Жастар достық туралы толғады

image.png

Сарыағаш ауданы, Қапланбек аграрлық- техникалық колледжінде "Дүниеде достық заңынан асқан заң жоқ" атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Аталған шараға облыстық "Қоғамдық келісім" КММ Сарыағаш аудандық филиалының мамандары, Сарыағаш аудандық әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы М. Давлатов және студент жастар мен этнос өкілдері қатысты.

Басқосу барысында ертеңгі ел болашағы жастарға тақырып аясында толғамды ойлар айтылды. 

Адам баласы өмірге жалғыз келіп, жалғыз кетеді. Бір адамдар жалғыздықты ұнатса, енді бірі көпшілік қауымның ортасында өзінің жалғыз емес екенін сезінгісі келеді. Жалғыздық –қорқынышты. Өмірден дос іздеу, жолдас іздеу – міндетіміз. Жалғыз рет берілетін ғұмырымызда доссыз жүру қасірет пе?

Жалғанды жалпағынан кешіп жүрген әрбір пенде баласы өмірде қиналғанда қасынан табылатын, қысылғанда демейтін, барын асырып, жоғын жасыратын адал досы болғанын қалайтыны анық. «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» деп тегіннен тегін айтылмаса керек-ті. Достық жайлы ұғымыңыз қандай? Ал, сіз, бүгінгі таңда достықтың бар екеніне сенесіз бе? 

Достықтың неше түрі бар? – деп сұрай қалсаңыз, әркім білгенінше жауап беріп жатады. Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен адам өмір сүріпті. Бір күні замандастары әңгіме-дүкен құрып отырған шақта оған: 

– Осы достықтың неше түрі болады?, - деп сауал тастаған екен. Сонда Әйтімбет: 

– Достықтың екі түрі болады. Бірі – адал достық, екіншісі – амал достық, – деп жауап қайтарыпты. Замандастары тағы да: 

– Енді осы екі достықты қалай ажыратамыз? – деп сұрапты. Әйтімбет ойланбастан: 

– Адал достық – өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өрісі қысқа болады, – депті. 

Бір данагөйден достықтың неше түрі бар деп сұрағанда, қария:  Бір достар болады, тағам секілді – оларға әр күні мұқтаж боласың,  Бір достар болады, дәрі секілді – жаның ауырғанда іздейсің, Бір достар болады, дерт секілді – өздері сені іздеп табады, Ал, енді тағы бір достар болады, ауа секілді – оларды көрмейсің, бірақ сенімен әрқашан бірге, – деп жауап берген екен.

Қазіргілердің көзқарасы бойынша адамдар бір-біріне сенуден қалған. Сенгісі келсе де, ішінде бір күмән тұрады. Сол себепті де, достық ұғымының ауқымы тарылған деседі. Қалай десек те, достыққа берік, досы көп жандар да бар. Ұзақ достық қалай басталады дегенге келер болсақ, ол бала кезден басталады десек қателеспейміз. Ескі доспен кездескен кезіңізде, есіңіз шығып қуанатыныңызды еске түсіріп көріңіз. Расында, ескі достар, сол бала кезде бірге ойнап, бір күлген бал күндердегі жолдасыңыз. Ескі дос һәм жаңа дос деп бөлуіміздің өзінде күдік жатқан жоқ па? 

Кейбір жандардың пікірі тіптен қызық. Олардың ойынша достық дегенді қиын күндерде қасыңнан табыла білу емес, сонымен қатар тілектес болу. Сіздің арман-мұратыңызға тілектес болуды қалайтын адамды да дос деп қабылдау керек дейді. Қалай дегенмен де, бағалауға лайық пікір. Иә, қанша адам болса, сонша көзқарас бар.

Қазақ халқы "Досы көппен сыйлас, досы азбен сырлас" немесе "Ақылды дұшпаннан қорықпа, ақымақ достан қорық"деу арқылы да өмірде достықтың қаншалықты маңызды екенін айтқан. Досыңыз көп пе, жолдасыңыз ба? Жолдастық пен достықтың аражігін ажырата алмауымыздан оның бағасын төмендетіп аламыз. 

Достыққа адалдық керек. Оған адал болам десеңіз, өзіңіз дос бола біліңіз. Ең бастысы – сенім. Досыңызға өзіңізге сенгендей сеніңіз. Сыйлы болыңыз. Жақсы көріңіз. Сенім бар жерде ұлы достық бар. Оның арты өмірлік сыйластыққа ұласады. 

Сонымен қатар дөңгелек үстелге жиылған жұртшылық татулығы жарасқан елімізден бейбітшілік пен береке кетпесін деген тілектерін жеткізді. 

Қазақстан  халқының бірлігі күні мерекесі бүгінгі таңда бейбіт өмір мен ынтымаққа  тұрмыс кешіп отырған  ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің  дәстүрі, асыға күтер мерекесі. Бұл күні – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен париоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Еліміздің басты  қорғаушы күші – қоғамдық келісім  мен  этносаралық  үйлесімді сақтау Қазақ елінің алдында тұрған басты міндет. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында  аянбай еңбек ету, әрбір Қазақстан азаматының міндеті.

Еркін форматта өткен дөңгелек үстелге жиналғандар өз ойларын ортаға салып, домбырамен күй тартылып ән айтылды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Сайрамда бірқатар азаматтар марапатталды
  • «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстан» шарасы өтті
  • Ақындар елдікті жырлады
  • Туған жерді түлету - жастардың қолында
  • Балаларды отансүйгіштікке баулу парыз
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер