Бүгін Кентау қаласының 69 жылдық мерейтойы аталып өтті. Салтанатты жиында Түркістан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Фарит Аюповқа Кентау қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.
Аталған марапатты Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов табыс етті. Фарит Галимұлы өңірімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайту жолында, сондай-ақ жасөспірімдерді спортқа баулуда жемісті еңбек етіп келеді.
«Ата Заңда елдегі өзге ұлт өкілдерінің қоғамға еркін араласып, дінін, дәстүрін, тілін сақтай отырып, Қазақстанның дамуына үлес қоса алатыны айқын көрсетілген. Нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді кемсітуге жол берілмейді. Еліміздегі барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Бұл туралы Конституцияда «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар» деп нақты көрсетілген. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді қазақ даналығы. Қазақ қоғамының мейірім мен бірлікке, татулық пен ортақ мүддеге бірігуі әлемге үлгі болар деңгейге жетті. Бұл абырой Ата Заңымыздың ықпалымен жүзеге асты. «Ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген əрекет конституциялық емес деп танылады» деп көрсетеді Қазақстан Республикасының Конституциясы. Заңның осы тармағы еліміздегі әрбір ұлт пен ұлыс өкілдерінің бойында ұлтаралық қарым-қатынас мəдениетін жоғары қоюына себепші болды. Тұтас халықтың болашағын бір мақсатқа ұштастыра білген елдің келешегі де кемел болмақ»,- деген Фарит Аюпов өз алғысын жкткізді.
Фарит Галимұлын бүгінгі марапатымен құттықтай отырып, ел үшін атқарып жатқан қызметінде абырой биігінен көріне беруіне тілектестік білдіреміз!