстанда кәсіп бастаймын деген адамға тек қолдау бар, ешқандай кедергі жоқ. Сондықтан қай кәсіпкер болмасын абыройын, тұрмыстық жағдайын көтеріп берген халыққа етене жақын болуы қажет. 

Әңгімемнің басында «Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз» деп айттым ғой. Енді осынау мереке арқылы әр ұлт өкілі қиналғанда қол ұшын созған, қысылғанда құшағын ашқан Отанына әрдайым алғыс айтып жүруі азаматтық парыз екенін ұғынуы қажет. Сондықтан да мен он мыңнан астам ауылдастарымның атынан киелі Отанымызға – Қазақстаныма, қазағыма шексіз алғысымды айтамын! Дүние жаңарып, тіршілік қайта оянатын көктемнің алғашқы күніне белгіленген бұл мереке бірлігіміз бен ынтымағымыздың бастауы іспеттес. Ендеше, бірлігіміздің бекем болуын тек бүгінгі Алғыс айту күні ғана емес, Құдайдан күнде тілеуіміз керек, өзіміз сол бірлікке жұмыс істеуіміз керек»,- дейді ол. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер