Соңғы жылдары медиация, медиатор сөздері қоғамда кеңінен қолданылып, құлағымызға сіңісті болып барады. Жалпы, «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға» деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден – бір жолы, яғни тараптарды қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Қазақ халқы үшін медиация саласының негізгі мақсаты – бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі ретінде қаншама ғасыр бойы қалыптасты. Тура биде туған жоқ, бұрған биде иман жоқ деп әділдікті, туралықты ту еткен, қара қылды қақ жарған –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дара тұлғаларымыз ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Яғни, медиация заңы аты бөлек болғанымен заты қазақ халқы үшін жат дүние емес.
5 тамыз республика бойынша Медиация күні болып бекітілген. Медиатор араздасушы екі жақ тараптармен жеке әңгімелесіп, барынша әділетті және ұтымды амалдарды қолдануымен ерекшеленеді. Көптеген азаматтарымыз дауды сотқа беріп қойған соң, қайтып алуға болмайды деп қате ойлайды. Медиацияның ерекшелігі сол дауды соттың қарауында жатқанда да сұратып алып, медиаторлар шешіміне ұсынуға болады.
Қазақстандық Медиаторлардың кәсіби мерекесі күніне орай Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы "Қоғамдық келісім" КММ-і Түлкібас аудандық филиалының ұйымдастыруымен Түлкібас ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің мәжіліс залында медиация күніне орай тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру мен медиация жолымен көмек көрсету мақсатында аудандық кәсіби медиаторлармен дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға, Түлкібас ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы, Ақсақалдар кеңесінің төрағасы,Ардагерлер кеңесінің төрағасы, Түлкібас аудандық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы, Түлкібас аудандық медиация кеңесінің төрағасы мен кәсіби және қоғамдық медиаторлар қатысты.
Іс шарада сөз алған Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Түлкібас аудандық Медиация кеңесінің төрағасы Мейрбек Өмірқұлов медиация күнімен құттықтап, алғыс хатпен марапаттады.