Қазақстан халқының тілдер күніне орай Түлкібас аудандық мәдениет үйінде «Тіл достық пен ынтымақтастықтың көпірі!» тақырыбында іс-шара өтті. Қазақстан Республикасында мекендеген ұлттар мен ұлыстарды тығыз байланыстыратын күндердің бірі - тіл мерекесі.
Түлкібас ауданында тұратын этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренудің маңыздылығын түсініп, жылдан жылға қазақ тілінде сөйлейтін жастардың қатары өсіп келеді. Оның айғағы мерекелік іс-шараларда этнос жастары мен этномәдени бірлестік мүшелерінің қазақ тілінде еркін сөйлеп, кітаптарды қазақ тілінде жоғары деңгейде мәнерлеп оқиды.
Мерекелік іс-шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар кеңесінің төрағасы, аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелері, мемлекет қызметкерлері мен аудан жастары қатысты. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүрген, қызығушылық танытатын азаматтардың саны да жылдан жылға көбейіп келеді, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық.
Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарға қазақ тілін тегін оқытады. 2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында осындай үш жаңа орталық ашылды.
Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді. Бұдан бөлек жыл сайын тіл мәдениетін арттыру мақсатында "Мемлекеттік тіл және БАҚ", "Тіл шебері", "Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы" байқаулары, "Мен қазақша сөйлеймін" акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар өткізіліп тұрады.