Бүгін Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың Түркістан облысы ҚХА Журналистер клубы және «Ассамблея жастары» басшыларымен кездесуі өтті.
Кездесуге ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, ҚХА Медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатов, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева қатысты.
Алдымен Марат Алмасұлы Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбекті қабылдады.
Кездесуде этножурналистиканы дамытуға, журналистердің этносаралық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне, тиімді ақпараттық жобаларды іске асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Сондай-ақ бірлікті бекемдеу жолында медиа хабтың тиімділігі, еңбек адамдары мен ел бірлігін дәріптейтін дәстүрлі «Шаңырақ» байқауын одан әрі жандандыру, әлеуметтік желілерде жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы сапалы контентті ұлғайту жайы сөз болды.
Бұдан соң Қазақстан Халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облысы бойынша өкілдігінің төрағасы Абылай Амантаймен және өкілдіктің жекелеген мүшелерімен кездесті.
Қатысушылардың назары Қазақстан Халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында және Жолдауда Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындауға, жастарды этносаралық келісімді дамытуға тартудың маңыздылығына баса назар аударылды.
Жас көшбасшыларды қолдауға және қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті ілгерілетуге бағытталған ақпараттық өнімдердің сапасын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді.
Кездесу аясында «Ассамблея жастары» қызметін кеңейту, түрлі саладағы және мүдделі жастардың одан да көп санын жұмыспен қамту бойынша ұсыныстар айтылды.