Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Төлеби аудандық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен, Ленгір қаласында орналасқан Tolebi Smart School жалпы орта мектебінің АКТ залында "Салауатты сана" жобасы аясында "Отбасы мен қоғамдағы зорлық-зомбылық немесе буллинг, ойынқұмарлық (лудомания), нашақорлық" құмарпаздық дерттін алдын алу шарасы болып өтті.
Мақсаты: Оқушылардың бойына адами игі қасиеттерді қалыптастыруға, денсаулықтың қадірін түсіне, сақтай білуге тәрбиелеу.
«Бүгінгі күн тәртібінде қойылып отырған тақырып өте өзекті. Бүгінгі салауатты сана жобасының да қазіргі қоғамға берері мол деп ойлаймын. Ұлы Абайдың айтып кеткен 5 асыл ісі мен 5 кеселді істері осы жобаға қатысты. Лудомания, нашақорлық, жастардың жасырын түрде нашаны таратуы қоғамда маңызды мәселелер болып отыр»,- деді ұйымдастырушылар.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абайдың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиет сөзі қай заманда да мәні мен мағынасын жоғалтпайды. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге шақыратын тәрбиелік сөз жағымсыз қылық, жат әдеттен сақтандырады десек те, әр заманның өзіне тән кеселді қарекеттері болады.
Үшінші ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаев бүгінгі қоғамға қауіпті бес кеселмен бүкіл ел болып күресу керектігін айтты. Соның бірі –нашақорлық. Әсіресе балалар арасында өріс алып бара жатқан бұл қатерлі кеселдің жолын кесіп, белсенді күрес жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болатыны құрылтайда өзекті мәселе ретінде төтесінен қойылды. Сондықтан Мемлекет басшысы есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатаңдатып, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынды.
Кесірлі кеселдің бірі –лудомания, яғни құмарпаздық. Құмар ойын талай шаңырақты шайқалтып, талай азаматты қылмысқа ұрындырған қоғамның бір дерті болып отыр. «Тұрмыстық зорлық зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақытта қатерлі үрдіс. Ашығын айтқанда қоғамда қатыгездік күшейіп барады» деді Мемлекет басшысы.
Ал, вандализм барып тұрған мәдениетсіздік, тәртіпсіздік. Бурабайдағы Жұмбақтасты, Баянауылдағы Кемпіртасты шимайдың астына алып, табиғаттың сұлулығына нұқсан келтірген, мыңжылдық мәдени мұраларды бүлдіріп, талқандаған жаман әдеттер тиылмай келеді.
Ысырапшылдық та аталған бес кеселдің бірі. Әсіресе суды үнемдеуге деген құлық жоқ. «Судың да сұрауы бар» деген тәмсілдің мәніне бойламайтынымыз өкінішті. Су тіршіліктің нәрі, болашақтың байлығы екенін ұрпақ санасына сіңіру қажеттігі жиында баса сөз болды.
Айта кетейік, аталмыш жобаның мақсаты «Мәдениетті ана-мәдениетті ұлт» Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің жобасы шеңберінде қоғамның 5 әлеуметтік қауіпті кеселдерді: нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және ысырапшылдықты алдын алу және оларға қарсы күрес бойынша жүйелі жұмысты ұйымдастыру.
Шара соңында қатысушылармен Қазақстан Халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің салауатты өмір сүретін саналы қоғам қалыптастыру Адал азамат тәрбиелеуге бағытталған жаңа жобасының жүзеге асыру бойынша идеялар мен міндеттері талқыланды.