Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізде үш облыстың ашылатынын айтып, халықты бір қуантып тастады.
Міне осы нәтижелі қадамның жалғасы ретінде елімізде үш облыс қатар ашылды. Мәслихат хатшылары, әкімдері сайланды. Мұны Мемлекет басшысы Ұлытау, Абай, Жетісу деп неге атайтындығын дәйектеп түсіндірді.
«Азаматтарымыздан көптеген ұсыныстар келіп түсті. Менің тапсырмам бойынша оның бәрі мұқият зерделенді. Халықтың қалауын ескеріп, мен бүгін бірқатар бастама көтергелі отырмын. Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз.
Тағы бір мәселе. Бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім.
Кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз.
Үшінші мәселе. Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халықтың алысқа сабылуына тура келеді. Осы және басқа да жайттарды ескере отырып, Алматы облысын екіге бөлуді ұсынамын.Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал, Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді деп санаймын.Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді»,-дейді Мемлекет басшысы.
Референдумның соңын ала басталған барлық саладағы жаңғыру жолдарын жұртшылық өкілдері бірден байқады.
Маусымның 16-сында Ұлытауда өтетін ұлттық Құрылтайдан аса ірі жобалардың бастау алатындығынан бүкілхалық үлкен үміт күтулі.
Меруерт Тұрарова,
Түркістан қаласының тұрғыны