Түркістандағы «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде «Түркістан – рухани қауіпсіз қала» тақырыбында өткен форумда айтылды. Аталған форум облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденовтің бастамасымен, қоғамдық даму басқармасының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Жанаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері отбасындағы жанжал бойынша 580 шақырту түссе, оның 360-ы ішімдік ішіп алып, шаңырағында шу шығарған. Мас болып, жанжал шығарғандарға қатысты 11 қылмыстық іс тіркелсе, 153 дерек көлік тізгіндеуге байланысты. Демек қылмыстардың көп тіркелуіне ішімдік едәуір әсер етуде. Бұл орайда қаланың рухани болмысы мен тұрғындардың тұлғалық ерекшелігін айшықтау мақсатында «ішімдіксіз қала» мәртебесіне жету полиция қызметкерлері үшін де маңызды іс. Сондай-ақ басқарма басшысы «Керуен сарай» сауда әрі ойын-сауық кешенінің басшылығы және «Бірлік» шағын ауданындағы кафе иелерімен қауіпсіздікті сақтау бойынша бірлесе жұмыс істеу жөнінде келісім жасалғанын айтып өтті. Сервистік полиция моделін қалыптастыру мақсатында «Қауіпсіз қала», «Қауіпсіз жол» іс-шараларын тұрақты түрде өткізіп, рейдтер ұйымдастырылған. Бұл жұмыстар өз жемісін беруде. «Түркістан шаһарында тұрғындармен ашық әрі тығыз байланыс орнату, «сервистік полиция» тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыс атқарылуда. Облыстық полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау жұмыстары күшейтіле түсті. Қоғамдық тәртіпті сақтау, тұрақтылықты ту ету басты орынға шықты. Шаһарда «Азаматтарға арналған қабылдау» фронт-кеңсесі жұмыс істеп тұр. Жаңа орталықтың ашылуы арқылы полиция қызметкерлері халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды көздейді. Кеңес беріп, жаңа форматта жұмыс істеуде. Соның бірі – арыз-шағымдарды бейнежазу арқылы қабылдау. Арнайы техникамен жарақталған бөлме бар, сол жерде шағымданушының сөзін, айғақ заттарын таспаға басып алуға болады. Бұл өз кезегінде іс қағаздарының бұрмаланбауына әсер ететін бірден-бір фактор», деді Бауыржан Жанаев. Сондай-ақ полиция басқармасының басшысы тұрғындарды қоғам тыныштығын бірлесе қамтамасыз етуге шақырды.
Айта кетелік, аталған форумға спортшы, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы Ардақ Назаров, медиасарапшы, журналист Өркен Кенжебек, сарапшы, журналист Нұрділда Ораз, кәсіпкер, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Олжас Сүлейменов, әнші, спортшы Ескендір Ибрагим арнайы спикер ретінде қатысты. Олар рухани астана атанып келе жатқан облыс орталығын қауіпсіз қала ету төңірегінде өздерінің пікірлерін жеткізіп, көпшілікпен пікір алмасты.