Бірліктен асқан бақыт жоқ

image.png

Кентау қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен этносаралық татулықты насихаттау, ел бірлігін қамтамасыз ету және достық пен татулықты нығайту мақсатында қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында және «Жастар ресурстық орталығында» тағлымды кездесулер өтті.

– Қазақ жерін мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін бір үйдің баласындай тату-тәтті, жарасымды тірлік кешіп келеді. Жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды. Сондай-ақ, қазақ, халқының қарапайымдылығын, қонақжайлылығын, бауырмалдығын ерекше бағалайды. Бастысы, біз – ауызбіршілігі жарасқан елміз, – деді қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі А.Сахов қалалық әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өткен кездесуде.

Ұлы Дала төсіндегі ұланғайыр атырапты алып жатқан қазақ сахарасы ежелден бірлік пен берекенің, ырыс пен ынтымақтың, татулық пен тұтастықтың мызғымас мекені ретінде қымбат. Сан түрлі ұлт пен ұлыстың бір шаңырақ астында жиналуы олардың бір-біріне деген ілтипаты мен ізгілігін оятты. Бір-бірін бауырына тарту арқылы олар ортақ мүддеге жұмылды, елдіктің еңселі туын көтерді. Қазақтың құтты қонысында татулық бесігін тербеткен әртүрлі ұлт өкілдерінің ауызбірлігіне тарихтың өзі куә. Бұл туралы аналар кеңесінің төрайымы М.Кривенцова кеңінен тоқталды.

Ал, «Жастар ресурстық орталығында» өткен кездесуде өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, ақсақалдар кеңесінің мүшесі Х.Абдуалиев бірлік пен татулық тәлімінің қазіргі көпұлтты Қазақстан жағдайында маңызы ерекше екендігіне тоқталды. «Мемлекет құраушы, елдің, жердің иесі ретінде қазақ халқы өзге этнос өкілдеріне оның асқан үлгісін көрсетіп келеді десек артық емес» деді ол.

Айтса айтқандай, қазақ халқы қашанда бірлік пен татулық мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағалайды. «Бірлік бар жерде – тірлік бар», «Береке басы – бірлікте», «Ырыс алды – ынтымақ» деген сияқты көптеген мақал-мәтелдер соның айғағы. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз бала тәрбиесінде де осы қағиданы басты бағыт етіп ұстаған. Ол атадан балаға мұра болып, әлі де жалғасын тауып келеді.   

Біздің еліміздегі этнос өкілдеріне Қазақстан азаматтары ретінде тең құқық берілген. Олар білім алу, емделу, жоғары лауазымды қызмет атқару мүмкіндіктеріне ие.

«Қоғамдық келісім» КММ Кентау қалалық филиалының маманы А.Құрманбаева  барлық этнос өкілдеріне өз мәдениетін дамытып, салт-дәстүрлерін сақтауға лайықты жағдайлар жасалғанын атап өтті. «Этномәдени бірлестіктер әр халық өкілдерінің өз ұлттық дәстүрлерін сақтауына зор ықпал жасап келеді. Сонымен бірге, көпұлтты Қазақстанның мәдени жағынан әртарапта дамуына үлес қосып келе жатыр» деді баяндамашы.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер