Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Қазақстан Халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді.
Алдымен делегация мүшелері Түркістан қаласында бой көтерген Достық үйінің құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Бұл ретте, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев заманауи үлгідегі Достық үйінің ерекшелігіне тоқталып, бірегей нысанның жоспар-жобаларын таныстырды.
«Достық үйі» – бұл біздің қоғамда орныққан үйлесім мен берік бейбітшілікті бейнелейтін символдық нышан. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан ғимаратқа арнайы жер телімі бөлінді. 4 қабатты нысанда Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты тақырыптық ішкі әрлеу жүргізіліп, қажетті экспонаттар қойылады.
Президент тапсырмасына сәйкес салынып жатқан 3 қабатты ғимараттың құрылысы аяқталуға жақын. Аталған ғимарат жақында пайдалануға берілмек.
Сапар аясында елордадан келген қонақтар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбындағы семинарда сөз сөйлеп, пікір алмасты. Аталған жиынға аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен психологтары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты.
- Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір Түркістан, Жамбыл облыстарында этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылуы керектігін қадап айтты. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Яғни, қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды. Бұл орайда, бүгінгі семинардың бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине бұл тұста Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек, - деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Сондай-ақ жиында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру жайы талқыланды. Бұл ретте, «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед өз тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік құрушы қазақ ұлтымен бірге ондаған этностардың өкілдері мекен етеді. Сол себепті де мемлекеттің басты этносаяси ұстанымы барлық этнос өкілдерін қазақ халқының айналасына топтастыру, этносаралық қатынастарды дамыта отырып қазақстандықтардың татулығы мен бірлігін қалыптастыру болып табылады. Мемлекет осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіп келеді.
Елімізде ұлтаралық татулықтың жарасым табуы – біз мемлекеттің негізін құрайтын қазақ халқының саяси мәдениетінің биік деңгейге көтерілгенінің белгісі. Толеранттылық деген – үлкен құндылық. Мұны егемендікке қол жеткізген 33 жылдағы маңызды жетістігіміз десек артық айтқандық болмас. Елімізде басқа ұлт өкілдерінің діні мен әдет-ғұрпын жаңғыртуға бар жағдай жасалған. Осындай ынтымақты тірлікке дүниежүзінің көптеген елдері қол жеткізе алмай келеді. Керек десеңіз, Қазақстан – Орталық Азияда ұлтаралық татулықты сақтап, алауыздыққа жол бермеген жалғыз ел. Қазіргі таңда Қазақстанда барлық ұлт өкілінің тілін, мәдениетін сақтауға көңіл бөліп отыр. Осы орайда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылы негізі қаланған Қазақстан халқы Ассамблеясының алатын орны ерекше. Бүгінде алуан ұлт өкілдері осы ассамблеяның айналасына топтасып, өзерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дамытып отыр. Достық шаңырағына айналған ұйым Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың басын қосатын және аз ұлттардың мүддесін қорғайтын мекеме есебінде нәтижелі жұмыс жасауда. Мәдени орталықтар ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Солардың арқасында әр түрлі ұлт мен ұлыстың салт дәстүрі, мәдениеті насихатталады. Халықты толеранттылыққа, өзге халықтың құндылықтарын құрметтеуге тәрбиелейтін іс-шаралар кеңінен атқарылып отыр. Ұлттардың басын қосатын ортақ іс-шаралар этностардың бір-бірін құрметтеуін, сыйлауын арттыра түсері анық. Осы орайда барша ұлттардың экономикалық, саяси, әлеуметтік, мәдени, азаматтық құқықтарын қорғауға байланысты жүзеге асырылатын шаралар халықаралық стандарттарға сай екенін айта еткен жөн.
Сонымен бірге Қазақстанда жүзеге асырылып отырған ішкі саясаттың тағы бір ұтымды тұсы қазақстандықтарды түрлі діни конфессияларға деген толеранттылыққа тәрбиелеу саясаты. Соңғы жылдарда Республиканың түпкір-түпкірінде бой көтерген түрлі діни мекемелердің (мешіт, православие приходы, католиктердің костелы, ғибадатханалар және т.б.) жанданған құрылысы мемлекеттің қоғам дамуына тиімді жағдай жасағандығын дәлелдей түседі. Өзара сыйластық пен төзімділікке, бейбітшілік пен келісімге негізделген қоғамдық қатынастар әлем сахнасында Қазақстанның шынайы имиджін қалыптастыруға ықпал жасайды. Демек ұлтаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың қазақстандық моделі қазіргі күні тиімді әрі нәтижелі екенін көрсек болады.
Алдағы уақытта толеранттылық халқымыздың күнделікті өмір дағдысына, дәстүріне айналуы керек. Сонымен қатар , біздер толерантты қоғамда ұлттық болмысымызды жойып алмауға баса мән берген жөн. Қайта керісінше толерантты қоғамды пайдаланып тілдік, ұлттық басымдылыққа жетудің жолдарын қарастырғанымыз жөн. Тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асырылып жатқан ішкі саясат Қазақстан қоғамында ұлтаралық ынтымақтастық пен халықтар достығының гүлденіп дамуына қолайды жағдай тудырды. Бүгінгі республикамыздағы діни конфессиялар мен ұлттар, ұлыстар арасындағы қарым-қатынастар отандастардың шынайы достық пейілдерін көрсетеді. Бір шаңырақ астында бірлігі жарасып, берекелі өмір сүріп отырған жүз отыздан астам ұлт өкілдері қазіргі таңда өздерін «қазақстандықпыз» дегенді мақтанышпен айта алады.Қазақстан көпұлттық мәдениет пен бірлікті дамытуға бағытталған ішкі саясатты ұстанып келеді. Соның арқасында ұлтаралық қарым-қатынас мәдениеті мықтап орнады.
Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Еске сала кетсек, елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары ертең де жалғасады. Сапар шеңберінде Сарыағаш және Келес аудандарында Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер мен аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, өңірде 50-ден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Түркістан облысында мемлекеттің өркендеуіне үлес қосып, қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде 11 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде.