Қазір дамыған және дамушы елдер жаһандану үрдісіне ілесіп әлек. ХХІ ғасыр ақпараттық технология ғасыры дескен бірқатар ел ақпарат тасқынынан қалмауды бірінші кезекке қоюда. Ал, осы тұста әр ұлттың өзінің «гендік тектілігі» деген мәселе екінші орынға ысырылып қала бергені рас.
Бүгінде еліміздегі зиялы қауым өкілдерінің біразы «қазақ жаһандану дәуірінде де тектілігін ұмытпайтын қазақ болып қалуы керек» деседі. Тіпті, осы ретте ұлттық кодты мықтылап, ұлттық инновацияны жетілдіру үшін бірқатар мемлекеттік шаралар да атқарылып жатыр. Соның бірі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қолға алған «Қазақтану» жобасын атауға болады. «Қазақтану» жобасы рухани жаңғыруды, ұлттық танымды тереңдетуді, жалпы ұлттық инновацияны тереңдетуді негізге алмақ. Бұл жоба біздің мәдени биіктігіміздің деңгейін көрсетеді. Сондықтан, болашақта Қазақстан Халқы Ассамблеясына үлкен жүк артылып отыр.
Осы ретте Қазақстан халқы Ассамблеясына жауапкершілік жүктелді. Қазақтану жобасы арқылы өзге ұлт өкілдері қазақтың болмысын, мәдениетін, әдебиетін, тарихын білуі тиіс. Біз көпұлтты мемлекетпіз. Осы жоба біздегі ұлттарды ұйыстырып, қазақтың мәртебесін биіктетуге күш салуы керек. Біздің елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдері қазақтың болмысы кең, дархан ел екенін насихаттап жатса, нұр үстіне нұр емес пе?
Жалпы, Қазақстанда 130-дан астам ұлттың ұйысып күн кешіп отырғаны рас. Бірқатар дамыған және дамушы елдер Қазақстандағы бейбітшілікке қызығып та, қызғанып қарайды. Осыған орай мемлекеттің іргесі берік болуы үшін бұған дейін де «Мәңгілік ел», «Қасиетті Қазақстан», «Ел бірлігі» тәрізді жобалар қолға алынып келді. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы этностардың арасында қазақтың тілін, ділін, тарихын, мәдениетін, болмысын насихаттау мақсатында «Қазақтану» жобасын қолға алғаны қуантарлық жағдай. Жобаның мақсаты – елдегі әрбір істің ұйытқысы, қоғамдық келісімнің үйлестірушісі қазақ халқы екенін насихаттау. Қазақты тану деген сөз — оның бірлігін, елдігін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын тану деген сөз. Ендеше, өзге ұлт өкілдері болашақта қазақтың қайнар көзін танып, руханиятымен сусындауды мұрат етсе, алдымен Қазақтану іліміне назар аударғаны абзал. Қазақты тану бүкіл бір елді біріктіріп, мемлекеттің тұрақтылығын нығайта түсетіні даусыз.
Осы орайда Қазақстан Халқы Ассамблеясының "Қазақтану" жобасы аясында А.Құнанбайұлының туған күніне орай, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің Төлеби аудандық филиалы "Бір мақал - бір бауырсақ" айдарын ұйымдастырды. Мақал – мәтел ата - бабамыздан қалған өшпес мұра. Мақал - мәтелдің тәрбиелік мәні өте зор. Мақалда қорытынды тұжырымды түйін айтылады, айтылар ой нақты толық жеткізіледі. Іс-шараның негіщгі мақсаты: ата –бабамыздан қалған өсиет сөздері арқылы адамгершілікке,ойын нақты дұрыс жеткізуге, тапқыр сөйлеуге, сөздік қорың молайту. Мақалдап,мәтелдеп сөйлеу мәнеріне дағдыландыру.