Бүгін Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырысында Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің ІІІ тоқсандағы атқарылған жұмыстары және алдағы жоспарлары талқыланды. Басқосуға Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің мүшелері және өңірдегі кәсіби медиаторлар қатысты.
Жиында сөз алған Түркістан облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев өркениетті елдерде бүгінде медиация институтына мықтап ден қойылып жатқанын, бұл ретте медиация ұғымы қазаққа да жат емес екенін тілге тиек етті.
– Жалпы медиация, оның ішінде этномедиация жұмыстары Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында жақсы деңгейде екендігін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылдың маусым айындағы Атырау қаласында өткен Құрлытайда оң бағасын берген болатын. Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Республикалық Медиация кеңесінің бастамасымен елімізде «Елдесу және татуласу» жобасы кең көлемде жүзеге асырылуда. Осы жоба аясында Түркістан облысының Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы этномедиация орталығымен этносаралық жанжалдардың алдын алу және болдырмау, орын алған дау-дамайларды медиация тәртібі арқылы бейбіт жолмен шешу мақсатында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Қазіргі кезде осы этномедиация орталығына қарасты өңірдегі барлық 17 аудан мен қалаларда 19 медиация кабинеті жұмыс істесе, онда 56 кәсіби және 170 қоғамдық медиаторлар заң талаптарына сәйкес өз қызметтерін атқаруда, - деді Бақытжан Жармаханұлы.
«Медиация» термині латынның «mediare», делдалдық ету деген сөзінен шыққан. Медиация — үшінші, бейтарап, әділ, жанжал нәтижесіне мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің баламалы жаңа түрі. Аталған үшінші тарап ретінде медиаторды танимыз, ол даудың немесе сотта қаралатын істің қатысушыларының белгілі бір келісімге келуіне көмектеседі, сонымен бір мезгілде тараптар дауды реттеу мен оны шешудің шарттары жөнінде шешім қабылдау үдерісін толығымен бақылап отырады.
Медиация азаматтық, еңбекке қатысты, отбасылық және басқадай құқықтық қатынастарға байланысты, сондай-ақ ауырлығы шағын және орташа қылмыстық істер жөнінде туындаған дауларда қолданыла алады. Азаматтар, сондай-ақ заңды тұлғалар медиацияға белсенді түрде жүгінген жағдайда сот жүйелеріне түсетін ауыртпалықты айтарлықтай жеңілдетіп, соның арқасында анағұрлым ірі істердің шешілу сапасын арттыруға болады. Халықаралық статистикаға сәйкес, барлық даулардың 30-40 % медиация рәсімінен өтеді, олардың 85 %-нда оң нәтижелерге қол жеткізілген.Қазақстанда «Медиация туралы» Заң 2011 жылдың 5 тамызында күшіне енді. Бұл заң ҚР медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ, медиатордың мәртебесін айқындайды.
Медиацияны жүргізу қағидаттары:
- еріктілік;
- құпиялық;
- өзара сыйласушылық;
- тараптардың тең құқылығы;
- медиатордың бейтараптығы мен әділдігі;
- рәсімнің ашықтығы.
Медиацияның басты мақсаты – қос тарапты бірдей қанағаттандыратын және дауласушылық деңгейін төмендететін өзара тиімді әрі өзара қолайлы, бейбіт келісімге келу. Сот өндірісінен айырмашылығы – медиация барысында «кінәлілер» мен «кінәсіздер» деген тараптар болмайды. Өйткені, бұл құқық саласы қылмыс жасаушылар қатарын бірыңғай бас бостандығынан айыру жолымен жазалауды емес, адам құқықтары мен бостандығын қорғауды және қалпына келтіруді көздейді. Басқаша айтқанда, медиация мүмкіндігіне қарай істі сотқа жеткізбеу мақсатын көздейді.
Медиацияның тағы бір оңтайлы жағы - қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігінде және уақыттың үнемділігінде. Сотта іс әдетте ұзаққа созылады, ол тіпті айларға созылуы мүмкін. Бірнеше мәрте сот отырыстары белгіленеді, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі де мүмкін, сөйтіп жағдай ушыға түседі. Бұл ретте медиацияның келесі ерекшеліктері алдыңғы қатарға шығады – тараптардың еріктілігі және жеделдетілген шараның бейресмилігі. Дауды шешуге медиаторға небәрі 30 күн уақыт беріледі. Белгілі бір себептермен бұл мерзім ұзартылуы да мүмкін, бірақ 60 күннен аспауы тиіс.
Сотта тараптар бір-біріне қарсы әрекет етеді, ал медиация барысында өзара ынтымақтаса қимылдайды.
Сот тағайындалады, ал медиатор таңдалады.
Сот шешімді заңға сәйкес қабылдайды, ал медиатор тараптардың мүдделерін ескере отырып, бірақ заң аясында қабылдайды.
Сот – жария үдеріс, ал медиация құпиялылықты қамтамасыз етеді, бұл медиатордың рәсім барысында мәлім болған ақпаратты оны ұсынған тараптың келісімінсіз жария қылуына жол бермейді. Сәйкесінше, медиатордан куәгер ретінде жауап алуға рұқсат етілмейді.
Медиаторға жүгіну керек пе, жоқ па дегенді тараптар өзара келісіп шешеді. Мұндай жолмен мәселенің шешілуі мүмкін болмаған жағдайда олардың сотқа жүгіну құқығы сақталады. Медиация барысында тараптардың тең құқылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер жүктеледі.
Сонымен қатар тараптар өз қалаулары бойынша медиацияны жүргізу орны мен медиацияны жүргізу барысында қай тілдің қолданылатыны жайында келісе алады. Тараптардың келісімімен медиатор медиацияның жүргізілу күні мен уақытын белгілейді.
Жиында белгілі болғандай, медиаторлардың жүйелі жұмыстарының нәтижесінде өткен жылы өңірде этнос өкілдерінің қатысумен 131 құқықбұзушылық болса, соның 113-і бойынша медиация тәртібі қолданылған. Биылғы жылдың басынан бері облыс көлемінде этнос өкілдерінің қатысуымен 54 құқық бұзушылық орын алса, оның 31-і медиация тәртібін қолдану арқылы оң шешімін тауып отыр.