Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова модераторлық етті.
Келелі кеңеске облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің аудан, қалалардағы төрайымдары мен олардың орынбасарлары қатысты.
Іс-шарада сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева Қазақстан Халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясының шешімдерін іске асыру аясында 13 арнайы жоба бекітілгенін, бұл ретте Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің үлесіне «Салауатты сана» жобасы жүктелгенін атап өтті.
Осыған сәйкес, жиында аталған жобаның аудан, қалаларда бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспарлары сараланды.
Жиында «Салауатты сана» жобасының тұрмыстық зорлық-зомбылық тармағы бойынша Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Жәмила Ермаханбетова сөз сөйледі. «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы қабылданғаннан бері 75 жыл өтті. Азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау мәселелері әлі де алдыңғы қатарда тұр. Соңғы жылдардағы елеулі мәселелердің бірі отбасы және тұрмыстық қатынастардағы проблемалар болып табылады. Бұл - теңдік, кемсітпеушілік, ерік білдіру және өзін-өзі жүзеге асыру сияқты көптеген мәселелер. Әрине, адамды физикалық, психологиялық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылықтан қорғау ең өзекті мәселе болып қала береді. Отбасындағы қол сұғушылықтан жеке адамның қауіпсіздігі мәселелері кез келген қоғам мен мемлекетке тән. Бұл дәстүрлі отбасы қатынастардың ерекшеліктерімен де, жалпы дүниетаным мен моральдық құндылықтар жүйесінің дамуымен де байланысты. «БҰҰ-әйелдер» мәліметтері бойынша, әлемдегі 736 миллион әйелдің ішінде 15 жастан асқан әрбір үштен бірі физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Жыл сайын 45 мыңнан астам әйел серіктестерінің қолынан қаза табады. 155 ел тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңдар қабылдады, ал 140 елде жұмыс орнында жыныстық зорлық-зомбылық туралы заңдар бар. Алайда осы заңдарды сақтау және қол сұғушылықтың жазасыздығы мәселелері әлі де бар. Бұл елеулі экономикалық – денсаулық сақтау саласына жүктемесінің ұлғаюы, өнімділіктің жоғалуы, сот шығындары, сотталғандарды ұстау және т. б. шығындарға әкеп соғады. Отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қауіптілігін елемеуге болмайды, ол адамға зиян келтіру немесе өлім, жетімдік және балалардың жарақаттануы ғана емес, сонымен қатар отбасы және әлеуметтік байланыстар институтын бұзу, жоғары құндылықтардың – адамның, оның өмірінің, денсаулығының және қол сұғылмаушылықтың құнсыздануы болып табылады. Отбасы өмір әлеуметтік тәртіпке және сәйкесінше жалпы прогресс пен дамуға үлкен әсер етеді.
Еліміздің Президенті Қ-Ж.К. Тоқаев отбасы-тұрмыстық зорлықзомбылықтың көптеген жағдайларына көз жұма қарауға болмайтынын, дебоширлердің жазасыздығы олардың қылмысқа баруларына жол беріп, құрбандарын қорғансыз қалдыратынын бірнеше рет атап өтті. Елдегі жекелеген резонанстық қылмыстарға байланысты отбасытұрмыстық саладағы қылмыстық жауаптылықты күшейту және әкімшілік құқық бұзушылықтарды криминализациялау белсенді талқылануда. Сондықтан біздің ортақ күш-жігеріміздің назары санкцияларды қатаңдатуға ғана емес, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасыға және жоюға бағытталуы керек. Олардың ішіндегі ең бастысы - жұмысқа орналасуға, лайықты жалақыға, тұрғын үй жағдайына байланысты әлеуметтікэкономикалық қауіп факторлары. Білім деңгейі, құқықтық білім беру, гендерлік стереотиптерді алып тастау, салауатты өмір салтын және тұрмыстық әдеттерді насихаттау – ықпалдың маңызды аспектілері болып табылады. Қоғамда зорлаушылар мен абьюзерлерге төзбеушілік жағдайы қалыптасуы тиіс»,- деді ол өз сөзінде.
Ал «Салауатты сана» жобасының нашақорлық, құмарпаздық (лудомания) тармағы бойынша Келес аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлбала Сәрсенова пікір білдірді.
Зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде қоғамның дерті болып тұр. Адамның еркін билеп, ессіз әрекетке апаратын мұндай өмір салты талайдың тағдырын талқандап жатқан жайы бар. Мәселен, елімізде құмар ойындары құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті. Ал, құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, ойнайды екен. Сол секілді елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екен. Ал, нашаға тәуелділер саны 18 мыңнан астам. Бұл тек наркологялық есепте тұрғаны ғана. Ең қорқыныштысы олардың арасында әйелдер мен балалар бар. Бүгінде тіркеуде тұрған нашақорлардың 1,5 мың әйел болса, 66-сы кәмелетке толмағандар. Ал іс жүзінде бұл көрсеткіш 10 есеге көп болуы мүмкін. Сол секілді бардың берекесін кетіретін ысырапқорлық, Отанның бастауы шаңырақты шайқалтатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, адамзаттық құндылықтардың жауы — вандализмнен де қоғам зардап шегуде. Мұндай теріс әдеттерге ымырасыздық қоғам санасында берік орнығып, олармен күрес әрбір азаматтың қасиетті парызына айналуы керек. Өйткені, бұл әдеттер сапалы ұлт ретінде қалыптасып, бәсекеге қабылетті мемлекет болу мұратымызды тежейтін қауіпті факторлар. Сондықтан осы теріс құбылыстарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі назар аударып, олармен күрестің пәрменді сипат алуын міндеттеп келеді. Президент биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының 23 сессиясында сөйлеген сөзінде бұл мәселеге айрықша тоқталды. Онда Президент «Ассамблея нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресуде маңызды роль атқарады. Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы ат салысуы керек» деген болатын.
Қатерлі құбылыстармен күресте Қазақстан халқы Ассамблеясына айрықша міндет жүктеуі әрине, бұл ұйымның потенциалы мен мүмкіндігіне деген сенімді көрсетеді. Расында да Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде көптеген игі істердің ұйтқысы болып жүр. Әсіресе, ұйымның аясында құрылған кеңестер арқылы ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы өзара бірлік, ұлттық бірегейлікті нығайту тұрғысында жүзеге асып жатқан шаралар ауқымы кең. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы тағы бір маңызды жобаның дүниеге келуіне сеп болды. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана –мәдениетті ұлт» жобасы аясында әзірленген «Салауатты сана» жобасы. Бұл шара нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдықпен күрестің алдын алуға бағытталған жұмыстарды қамтиды. Олардың мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүзеге асырылатыны оң нәтижелерден үміттендіреді.
Жиында сондай-ақ Түркістан облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Салауатты сана» жобасын іске асыру туралы облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова сөз қозғап, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. «Жобада қамтылған шаралар ықылым заманнан елдің көшін түзеп келе жатқан ұлттық құндылықтарға негізделген. Олардың жүйелі түрде сапалы жүзеге асуы үшін барлық өңірлердегі Достық үйлері жобаның жүзеге асыру базасы, олардағы Аналар кеңестері үйлестірушілері болып белгіленді. Аналар кеңесі аясында ақпараттық түсіндіру топтары құрылып, әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Облыс көлемінде 5 кеселге қарсы күрес бойынша нақты шешімдер әзірлеу үшін кездесулер ұйымдастырылуда. Оған ұрпақ тәрбиесіне бейтарап қарамайтын еліміздің әрбір азаматы ат салыса алады. Орта және жоғары білім беру мекемелерінде ата-аналар мен балаларды, жасөспірімдерді, жастарды қоғамдағы осы келеңсіз құбылыстарға төзімсіздікке үндеу және ҚР-дің қолданыстағы заң нормалары бойынша түсіндірме сағаты өткізілуде. Тоқ етерін айқанда «Салауатты сана» жобасы аналар күшімен қоғамды түзеудің тиімді бір құралына айналмақ. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналардың түйсігі, парасаты, қажыры бұл шараның мазмұнын байытып, нәтижесін де зор етері сөзсіз»,- деді төрайым.
Басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, жиынға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасып,
Жиынды қорытындылаған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева отбасы құндылықтарын нығайту бағытындағы жұмыстар ұлттық дәстүрді негізге ала отырып жүйелі жалғаса беретіндігін жеткізді.