Сайрам ауданына қарасты Ақсукент гуманитарлық техникалық колледжінде 1 қыркүйек - «Білім күніне» арналған салтанатты шара «Адал адам, Адал еңбек, Адал табыс» атты тақырыпта аталып өтті. Аталмыш жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аудандық Ақсақалдар кеңесінің алқа мүшелері және «Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы қызметкерлері қатысты.
«Қоғамдық келісім» КММ-нің Сайрам аудандық филиалы Базарбай Мамадиярұлы мерекелік құттықтау сөзінде: Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз - ұлт келбеті» деп бекер айтпаған. Сіздер балаларға білім беріп қана қоймай, оларға халқымыздың басты құндылықтарын сіңіріп келесіздер. Биылғы оқу жылы жоғары жетістіктер мен толағай табыстарға толы болсын! Білім күні құтты болсын!» - деп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
"Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», - деді Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында. Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды да тізіп шықты. Ол – тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық және кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық. Осы қосарланған алты құндылық ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың негізгі бағыт-бағдары бола алады деді мемлекет басшысы. Бұл, тіпті, идеологиялық тұжырымдама іспеттес.
Сондай-ақ, «Мектебім - мерейім мекені» салтанатты шара Ақбұлақ ауылында орналасқан «Кәусар бұлақ» жалпы білім беру жекеменшік мектебінде алғашқы қоңырау ертеңгілігінде жалғасын тапты.
Салтанатты іс-шара соңы ұстаздар мен оқушылардың орындауында әндер мен ұлттық билерімен, концерттік бағдарламалармен жалғасты.