Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмалар кезең-кезеңімен орындала бастады.
Маусымның 5-індегі референдумға бүкіл республика жұртшылығы зор белсенділікпен қатысса, жалпы Түркістан облысы өңірлерден оза шауып көш бастады. Осыдан төрт жыл бұрын құрылған Түркістан облысы мен құрылғанына бір жыл болған Сауран ауданы тұрғындарының да азаматтық позициялары нығайып, үлкен істерді атқаруға ынта жігері өсе түсуде.
Президент Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекетіміздің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты. Мен бұл мәселеге 2019 жылғы Жолдауымда кеңірек тоқталдым. «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деген ұстаным әрдайым өзекті. Осы орайда, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымның оңтайлы болуы өте маңызды. Бұған дейін Шымкент республикалық маңызы бар қалаға айналды. Облыс орталығы Түркістан қаласына көшірілді. Сонымен бірге Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы деп аталды. Бұл қай жағынан алсақ та, дұрыс қадам болды. Оны халық өте жылы қабылдады. Мен «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаламда осы үрдіс жалғасатынын айтқан едім»,-ерекше тоқталды.
Елімізде соңғы жылдары ғылымға ойдағыдай көңіл бөлінбегені рас. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп өз алдына дербес салаларға айналды. Оның сыртында билікті орталықсыздандыру жұмысы да қарқынды жүргізілуде.
«Билікті орталықсыздандыру үдерісін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес. Біз нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастырамыз. Ең алдымен, мемлекет пен жергілікті өзін-өзі басқару институттарының міндеттерін тиімді ажырату қажет»,-дейді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Қазіргі таңда Жолдауда берілген тапсырмалардың барлығы да қоғам белсенділері тарапынан үлкен қолдауға ие болып отыр.
Асылзат Бердібайқызы,
Түркістан қаласының тұрғыны