Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і құрылымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің қызметкерлері алдағы жұмыс жоспарын талқылады.
Бөлім қызметкерлері Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұловамен Аналар кеңесінің жұмыс жоспарын саралады.
Аналар кеңесінің төрайымы өз сөзінде Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының «Салауатты сана» тұжырымдамасы аясында жұмыс істеп жатқанын, бұл орайда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да Аналар кеңесінің құрылғанын жеткізді.
Жиында белгілі болғандай, «Салауатты сана» жобасы қоғамның бес кеселі - нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, құмарпаздық (лудомания), вандализм және ысырапшылдық сияқты жаман әдеттермен күресуге бағытталған ауқымды жоба.
Бүгінгідей жаһандық саясат сәт сайын құбылып тұрған уақытта елдің ішкі бірлігінің маңызы айрықша. Сәйкесінше, елімізде ұлттар арасындағы ынтымақ пен татулықты ту ететін түрлі бастамалар бар. Соның арқасында бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатқан көптеген ұлттардың бірлігі мығым. Жасыратыны жоқ, елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан да ауқымды бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келеді. Бүгінде бұл құрылым ел ішіндегі бірліктен бөлек, қоғамның бас ауруына айналған мәселелермен күресте де айрықша көзге түсіп келеді. Тарқатайық…
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиет сөзі қай заманда да мәні мен мағынасын жоғалтпайды. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақыратын тәрбиелік сөз жағымсыз қылық, жат әдеттен сақтандырады десек те, әр заманның өзіне тән кеселді қарекеттері болады.
Сол сияқты тағы бір қауіпті кесел – лудомания, яғни құмарпаздық. Кейбір мәліметтерге қарасақ, 400 мыңға жуық азамат – букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті. Бұл – тұтас бір қаланың халық санына пара-пар көрсеткіш. Шын мәнінде, лудомания – бейбіт күнде елдің шырқын бұзып жатқан қатер. Соның кесірінен талай шаңырақ шайқалды. Талай азамат заң бұзып, қылмысқа ұрынды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандар туралы хабарлар, өкінішке қарай, күн сайын тарап жатады. Бұл дерт жас ұрпаққа өте үлкен зиян келтіреді. Онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып барады.
Құзырлы органдар былтыр интернет-казиноның белгісі бар 4 мыңнан астам сайтты бұғаттады. Біз нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күресу үшін кешенді жоспар қабылдадық. Үкімет лудоманиямен күреске қатысты дәл сондай жоспар қабылдауы керек. Құмарпаздыққа заң жүзінде шектеу қою қажет. «Amanat» партиясы фракциясының бастамасымен осы мәселе бойынша тиісті заң жобасы әзірленді. Парламентте қаралып жатқан сол жобаны осы сессияның соңына дейін қабылдау қажет. Біз жастардың құмар ойынға салынып, арзан табысқа ұмтылуына жол бермеуіміз керек. Адал еңбекпен тапқан табыс қана берекелі болады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатігездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Жедел жәрдем және қоғамдық көлік жүргізушілеріне шабуыл жасалғанын білесіздер. Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда Заң үстемдігі болуы қажет. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.
Тағы бір кесел, бұл – вандализм. Өкінішке қарай, қоғамдық мүліктен бастап, мыңжылдық мәдени мұраларға дейін – бәрін жаппай бүлдіру кейінгі кезде әдетке айналған. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты қараңыздар. Ең жауһар жерлеріміздің сұлулығы шимайдың астында қалып жатыр. Үйдегі лифтіні, ауладағы ойын алаңын, көшедегі аялдаманы қиратудың қандай қисыны бар?! Мұның бәрі – барып тұрған тәртіпсіздік, мәдениетсіздік. Өркениетті елдің әрбір азаматы қоғам мүлкін өз мүлкіндей қорғауы керек. Дүние жүзінде, нақты айтқанда, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Қытайда, Сингапурда жағымды мысалдар көп, осы елдер көпке үлгі болып отыр. Ал біз неге олардан кем болуымыз керек?
Келесі түйткіл – ысырапшылдық. Шын мәнінде, ырыстың бастауы – үнемшілдік. Дамыған елдерде жарық пен суға дейін үнемдеп пайдалану жоғары деңгейдегі қоғамдық мәдениетке айналған. Ал бізде бұған мүлде кереғар жағдай қалыптасқан. Миллиондаған адамның ысырапшылдығы бүкіл елдің байлығын желге ұшырады. Мысалы, су мәселесі. Бізде суды үнемдеуге байланысты қалыптасқан дәстүр жоқ. Оны ашық мойындауымыз керек. Ал су болашақтың байлығы екенін бүкіл әлем мойындайды. Бұл – Қазақстан үшін аса маңызды мәселе. Себебі елімізде су тапшылығы пайда болды. Бізде материалдық қана емес, рухани ысырапшылдық та бар. Өзіңді, еліңді дамытуға қажетті қаншама алтын уақыт өнбейтін дау-дамайға, еш пайдасы жоқ іске жұмсалып жатыр. Әрқайсымыз үнемшіл әрі ұқыпты болсақ, еліміздің берекесі арта түсер еді. Ұрпақтың санасына осыны сіңіре беруіміз қажет. Осы дерттің бәрінен түбегейлі арылсақ, ұлтымыздың сапасын жақсартамыз, оны мүлде жаңа деңгейге көтереміз.
Қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барлығы бір кісідей жұмылуы керек. Мұны әрбір азаматтың және бүкіл қоғамның міндеті деп түсіну қажет. Себебі бұл – ұлттың болашағына тікелей қатысы бар мәселе.
Айта кету керек, “Салауатты сана” жобасы бұған дейін таныстырылған болатын. Бұл — ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзі негізіндегі қауіпсіз өмір сүру үшін арылу керек әлеуметтік кеселдермен күресу туралы берген тапсырмасы негізіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі мен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Хатшылығы жасақтаған жобасы. Мұндағы бес әлеуметтік кесел деп отырғанымыз – нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, отбасы және әлеуметтік зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылдық.
Мұнан соң, Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаевпен алдағы жұмыс барысын саралады.
Медиация саласы – бітімгершілікті ту еткен сала. Мамандар осынау құрылымның осы күнге дейін атқарылған жұмыстарын бағамдап, нәтижесі бойынша алдағы уақытта ауқымды отырыс өткізуді жоспарлады.
Медиация - жанжалға мүдделі емес үшінші тараптың қатысуымен дауларды бейтарап және әділ баламалы реттеу нысаны болып табылады.
Соңғы уақытта медиацияның танымалдығы артып келеді. Оның жаңа түрлері пайда болады. Мектеп медиациясы дамыды. Дәстүрлер мен тарихи мұраны ескере отырып, этномедиация жұмыс істей бастады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылдың 28 тамыздағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында жеке-құқықтық жанжалдар тараптары арасындағы ымыраға қол жеткізудің алуан түрлі жолдары мен тәсілдерін сот тәртібімен де, соттан тыс та, оның ішінде медиация тәртібімен де бекіту қажеттігі көрсетілген.
2011 жылдың 28 қаңтарында "Медиация туралы" Заң қабылданды, ол Қазақстанның бүкіл құқықтық жүйесі үшін маңызды оқиға болды. Қазақстан тарихында алғаш рет құқықтық кеңістікте жауапкершіліктің жаңа түрі немесе міндеттемені қамтамасыз ету тәсілі емес, адам құқықтарына, бостандықтарына және адамның өзіне деген құрметін арттыруға, өркениетті азаматтық және тұлғааралық қатынастарды қалыптастыруға, әлеуметтік және өзге де жанжалдарды шешуге арналған қоғамдық сананы нығайтуға бағытталған жаңа құқықтық институт пайда болды.
Медиация-құқықтық мәдениеттің қажетті элементі, медиацияны қоғамдық қатынастарды реттеуде кеңінен қолдану-азаматтық қоғамға көшудегі маңызды қадам. Медиация азаматтардың жауапкершілік сезімін, олардың іс-әрекеттері үшін жауапкершілікті сезіну және қабылдау мәдениетін арттырады.
Дауласқан тараптар үшін медиация рәсімі олардың қажеттіліктері мен мүдделеріне сай келетін келісімге қол жеткізуге мүмкіндік береді, іс-қимыл жасаудың белгілі бір шарттары мен ережелері, іс-қимыл кезектілігі, фазалары бар, сондай-ақ мынадай қағидаттарға негізделеді: еріктілік, құпиялылық, өзара құрмет, тараптардың тең құқықтылығы, медиатордың бейтараптылығы мен әділдігі, медиация рәсіміне араласуға жол бермеу.
Айта өткен жөн, бүгінде облыс бойынша 50-ден астам кәсіби және қоғамдық медиатор азаматтардың арасында туындаған мәселелерді бейбіт жолмен шешуде аянбай қызмет етіп келеді.