Ақпараттық-насихаттық топ – Жетісай және Мақтаарал аудандарында

image.png

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл кездесулер 2024 жылғы қыркүйек айының 2-27 күндері аралығын қамтиды. 

Кезекті кездесулер Жетісай ауданы, Жетісай қаласы және Жаңа ауыл ауылында, сондай-ақ Мақтаарал ауданы, Мақтаарал және Иіржар ауылында өтті. 

2022-2024 жылдарға арналған «Түркістан облысында толерантты сананы қалыптастыру мен әлеуметтік шиеленістің алдын алу» өңірлік тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шара жоспарына сәйкес аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерінде тұрғындармен кездесу өткізу мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 

Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлтты сүю түсінігі. Ұлтшылдық және ұлтжандылық», «Діннің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді реттеуде алатын орны» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.

Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Аталған кездесулер мен фокус-топтық зерттеу жұмыстарына «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов қатысуда. 

Ұлтжандылық – өз ұлтының ділін, тілін, дінін ұстану, салт-дәстүріне адал болу. Ұлтжандылық деген бұл – Ұлы сезім. Адамды ажарландырып, нұрландырып, жігерлендіріп жібереді. Көк туды көргенде қанаттанып, бойыңда ыстық қан тулайды, мақтаныш кернейді, жүректе ұлтқа деген махаббат ән салады. Қазақ халқының саны тым аз. Сондықтан біз ұлттың сапалы болуын ойлауымыз керек.

Ұлтшылдық – өз ұлтының қамын жеу, оны басқа ұлт мүддесінен жоғары қою. Сонымен қатар, ұлтшылдық әр түрлі. Ол у да, бал да құюға болатын сауыт сияқты. Кез келген ұлтшылдықты қисынды, қолдауға тұрады деуге болмайды. Оның бір көріністері шындыққа жуыспаса, екіншілері ұлттың орынды талаптарының белгісі. Мұндай ұлтшылдық – «Халқымыздың жаны мен тірегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді. Ұлтты сүю – туа біткен қасиет, оған қарсы шығу – өз табиғатына қарсы шығу. Қазіргі қоғамымыздағы өз тілін білмейтін, қазақи діл мен салт-дәстүрлер бойларына сіңбеген мәңгүрттер саясаттың құрбандары болып, рухани мүгедек күйінде қалды. Арасында өзінің кемтарлығын түсінетіні де, түсінбетіні де бар. Түсінгеннен не пайда, өз  халқының қамын жеуге лайықтылары жоқ дерлік. Рухани азғындау, тілге байланысты, діни, саяси т.б. бөлініс жақсылыққа апармайтыны айдай анық. Тығырықтан шығатын жол бар ма деп ойланатын шақ келді. Ұлтыңды сүйсең, өзіңді қолына ал. Бос лозунг, өмірге мастықтан аулақ бол. Ұлтыңды тек жүрегіңмен сүйме, ісіңмен шың сүйетіндігіңді дәлелде. Жалған ойлардан, идеялардан санаңды тазарт. Сөзіміз түзелетін мезет келді, енді өзіміз де түзелерміз. Ұлтыңды құрмет тұту, тарихтан, ана тілден ажырамау – бұл жас ұрпақтың бойына сіңіретін қағидалар. Анығы, ұлтыңды сүюге тәрбиелеуі керек. Жалпы, ұлттың мақтан тұтар дүниесі – кімге болса да бұлжымайтын әрі қасиетті заң болуы тиіс. Ұлттық мақтаныш – ұлтшылдық пен шовинизмге қайшы: салт-дәстүр мен тілді сақтап, рухани даму және қоғамды жаңғыртуға, сонымен қатар, тәуелсіздікке қол сұғушылар мен басқа этникалық топтарды қорлауға тыйым салады»,- дейді Х.Исақов. 

Десе де, патриотизм өздігінен қалыптаспайды. Отансүйгіштік атты асыл қасиет бірқатар дүниені танумен пайда болады. Ең әуелі төл тарихты, екінші, ана тілін білу маңызды. Үшінші, бабадан балаға жалғасқан салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты білмек керек. Төртінші, тарихтан сабақ алып, тағылымын сақтау, дамыту. Бесінші, ұлттық қадір-қасиетімізді арттыру. Бұл ретте, «Отанды сүю отбасынан басталады» демекші, отансүйгіштік қасиетті қалыптастыруда отбасы тәрбиесінің маңызы зор екенін айтпай кетуге болмас. «Еліңді сүйсең ерлік істейсің», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі» т.б. мақал- мәтелдер сөзімізге анық дәлел.

Мектеп қабырғасындағы патриоттық сезім Отанына, халқына адал қызмет етуге, елінің Туын, Елтаңбасын, Гимнін қастерлеп құрметтеуге, халқының тегін, тарихын білуге тәрбиелеуден көрінеді. Әр оқушының еліне деген патриоттық рухты қалыптастыру үшін аға ұрпақтың Отан үшін жасаған ерлік, батырлық істерін жете түсіндіру – ұстаздың міндеті. Ерлігі мен өрлігі ел аузында қалып, өшпес ерлігімен аңыз болған ұлттың батыр ұлдары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Төлеген Тоқтаров, Талғат Бигелдинов, Қасым Қайсеновтердің ерлік істері өскелең ұрпақты патриоттық сезімге баулитыны сөзсіз. Патриотизм кіндік қаны тамған жерге деген құштарлықты,перзенттік махаббатты да білдіреді. Былайша айтқанда, ұлт патриоты білімі жоғары, көп білуге құштар, білімі мен білігін ең алдымен өзіне, содан кейін әке-шеше, отбасы, туыс-бауырларына, елі-жері жұртының игілігіне жұмсайтын ізденімпаз заманауи тұлға.

Жиында сондай-ақ мамандар қоғамдағы діннің рөлін де айқындап берді. Діннің адамдарды біріктіру, қоғам мүшелерінің арасындағы қарым-қатынасты реттеу, саяси жағдайды тұрақтандыру сияқты әлеуметтік құбылыстардағы орны ерекше. Біз мұны күнделікті өмірде көріп жүрміз. Біздің ұлтымызға өзіндік нақыш пен бояу беріп тұрған тарихи және мәдени қалыптасқан дәстүрлі Исламның да қоғам өміріндегі орны айрықша.

Әсіресе, полиэтносты Қазақстан халқы үшін исламның рухани әлеуеті мен құндылықтары ұлтаралық татулық пен дінаралық келісім мәдениетіне ықпалы зор. Қазақстанның ересек тұрғындарының арасында 95%-ы белгілі бір дінді ұстанатындығы мәлім. Соның ішінде 90%-ы – ислам және проваславие діндерінің өкілі. Бұлардың барлығын діндар деп айта алмаймыз, бірақ дәстүрі мен мәдениетіне сәйкес кейбір діни рәсімдерді орындайтындары ақиқат. Себебі дін кез келген халықтың тарихы және мәдениетімен біте қайнасқан. Сондықтан мемлекеттің ішкі және сыртқы рухани келісімге, дінаралық және этносаралық келісім мен бейбіт өмірге қол жеткізу үшін маңызды.

Қазақстан сияқты 130-дан астам этнос өкілі өмір сүріп жатқан қоғам өмірінде діннің маңызы артып отыр. Дінсіз қоғам болмайды. Діннің қоғамды жақсылыққа үндеудегі, ізгілікке шақырудағы рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен қазіргі таңда біздің ұлттық салт-санамыз бен заңдарымызға кереғар келетін, үйлеспейтін діни көзқарас¬тары өмірлік қағидалары мен өл¬шем¬деріне айналған азаматтардың радикалды бағыттағы талғамсыз талап-тілектері ойландырмай қоймайды. Бұл жағдай мемлекет пен діннің қарым-қатынасын реттеуге, зайырлылық ұстанымдарын нақ¬тылауға, оны терең ұғындыруға сергек қарауды талап етеді. Сондай-ақ діннің қоғам өміріндегі ық¬палы барынша ескеріле оты¬рып, мемлекеттің дін саласына қатыс¬ты ұстанымдарының басты ерек¬шеліктері қоғамдық санадан берік орын алуы қамтамасыз етілуі тиіс. Мұның барлығы сайып келгенде зайырлы мемлекеттегі діннің ор¬нын белгілеуде өте маңызды.

Дін қоғамды сауықтыруда, адами қарым-қатынастарды реттеуде, бейбітшілікке үндеуде, отбасылық құндылықтарды нығайтуда және басқа да мәселелерде негізгі идеологиялық құрал¬дардың бірегейі. Сондықтан əрбір мемлекет өзінің дінмен қарым-қатынас орнатудың тиімді моделін құруға мүдделілік танытады. Мәселен, бірқатар мемлекеттер өздерінің қоғамында берік орныққан дəстүрлі дінінің мəртебесін конституцияларында атап көрсеткен.

Осы орайда ҚР Конституциясының 1-бабы, 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», деп атап көрсетілгенін назарға алатын болсақ, бұдан біз азаматтарымыздың өзі қалаған дінді тұтынуы оның конституциялық құқы болып табылатынын ұғамыз. Алайда дінді ұстанушы жекеле¬ген тұлғалардың, сондай-ақ діни бірлестіктердің іс-әрекеттері мемлекет заңдарына қайшы келмеуі тиіс. Егер діни бірлестіктер ел тұтастығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін, кері әсерін тигізетін болса, онда олардың қызметі заңмен тоқтатылады.

Жалпы, ел ынтымағы мен тұтастығына нұқсан келтіретін діни бірлестіктерге мемлекет тарапынан тоқтам салу зайырлылық қағидаттарының бұзылғанын білдірмейді. Жұртшылық мұның ішкі мәнін ел қауіп-сіздігі мен татулығын сақтау мәселелерімен қатыстыра отырып саралағаны жөн.

Қорыта айтқанда, халқының көпшілігі мұсылман болғандықтан ислам әлемнің бір бөлігі болып саналатын, құқықтық және зайырлылық тұрғысынан жетілген, өзінің мақсатын айқындаған еліміз үшін зайырлылық қағидаттарына заман сұранысына сай ақыл¬мен жүгіну керектігін бүгінде халқымыз дұ¬рыс түсініп, баса назарда ұстаған абзал.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Павлодарда өңірлік семинар өтті
  • Бас консулмен кездесу өтті
  • Фарит Аюпов құрметке бөленді
  • Аналар кеңесі мен медиация кеңесінің жұмыс барысы пысықталды
  • Ассамблея жастары елдік пен бірлік жайында пайымды пікір алмасты
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер