Әлеуметтік шиеленістің алдын-алудың жолдары қандай?

image.png

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің өңір тұрғындары арасындағы кездесулері мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Бұл кездесулер 2024 жылғы қыркүйек айының 2-27 күндері аралығын қамтиды. 

Кезекті кездесулер Сарыағаш ауданының Жібек жолы, Дербісек ауылдарында және Келес ауданының Абай, Біртілек ауылдарында өтті. 2022-2024 жылдарға арналған «Түркістан облысында толерантты сананы қалыптастыру мен әлеуметтік шиеленістің алдын алу» өңірлік тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шара жоспарына сәйкес аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерінде тұрғындармен кездесу өткізу мен фокус-топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. 

Бұл ретте, облыс тұрғындары арасында өтетін кездесулер «Ұлтты сүю түсінігі. Ұлтшылдық және ұлтжандылық», «Діннің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді реттеуде алатын орны» тақырыптарында және «Этнос өкілдерінің қазақстандық қоғамға интеграциялануы» атты фокус-топтық зерттеу жұмыстарын қамтиды.

Басқосу барысында жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Сондай-ақ жиналған жұртшылық өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптар алды.

Аталған кездесулер мен фокус-топтық зерттеу жұмыстарына «Қоғамдық келісім» КММ-нің этносаралық қатынастар саласы мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Х.Исақов қатысуда.

Мамандар жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеудің қаншалықты маңызды екеніне тоқталып, бірқатар шешімдерін айтты. Сан ғасырлар бойы Қазақстан тарихында патриотизм ұғымы ерекше мәнге ие болып келеді. Сол замандардан бері қазақ халқының бойыны сіңген, елін-жерін сүю, қорғау, қызмет ету, ынтымақтастықты ту етіп ұстау, дәстүрге құрмет көрсету мәдениеті қалыптасты.

Осы тұрғыда өсіп келе жатқан ұрпақтың да бойына патриотизм құндылықтарын сіңіріп, оның жалғастығын үзбеу маңызды мәнге ие.

Патриоттық тәрбиенiң барлық жүйесiн ұйымдастырып, оның жұмыс iстеуiн және бақылауды қамтамасыз ететiн негiзгi институт мемлекет болып саналады. Жастарды патриотизмге тәрбиелеу  Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді перспективалы мемлекеттік жастар саясаты бағыттарының бірі болып табылады.

Президент Қасым¬Жомарт Тоқаев: «Еліміздің әрбір азаматы жұртшылықтың алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық пат¬риотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек», деген болатын.

Патриотизм – Отанға, туған жерге, өзінің мəдени ортасына деген сүйіспеншілік. Адамның бойындағы күш-қуаты мен білімін Отан игілігі мен мүддесіне жұмсау, туған жерін, ана тілін, елдің əдет-ғұрпы мен дәстүрін құрмет тұту сияқты патриоттық құндылықтар тал бесіктен бойымызға сіңе бастайды.

Сондықтан келешек ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тəрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тəрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мəдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн“,-деген болатын.

Ендеше рухани-мəдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтарға, тəрбиелеу күн өткен сайын маңызы артып келеді. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарымызды ана тілін, тарихын, салт-дəстүрін жетік білетін, құрметтейтін, жанашырлық, сенімділік, намысшылдық секілді мінезді бойына сіңірген ұрпақты қалыптастыру арқылы ғана əлемдік деңгейге көтере аламыз.

Ол үшін жеке тұлғаны қалыптастыру құралдары ретiнде ұлттық тәрбие мен педагогика үдерісіне ерекше көңіл бөлу керек. Педагогика адам тәрбиесіне қатты әсер етеді, сондықтан педагогиканы патриотизм тәрбиесінде белсенді қолдану керек.

Патриоттық тәрбиенің мақсаты жас ұрпақтың жақсы қасиеттерін қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін жұмсауға қалыптастыру болып табылады.

Бұл мақсаттарға қол жеткізудің негізгі міндеттері:

— мектептерде, колледждерде, университеттерде патриоттық тәрбиені насихаттау;

— жастардың сезімі мен танымында патриоттық құндылықтарды, көзқарас пен сенімді ұялату;

—  елінің тарихына, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына құрмет көрсетуге тәрбиелеу;

— жастар арасында отанына адалдықты және өз мемлекетін қорғауға дайындықты нығайту.

Патриоттық тәрбиені беру – қоғамымыздың ерекшеліктеріне байланысты болып келеді. Мысалы, экономикалық, рухани, әлеуметтік-мәдени, саяси факторлар әсер етеді. Өскелең ұрпақты қалыптастыру осы факторлардың даму процесіне қатысты.

Патриоттық тәрбие қағидаттары өзара байланысты, тұтас жүйені құрайды, оны басшылыққа ала отырып, педагогтар тәрбиенің мақсаттары мен міндеттерін тиімді орындауды қамтамасыз етеді, білім беру және мәдениет мекемелерінің, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ пен отбасының патриоттық тәрбие жөніндегі қызметін міндетті түрде қоғамдық және мемлекеттік реттеу жағдайында педагогикалық практикада білім мен тәрбиенің мазмұнын іске асырады.

Патриоттық тәрбие қағидаттарына тәрбиелеудің бағыттарын былай ажыратуға болады:

— бірлік пен тұтастықты нығайту;

— тәрбиеде халықтың әртүрлі санаттарын ескеру (мектепке дейінгі балалар, кіші оқушылар, жасөспірімдер, аға оқушылар, студенттер, мемлекеттік мекемелер қызметкерлері, әскери қызметшілер, қалалар мен ауылдар тұрғындары);

— Қазақстандағы әртүрлі  халықтардың тарихи қалыптасқан достық қарым-қатынастарын сақтау және дамыту,

— этносаралық қайшылықтар мен қақтығыстарды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу;

— ұлттық мәдениеттер мен халықтар тілдерін дамытуға жәрдемдесу;

— елдің халықтары мен ұлттық азшылықтарының тең құқықтылығын қамтамасыз ету;

— адамның және азаматтың нәсіліне қарамастан, оның құқықтары мен бостандықтарының теңдігін қамтамасыз ету;

— елдің халықтары мен діни конфессияларының өзара қарым-қатынастарында оң қарым-қатынастарды нығайту;

—  түрлі ұлттар мен нәсілдерге, олардың тарихи мұрасына құрметпен қарау,

— ұлттық, азаматтық-патриоттық және жалпы адамзаттық тәрбиелеудегі үйлесімділік;

— әрбір жаңа ұрпақта ұлттық сана-сезімді қалыптастыру;

–   басқа халықтардың құндылықтарын қабылдауға ашықтық;

— ұлтаралық қақтығыстарды болдырмау;

— әртүрлі халықтардың діни және конфессиялық ерекшеліктерін тәрбиелеуде ескеру;

— халықтар арасындағы құрмет пен сенім сезімін, діни төзімділікті тәрбиелеуде дәстүрлі діндермен ынтымақтастық және басқа да көптеген қағидаттартарды есепке алу.

Қазіргі жаңа тарихи кезеңде халқымыздың алдында жаңа тарихи міндет тұр. Ол ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз тəуелсіздігімізді сақтау. Егемендігіміздің мәңгілік болуына аянбай үлес қосу. Бұл мақсатқа тұлғаның бойында патриоттық құндылықтарды дамыту арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру арқылы жетеміз.

Ұлттық патриотизмнің негіздері Қазақстан Республикасының тарихи сананы қалыптастыруға арналған құжаттарында қарастырылған.

Қазақстандық патриотизмді əлемдiк тыныштық пен бейбiтшiлiктi сақтаудың негiзгi бiр тұғыры деп те айтуға болады. Осыған орай, патриотизмнің мəні мен патриоттық тəрбиенің мазмұны «мəдениет, тарих, білім» деп аталатын ұғым қоғам дамуының негізгі үрдістері арқылы дамиды.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясының негізгі ұстанымы – Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Ұлттық идея мен мемлекеттік идеология тұрғысынан қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі өзегі ұлттық патриотизм болып табылады.

Жиында сондай-ақ мамандар діннің қоғамдағы рөліне тоқталып, шиеленістерге жол бермеудің жолдарын қарастырды. 

Дін – ерте замандардан бері-ақ адамзат баласымен бірге жасасып келеді. Түрлі ерекшеліктерге байланысты адамдар арасында түрлі наным-сенім формаларының туындауы және олардың  әр жерде әртүрлі деңгейде пісіп-жетіле отырып, дін ретінде қалыптасуы да өмір заңдылығы немесе рухани қажеттілігі еді. Адамзат тарихында бастан кешкен түрлі формациялар мен кезеңдерде діннің де формалары өзгеріп, халыққа қызмет етудегі рөлін жоғалтпай сақтап отырды. Адамзат баласы – ақыл-парасаттың, ғұлама ойдың және өзге де игіліктердің иесі. Ал, осы игіліктерге ие етіп тұрған – Жаратушы күштің барын адам ешқашан есінен шығарған емес. Осылайша, діннің қоғам өмірімен байланыстылығы өзгермей тұрмайтын құбылыс болғанымен, адам санасына әсер ететін, наным-сенім қалыптастыратын ерекше күш екендігі мойындалды.

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы жəне қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор.

Дін – адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымыз, мемлекетіміздің өсіп, өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін – имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.

Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Өйткені, дінсіз, бір Алланың бар екеніне сенімсіз қоғамда адам баласының бойынан қорқыныш сезімі жоғалады. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.

Қараханид дәуірінде қанатын кеңге жайып, қазақ даласына енген Ислам діні салт-дәстүр, таным-түсінігімізбен біте қайнасып, болмысымызға етене жақын болды. Сондықтан кеңінен насихатталып, бірден тарады. Осылайша, кешегі он екі ғасырдан аса уақыт ішінде Ислам мұсылмандығымыздың мызғымас діңгегіне айналды.

Дін – адамзатпен бірге жасасып келе жатқан түрлі тарихи кезеңдер мен қоғамда өзін әртүрлі пішінде көрсетті. Адамзаттың рухани сұраныстарының түрлілігіне байланысты діндер де әртүрлі аталды. Дүниедегі халықтар, мемелекеттер өз тарихын зерттегенде діни, рухани үдерістерді негізге алады. Бұл кез-келген халықтың тарихи тағдырында діннің маңызды рөл атқаратындығын, оның рухани, мәдени өркендеуінің көкжиектерін айқындайтын негізгі фактор екендігін көрсетеді.

Бірақ, біреулер қаласа да, қаламаса да дін қоғам өмірінен өз орнын алатын болады. Өйткені, адамдарда жүрек пен сана бар. Пенделік тірліктен қажып, мұңға бататын жүрек өзінің дауасын іздесе, өмірдің мәнін іздеуде пенделік қисыннан қанағат таппайтын сана өзіне кең өрісті қажет етеді.

Жоғарыда айтқанымдай дін қоғам өмірінен өз орнын алатыны сөзсіз. Осыған орай жастарымызға дұрыс бағдар, жақсы тәрбие, қоғамымызға тигізер пайдасына байланысты жеке пікір ретінде мына нәрселерді ұсынғым келеді. Қазіргі таңда оқимын, ізденем деген жастарға үлкен жолдар ашылған. Сол нәрсені дұрыс пайдалана білген дұрыс. Діни сауатын арттыратын орын ретінде мешітке бағыт бағдар беретін едім. Өйткені қазір мешіттің жанында жастардың діни сауатын ашу мақсатында курстар  ашылған. Сол жерлерден діни білім алса қоғамға да пайдасын тигізер жастарымыз өсіп – өнер еді.

Жиынды қорытындылаған мамандар мұндай кездесулер жалғасын табатынын жеткізді. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер