Еліміздің бас қаласы Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың қатысуымен Қазақстан Халқы Ассамблеясыв Республикалық этномедиация кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынға орталық мемлекеттік органдардың, Қазақстан Халқы Ассамблеясы қоғамдық құрылымдарының өкілдері, Қазақстанның барлық аймақтарынан этномедиаторлар мен этносаралық саланың сарапшылары белсенді қатысты. Республикалық шараға Түркістан облысынан қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ басшысының орынбасары Е.К.Баетов қатысты.
Кеңестің басты бағыты Мемлекет басшысының Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында этномедиация институтын дамыту және ІІІ Ұлттық Құрылтайдағы ұлттық құндылықтарды дәріптеу бойынша тапсырмаларының орындалу барысын талқылауға арналды.
Марат Әзілханов «Әділетті Қазақстан – Жауапты азамат – Прогрессивті ұлт» тұжырымдамасының жүзеге асырудағы міндеттерді ескере отырып, этномедиация институтын тиімді дамытудың және этномедиаторлардың сапалық жаңа пулын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Кеңес барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан Халқы Ассамблея мүшесі, «Дүнген республикалық этномәдени орталығы» РҚБ Бақылау кеңесінің төрағасы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Лугмар Харкиевич Буларов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы республикалық Этномедиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық Құрылтай мүшесі Шерзод Аббозович Пулатов, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты аппаратының басшысы Олег Васильевич Чугунков, Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ерік Әзілжанұлы Абитов спикерлер ретінде сөз сөйледі.
Бас қалада өткен жиында этномедиация кеңесінің ережесі мен құрамы жаңартылды. Бұдан былай құрам мүшелігіне аймақтық этномедиация кеңестерінің төрағалары да кіретін болды.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының базасында этномедиация орталығы құрылды. Достық үйлеріндегі Қазақстан Халқы Ассамблеясы медиация кабинеттері өңірлік этномедиация орталықтары болып қайта құрылды. Этномедиацияны дамытудың өзекті мәселелері көтеріліп, тетіктер мен тәсілдер, сондай-ақ этномедиаторлардың сапалы пулын қалыптастыру айқындалды.
Айта кету керек, Қазақстан Халқы Ассамблеясы медиациясы салалық бағытқа - этномедиация институтын этносаралық саладағы дауларды шешудің маңызды құралы ретінде дамытуға бағытталған.
Іс-шара барысында сарапшыларға, оқу бағдарламаларының әзірлеушілері мен жүзеге асырушыларға, сондай-ақ өңірлік этномедиация орталықтарының өкілдеріне этномедиация институтын, оны өңірлік деңгейде дамытудың өзекті мәселелерін талқылау мақсатында пікірталас алаңдары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар бұл күні «Елдесу және татуласу» жобасы аясында «Заманауи медиацияның халықаралық тәжірибесі» атты халықаралық конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, кәсіби медиатор, Медиация және келіссөздер орталығының бас директоры, Қырғыз Республикасы Сауда-өнеркәсіп палатасының медиация мәселелері жөніндегі сарапшысы Фидана Алиева, елордалық Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің өңірлерінен арнайы шақырылған сарапшылар қатысты.
Халықаралық конференцияның мақсаты - Қазақстан Республикасында қоғамдық келісімді қамтамасыз етуде медиация институтын дамыту, этносаралық қатынастар саласындағы медиацияның отандық және шетелдік тәжірибесін зерделеу, Қазақстан Халқы Ассамблеясы шеңберіндегі медиация тәжірибесін жетілдіру.
Конференцияға қатысушылар әлемнің түрлі елдерінде қолданылатын жанжалдарды шешудің жаңа әдістері мен тәсілдері туралы сөз қозғап, оларды тәжірибе жүзінде іске асырудың тетіктерімен танысты.
Сондай-ақ іс-шара барысында медиаторларды даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері де кеңінен талқыланды.