Ырыс алды - ынтымақ!

image.png

Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен этносаралық татулықты насихаттау, ел бірлігін қамтамасыз ету және достық пен татулықты нығайту мақсатында қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында кездесу өтті.

 Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды тіршілік кешіп келеді. Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығы, қонақжайлылығы, бауырмалдығы үшін ерекше бағалайды, бастысы – өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауызбіршілігі жарасқан елміз», – деді қалалық Ардагерлер ұйымының мүшесі А.Сахов.

Ақсақал бүгінгі жиынның негізгі мақсаты  аймақтағы ұлтаралық келісім мәселелерін орнықтыруға, заңның үстемдігін қамтамасыз ете отырып, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру жолымен азаматтардың мемлекеттік билік органдарына сенімін күшейтуге, этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді меңгеруіне бағытталғанын атап көрсетті. Сонымен қатар, елдегі бейбітшілікті сақтап, сүттей ұйып отырған татулықтың қадіріне жетуге шақырды, Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі, соның ішінде өңіріміздегі ұлтаралық келісімді сақтаудағы рөліне тоқтала келе, барлық этнос өкілдерінің еліміздің өркендеуіне, халықаралық қоғамдастық алдындағы беделінің артуына мүдделі екенін жеткізді.

«1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Президенті жанынан консультативті-кеңесші орган ретінде Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 25 жыл толып отыр. Сол уақыттан бері Ассамблея және жергілікті жерлердегі құрылымдары – этномәдени бірлестіктері бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін, этносаралық татулықтың, достықтың , конфессияаралық бірліктің берік негізі қаланғанын паш етіп келеді. біздің елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Сондықтан бүгінгі Қазақстан достық пен татулықтың, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың шынайы мекені»,- деді ол өз сөзінде.

 Ұлы Дала төсіндегі ұлан ғайыр атырапты алып жатқан қазақ сахарасы ежелден бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тұтастықтың мызғымас мықты ошағы ретінде киелі. Әртүрлі халықтың бір шаңырақ астында жиналуы - олардың бір – біріне деген ілтипаты мен ізгілігін оятты. Бір – бірін бауырына тарту арқылы олар ортақ мүддеге жұмылды, елдіктің еңселі туын көтерді. Қазақтың құтты қонысында татулық бесігін тербеткен әр түрлі ұлт өкілдерінің ауызбірлігіне тарихтың куә екендігі жайлы Аналар кеңесінің төрайымы М.Кривенцова айтып өтті.

«Қазақ халқы қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған Қазақ жері көпұлтты мемлекет болып қалыптасты. Бүгін елімізде 136 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Еліміздің басты қорғаушы күші қоғамдық келісім мен этносаралық үйлесімді сақтау – Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету әрбір Қазақстан азаматының міндеті болып табылады»,- деді ол өз сөзінде.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер