Ерте замандардан қазақ халқы қонақжайлығымен өзге ұлттарды баураған. Тарихқа көз жүгіртсек, сонау орта ғасырлардың өзінде Орта Азия, көршілес ұлт пен халықтармен етене жақын болған. Қазақстан көпұлтты ел екені белгілі, ресми статистикаға сүйенсек, елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады. Еліміз ұлттар достастығы мәселесіне ерекше назар аударады. Осы мақсатта бір емес, бірқатар республикалық мейрамдар бекітілген. Солардың бірі - Қазақстан халқы тілдері күні мейрамы.
Өзін де, өзгені де жатсынбайтын Қазақ топырағында тұратын өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тілін дамытуға шек қойылмаған. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше көңіл бөледі.
"Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді", - деген еді мемлекет басшысы бір сөзінде.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру, мемлекеттік тілді құрметтеуге баулу мақсатында 5 қыркүйек Қазақстан халқының тілдер күніне орай Жетісай аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің оқу залында «Тіл – менің тағдырым» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Жетісай аудандық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Басымбекова Рахила, аудандық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, Түркістан облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Елов Шерзод, Жетісай аудандық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Турсунов Халим, «Қоғамдық келісім» КММ-нің Жетісай аудандық филиалының мамандары, орталықтандырылған кітапхана мен «Жастар ресурстық орталығының» қызметкерлері және этнос өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында жиынға қатысушылар қазіргі таңдағы біздің міндетіміз – мемлекеттік тілдің қоғамдағы беделін нығайтып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру бәріміздің азаматтық борышымыз екеніне тоқталды. Сондай-ақ, іс-шарада аудандық кітапхана қызметкерлерінің тақырыпқа сай дайындаған баяндамалары оқылып, кітап көрмесі таныстырылды.
Отырыс соңында жиынға қатысушылар орамды ойлары мен пайымды пікірлерін ортаға салып, күн тәртібінде тұрған мәселелер кеңінен талқыланып, пікірлері тыңдалды.