5 тамыз – ҚР «Медиация күніне» орай,Түркістан қаласындағы "Жеңіс" орталық саябағындағы "Аналар аллеясы" мемориалының жанында Республикалық "Елдесу және татуласу" жобасы аясында шара ұйымдастырылды.
«Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің кәсіби және қоғамдық медиаторлар және мүдделі ұйымдар мен мекемелер өкілдерінің қатысуымен өткен шара Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесі мен Түркістан қаласы әкімдігінің ұйытқы болуымен жүзеге асты.
Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ-нің құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Б.Әшірбаев және Түркістан қаласы әкімінің орынбасары М.Қырықбаев сөз сөйлеп, бүгінгі күннің маңыздылығына тоқталды. Еліміздің өркендеп, даму жолында ел ішіндегі бірлік пен татулықтың өте маңызды екенін баса айтты. «Медиацияның мақсаты – этносаралық қатынастар мен жалпыұлттық бірлік саласында татулық пен келісімді сақтау. Медиаторлардың міндеті – халықтар арасындағы қандай да бір тұрмыстық жанжалдар мен дау-дамайлардың алдын алу. Қазақстандықтардың санасында бірлік, тұрақтылық, толеранттылық, патриотизм сияқты құндылықтарды қалыптастыру. Дәл осы уақытта елімізде медиация институты жақсы дамып келе жатыр. Ұйым Қазақстан Халқы Ассамблеясында 2016 жылдан бастап дамыды. Облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы қазіргі уақытта этносаралық қатынастарды дамыту үшін, жаңа бағытта этномедиацияны дамытып жатыр. Медиация – татуластыру рәсімі. Оның қоғамда атқарып жатқан еңбегі зор»,- деді өз сөзінде М.Қырықбаев. Облысымыздың Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Б.Бейсембаев өз сөзінде медиация тәсілдерінің қолданылу тәртібі мен жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, осы құндылықтарды сақтап нығайтуда медиация саласының орасан зор ықпалы барын айтып өтті.
Медиация маңызды бағыттардың бірі болып, сот процестеріне баламасы ретінде дамып келеді. 2011 жылы қабылданған Медиация туралы заң құқықтық негізде еліміз үшін маңызды қадамы болып есептелді.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 2000-нан астамы кәсіби маманы бар 16 медиаторлар ұйымы жұмыс істейді, Сонымен қатар, өңірлерде шамамен 1771 қоғамдық медиатор бар. Кәсіби этномедиаторларды дайындау және медиативті тәжірибелерді жетілдіру мақсатында 2022 жылдың сәуірінен бастап елімізде Этномедиация орталығы жұмыс істейді.
Этномедиация орталығы кәсіби келіссөзшілерді оқытуға арналған оқу бағдарламасын әзірледі. Осы бағдарлама аясында елдің бес өңірінде этномедиацияның негіздері бойынша семинарлар өткізілді, оған 215 адам қатысты. Олардың арасында ауылдық округ әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары, педагог-психологтар және мектеп директорларының орынбасарлары бар.
Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияаралық дауларды шешудің құралдары ретінде еліміздегі медиация институтын дамытып, қалыптастыруда. Ассамблея кәсіби медиаторлармен ынтымақтасып, қоғамдық медиаторлардың дамуына маңызды рөл атқаруда. Азаматтар медиациялық келісім жасауға негізінен отбасылық мәселелер, еңбек, әлеуметтік-тұрмыстық даулар бойынша жүгінеді. Қазақстан Халқы Ассамблеясы медиаторларының дер кезінде және жоғары біліктілікпен көрсеткен кәсіби көмегі көптеген дау-жанжалдарды өршітпеуге, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға жол ашты.
Осы жылдың соңына дейін медиация бағытын жетілдіру мақсатында соттан тыс медиация институтын одан әрі дамыту концепциясын бекіту жоспарлануда. Медиция әртүрлі салаларда, соның ішінде коммерциялық, отбасы, еңбек және әкімшілік дауларда қолданылады, бұл оның универсалдығы мен қазіргі қоғамдағы маңыздылығын көрсетеді.
Шара барысында кәсіби және қоғамдық медиаторлар кеңес алуға келген 23 азаматтың жекелеген сұрақтарына жауап беріп, кеңесін аямады. Атап айтқанда, 23 мәселенің 3-уі даулы жанжалдар болса, 1-уі жол апатына қатысты. Тағы 1 мәселе қасақана және дәрежедегі дене жарақатын салу дерегі бойынша қаралса, 1 проблема неке бұзылуына байланысты өрбіді.