Түркістан қаласының облыс орталығына айналғалы 4 жылдан асты. Осы уақыттар ішінде шаһардың әлеуеттік-экономикалық әлеуеті күн санап артып келеді. Ең басты түйін осы дамудың даңғыл жолындағы бірегей еңбектер екені айдан анық.
Осынау қысқа уақыт ішінде киелі шаһар көркейіп, көрсе көз тоятындай үлкен Жалпы Түркістан қаласы туризм, мәдениет, медицина, білім мен ғылым, спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылатын орталыққа айналып келеді. Мұнда тұрғындардың, жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі жүріп жатқанын айтып өткен еді. Қаланы дамытудың ІІ кезеңі шаһардағы 4 аумағында жүзеге асырылып отыр. Оның біріншісі – әуежай аумағы. Мұнда 12 жоба қолға алынады. Оның ішінде 100 орындық қонақүй, жеміс бағы, 50 гектар жерге жылыжай, 10 мың бас ірі қара бордақылау кешені, 1 200 бас тауарлы-сүт өндіру фермасы салынбақ. Екіншісі – әкімшілік-іскерлік орталығында жүзеге асатын 57 жоба. Олардың қатарында Халықаралық теннис орталығы, құрылысы жүріп жатқан «Мұз сарайы» бар. Одан бөлек, ат спорты кешені, демалыс орындары мен денсаулық сақтау нысандарын да атап өтуге болады. Сондай-ақ осы аумақта жалпы 4,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 46 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
Ал үшіншісі, Б.Саттарханов даңғылының бойында да бірқатар жоба жүзеге асуы тиіс. Төртінші аумақ – Мәдени-рухани орталықта Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының аумағын абаттандыру жоспарға алынған. Бұдан бөлек, «Керуен сарай» тұрғын үй кешені, «Аманат» коттедж қалашығы, Medina Palace қонақүйі, «Қылует» мәдени-рухани орталығы салынып жатыр. Жалпы, Түркістан қаласын дамытудың 2-кезеңінде инвестициялардың көлемі 1,3 трлн теңге болады деп межеленген. Оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асады.
Қаланы суландыру, газдандыру мәселесі шешімін тапқан. Жасыл алқап аумағы ұлғайып, қаланың экологиясы да жақсарып келеді. Туристер саны артып, республикалық, халықаралық деңгейдегі басқосулар жиі өтіп жатыр.
Жалпы Түркістан облысы құрылған 2018 жылмен салыстырғанда осы төрт жылда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының оң үрдісі айқын аңғарылды. Атап айтқанда, жалпы өңірлік өнім көлемі 1,6 есе артып, 2,8 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 1,6 есеге артып, 707,8 млрд теңгеге жетсе, ауыл шаруашылығы өнімі 1,7 есеге артып, 906,5 млрд теңгені құрады. 823,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2018 жылмен салыстырғанда ол 2,1 есеге өсті. Облыс бюджетінің көлемі 1,7 есеге артып, 970,3 млрд теңге болды.
Өңірде ауыз толтырып айтарлық жүйелі жұмыс көп. Оның тағы бірі – облыстың индустриалдық аймақтарында жалпы құны 32 млрд теңге болатын 44 жоба іске қосылған. Нәтижесінде 2 368 жұмыс орны ашылып отыр. Биыл құны 4,2 млрд теңге болатын 6 жобаны іске қосу арқылы 246 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазір 793 млн теңгеге 2 жоба іске қосылып, 36 жұмыс орны құрылған. Өңірде Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі қарқынды жалғасып жатыр.
Жоғарыда атап өткендей, аймақтың құрылыс саласы шапшаңдықпен дамып келеді. Есесіне құрылыс жұмыстарының көлемі 2021 жылы 2,3 есеге артып, құны 322,9 млрд теңгеге жетіп отыр. 2018 жылы бұл көрсеткіш 139,1 млрд теңге болатын. Демек, құрылыс саласындағы даму қатты жылдамдықпен қарқын алған. Жыл басынан бері 191,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Түркістан облысы халқының басым бөлігі жерден нәпақасын тауып отыр. Шаруашылыққа бейім оңтүстіктің тұрғындары күн жылына қара жерден дән алуға кіріседі.
Облыс ауыл шаруашылығында жыл басынан бері 199,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ол 101,2 пайыз болған. 2021 жылдың 5 айында 170,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген болатын. Мұндай өнім алуға өңірде жаңбырлатып және тамшылатып суару, өзге де жаңа технологияларды батыл енгізудің пайдасы орасан. Түркістан өңірінің қолайлы ауа райы ерте пісетін дақылдарды өсіруге, бір жерден жылына екі-үш өнім алуға мүмкіндік береді. Біз бұл тәжірибені халыққа түсіндіріп, семинарлар өткіздік. Насихат жұмысы жүрді. Нәтижесі жаман емес. Былтыр «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 8 400 гектарда 3 000 жоба жүзеге асырылып, 145 500 тонна көкөніс өнімі жиналды. Биыл егіс көлемі 851 000 гектарға орналастырылып, жоспар 100%-ға орындалды. Өткен жылдан 5 500 гектарға ұлғайды (2021 ж. – 845,5 мың га). Қосымша 26,6 гектарға жылыжайлар салынып, алаңы 1 494 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлардың 71%-ы Түркістан облысында орналасқан. Жыл қорытындысымен 1 590 гектарға жеткізілетін болады.
Өңірде тамшылатып суғару, жаңбырлатып суару технологияларына басымдық беріліп, шаруалар суды үнемдеуге көшкен. Осы арқылы су үнемделіп, өнімділік еселеп артып отыр.
Қазір Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 34,3 млрд теңге болатын 5 серпінді ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Азық-түлік қауіпсіздігі де басты назарға алынған. Тұрақтандыру қорының есебінде құны 327,6 млн теңге болатын 3 615,8 тонна тауар бар. Бұған қоса қосымша 1 млрд теңге қаржы бөлініп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 12 түрі сатып алынбақ.
Сонымен қатар Түркістан облысы шағын кәсіпкерлікті дамытуда көш бастап тұрғанын атап өту керек. Өңірде 150 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Мұнда кәсіпкерлікті қолдау бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын ескере кету керек. Өңірде «Қарапайым заттар экономикасы» арқылы 42,9 млрд. теңгеге 315 жоба мақұлданған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр. «Бизнестің жол картасы–2025» бағдарламасы арқылы 2,2 млрд теңгеге қолдау көрсету жоспарланып отыр. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 47%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеге жеткен. Қазір өңірде Түркістан облысы әкімдігінің тиісті басқармалары арқылы кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттік жеңілдіктер алу жолын түсіндіру бойынша ауылдарда, қалаларда семинар-кеңестер өтіп жүр.
Түркістан шетелдіктер үшін туризмімен еске түседі. Сондықтан өңірде туризм саласын дамыту, оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.
Түркістан облысында туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылы 102 млрд теңге болған. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көш бастап тұр. Өңір тарихи және мәдени мұраға бай. Түркістан, Кентау қалалары мен Отырар, Ордабасы, Бәйдібек аудандары бағытында тарихи-танымдық туризмі, Сарыағаш курорты аумағында емдік- сауықтыру туризмі, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт аудандарында экологиялық туризм түрлері қарқынды дамып келеді.
Аймақта «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» жобасының инфрақұрылымын салу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жоба туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік маңызы бар туристификациялау картасының ТОП -50-іне енгізілген.
Сонымен қатар облыс болып құрылған төрт жылдың ішінде халқының саны 285 216 адамға көбейгенін де айтпай кетуге болмайды. Түркістан осылайша түрленіп, түлеп жатыр.