Бес кеселмен күрес күшейді

image.png

Облыс орталығы - Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Отбасы күніне» байланысты ауқымды шара болып өтті. 

Студенттермен болған жиынға Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова, Түркістан облыстық  «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығы ҚБ-ның төрайымы Гүлбарам Малбаева, көпбалалы ана Сара Таңатаровалар қатысып, бақытты отбасы болудың қыр-сырын университет жастарымен бөлісіп, еркін форматта әңгіме-дүкен құрды. 

Бүгінгі отбасылық өмірі көпке үлгі қонақтар жастардың қойған сұрақтарына жауап берді. Отбасы қадірі, отбасыдағы билік, ұл мен қыздың тәрбиесі, отбасының ұйытқысы кім?, ата-ананың алдындағы борыш, бақытты отбасы болудың сыры, ерлі-зайыптылар қарым-қатынасы сынды қарапайым бірақ маңызды сауалдарға жауап алған жастар аналарға әннен шашу шашып, түрлі ойындар ойнады. 

Отбасы күніне арналған кездесу барысында Түркістан облыстық  Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова бүгінде республика көлемінде қолға алынып, жүзеге асырылып жатқан «Салауатты сана» жобасы туралы әңгімеледі. Қоғамдағы «бес кесел» – нашақорлық, ысырапшылдық, отбасындағы зорлық-зомбылық, вандализм және лудомания (құмарпаздық) мәселерін жоюды мақсат еткен жобаның маңызы туралы айтып, студенттерді осынау жаман әдеттерден сақ болып, қашық болуға шақырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқы Ассамблея¬сының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында бес кеселден аулақ болуды тапсырды. Бұл іске Ассамблеяны тікелей жұмылдыру керек екенін айтты. Мемлекет басшысы: «Ассамблея жастардың идео¬логиялық тәрбиесін айрықша назарда ұстайды», – деп қадап айтты. Президент сөзінің жаны бар, жоғарыда аталған кесел – ұлтқа келген тажал. Расында, қалыпты һәм қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі, жағымсыз әрекеттен біржола арылуымыз керек. Ол үшін балалар мен жастарға дұрыс тәрбие берген абзал. 

«Қоғамдық кеселдерді түбірімен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, оған барлығы атсалысуы керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Ендеше, бір нәрсені естен шығармайық, «ұлы істер шағын әрекеттерден басталады».  Сол себепті әр жан өзінің іс-әрекетіне жауапты болуға тиіс. 

Президент айтқандай, келеңсіз үрдістерден жай ғана жирену жеткіліксіз. Оны жоюға да белсене атсалысқан дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, Президент тапсырмаларын орындау – біздің міндетіміз. Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни, шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Бұл – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолындағы өте маңызды қадам.

Ұлы Абай “Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол” деген. Бұл – әрине, ешқашан ескірмейтін, мән-маңызын жоғалтпайтын өсиет. Бірақ әр заманның өзіне тән сын-қатерлері бар. Жаһандану үрдісіне, жаңа технологияның дамуына және басқа да себептерге байланысты қоғамға қауіпті жаңа кеселдер пайда болды. Әсіресе, біз мынадай бес кеселмен бүкіл ел болып күресіп, біржола тосқауыл қоюымыз керек.

Алдымен, есірткі саудасы, соның ішінде синтетикалық есірткі айналымы. Нашақорлық, “вейптердің” таралуына тосқауыл қою. Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату.

Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс.

Тағы бір кесел, бұл – вандализм.

Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған»,- дейді Қазақстан Халқы Ассамблеясы  жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарды атап көрсетті:

Бірінші құндылық - тәуелсіздік және отаншылдық. Әр азамат Отанға деген сүйіспеншілігін сөзбен ғана емес, нақты іспен көрсетуі қажет. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезініп, оны бағалай білуі керек. Біз әділетті мемлекет пен отаншыл, адал азаматтардың күш-жігерін үйлестіріп жұмылдыру және халқымыздың мәдени кодын үнемі заман талабына сай бейімдеп отыру арқылы ғана ең маңызды міндетімізді орындай аламыз, яғни қастерлі Тәуелсіздігімізді сақтап, нығайта түсеміз. Біз біртұтас ұлт және халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық мүддемізді, егемендігіміз бен Тәуелсіздігімізді қорғауға әрдайым дайын болуымыз қажет.

Екінші құндылық – бірлік және ынтымақ. Біздің күшіміз – бірлікте. Жұртымыз басына түскен тауқыметтің бәрін мызғымас бірліктің арқасында жеңіп келеді. Орасан зор сын-қатерлер пайда болған қазіргі заманда ынтымақ-бірліктің маңызы арта түсті. Қазақстан – бәріміздің қасиетті қара шаңырағымыз. Сондықтан әрбір азамат ел тағдырына өз тағдырындай қарауға тиіс. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген.

Үшінші құндылық – әділдік және жауапкершілік. Шын мәнінде, бұл мемлекеттің де, қоғамның да айнымас темірқазығы болуға тиіс. Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі. Мен мемлекет басшысы ретінде Әділетті Қазақстанды құруды өзімнің басты міндетім деп санаймын. Президент болып сайланған алғашқы күндерден бастап әділдік қағидасын қатаң ұстанып келемін. Бұл идея 2022 жылы қыркүйекте жарияланған Жолдауымда толыққанды тұжырымдама ретінде көрініс тапты. Осы орайда «әділдік» ұғымының саяси риторикада және тәжірибеде қолданылуы белгілі бір сын-қатерлер туындатып, азаматтарды шамадан тыс үміттендіріп, олардың билікке талабын күшейте түсуі мүмкін деген пікір бар. Меніңше, бұл әділдік ұғымының аясын тарылтады, жұрт оны игіліктер мен ресурстарды тең бөлу деп қана қабылдайды. Шын мәнінде, әділдік – ең алдымен, жұрттың бәріне бірдей құқық беру және жауапкершілікті баршаға тең жүктеу деген сөз. Әділдік пен жауапкершілік – тығыз байланысты ұғымдар.

Төртінші құндылық – Заң және Тәртіп. Заң алдында – бәрі бірдей. Бұл – баршаға ортақ мызғымас қағида. Мемлекет жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке және бейберекеттікке ешқашан жол бермейді. Мұны әрбір азамат жете түсінуге тиіс. Барша азамат, барлық жерде, соның ішінде әлеуметтік желіде де заңды мүлтіксіз сақтауы керек.

Әлемді шынымен өзгерткің келсе, өзгерісті қарапайым нәрседен баста деп бекер айтылмаған. Яғни, отбасыңда береке болуын ойла, жұмыс орныңды, үй-жайыңды, аулаңды ретке келтір, қоғамдық орында әдеп сақта.

Заң бар жерде, тәртіп бар. Көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады. Жақында Алматы қаласында жер сілкінгенде кейбір балабақшалар мен мектептердегі балалар ұйымшылдықтың озық үлгісін көрсетті. Осыдан-ақ баланы балабақшадан және бастауыш сыныптан бастап тәртіпке баулудың қаншалықты маңызды екенін айқын көруге болады.

Бесініші құндылық – еңбекқорлық және кәсіби біліктілік. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады. Мен Мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе, жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалаймын. “Туған жерге туың тік” дейді халқымыз. өте мағыналы өсиет. Жас ұрпақ бұл сөздің мән-мағынасына терең бойлауы қажет. Қазақстан – барша азаматымыздың ортақ Отаны, қастерлі мекені.

Алтыншы құндылық - жасампаздық және жаңашылдық. Бұл – өте жылдам өзгеріп жатқан қазіргі әлемде ұлттың бәсекеге қабілетті болуының басты шарты. Озық дамыған мемлекет құру үшін біздің азаматтарымыз жаңаша ойлай білуге және жасампаздыққа ұмтылуы керек. Сол себепті біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз.

Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам “Адал азамат” деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.

“Адал адам – адал еңбек – адал табыс” – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек.

Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады.

Жиын соңында қатысушылар да өз ойын жеткізіп, пікір алмасты. Ұйымдастырушылар мұндай шараның алдағы уақытта да жалғасы табатынын жеткізді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер