Түркістан қаласының қарқынды дамуы көп салада ілгері басқан. Өркендеумен бірге қала халқының саны жыл сайын артып келеді. Сонымен бірге баспана мәселесі тіпті де үлкен мәселеге айналып келеді. бір анық дүние шаһар облыс орталығына айналғалы баспанамен қамтуда республика бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді. Салыстырмалы түрде алып қарағанда белгілі мөлшерде тұрғындар мұңын шешуде.
Нақтылап айтқанда блыс мәртебесін алған Түркістанда жер мен пәтер бағасы күн санап шарықтай түсуде. Тапқаны, қапқанына жетпей жатқандар да жеткілікті. Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің баяндауынша, құрылыс бөлімі тарапынан 2020 жылдан бастап Түркістан қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталықта 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Оның аумағы 340,9 мың шаршы метр болса, барлығы 5313 пәтері бар. Тоғыз қабатты бес үйде 14,02 мың шаршы метрлік 225 пәтер пайдалануға берілмек.
Несиеге берілетін пәтерлер саны 4039-ға жетіп отыр. Жеті қабатты 32 үйде 116,4 мың шаршы метрлік 1851 пәтері қамтылады. 12 қабатты 45 үйде 210,5 мың шаршы метрі қамтылып, 3237 пәтер салынуда. Мұндай құрылыс қарқыны Қазақстанның еш жерінде жоқ. Барлығы 5313 пәтерде қала тұрғындары қоныс тойын тойламақ. 2020 жылы 336 пәтерлік жеті қабатты жеті тұрғын үй ипотекалық несиемен берілді. Қала әкімінің айтуынша биылғы сегіз айда 7 қабатты 10 тұрғын үй яғни 780 пәтер (53 478 ш.м.) қабылдаудан өтіп, пайдалануға берілді. Оның 330 пәтері ипотекалық несиеге берілсе, 450 пәтерді кезекте тұрған отбасыларға беру жоспарланған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатқан жеті қабатты жеті тұрғын үйдің 336 пәтері түгелдей ипотекалық несиеге беріледі. Қазіргі таңда оның бесеуі қабылдаудан өтті. Әр тұрғын үйде 48 пәтерден, оның ішінде, 1 бөлмелі – 45,73 м², 2 бөлмелі – 66,65 м², 3 бөлмелі – 82,13 м². Тұрғын үйлердің төменгі қабаты коммерциялық қабатпен қамтылған. Алайда, осы ипотекалық несиенің өзі талайдың жүйкесін жүн қылып, түтіп жіберді. Себебі, шетелден 3-4 пайыздық заем алған алпауыт банкирлер өзінің отандастарының қанын теспей сорып, он есеге дейін өсімін қоюы әдетке айналған. Халық ашынғаннан, «біздегі ипотеканы тек Дункан Маклауд қана толық төлей алады» деседі. Ал, көркемкиноның кейіпкері Дункан Маклауд өлмейтін адам. Бірақ, түркістандықтар бір банкінің несиесін екіншісінен қарыз алып жауып жүре беруді әдетке айналдырған. Мына тәжтажал келіп килікпегенде, саудаға бейім, бейнеткеш түркістандықтардың тұрмысы тым жақсарып қалар еді.
Қала әкімі ұсынған тұрғын үй нарығындағы ақпараттарға көз салсақ, бірнеше компания өз ұсыныстарымен жаңа жобаларын жасап шығарды. Мәселен, Матайбеков жобасы: 12 қабатты 10 тұрғын үй 680 пәтер 38426,3 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 600 пәтер сатылымға қойылса, 80 пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі. Әр тұрғын үйде 68 пәтерден, оның ішінде, 1 бөлмелі – 31,0 м², 2 бөлмелі – 58,60 м², 3 бөлмелі – 78,58 м².
Тұрғын үйлердің жертөлесі коммерциялық қабатпен қамтылған. Қазіргі таңда тұрғын үйлердің 5 данасының құрылысы аяқталуға жақындап, Отбасы банкі арқылы сатылымға қойылуда. Тұрғын үйлер орталық жылу жүйесімен қамтылған. Басжоспар КЗ жобасы: 12 қабатты 29 тұрғын үй 2047 пәтер 141 861 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 1471 пәтер сатылымға қойылса, 576 пәтер кезектегі отбасыларға беріледі. Бас жоспарға сәйкес тұрғын үйлер алты жер телімінде 5 үйден орналасқан. Әр тұрғын үйде 70-71 пәтерден бар. Оның ішінде, 1 бөлмелі – 40,76 м², 2 бөлмелі – 62,14 м², 3 бөлмелі – 88,59 м². Қабылдау биылғы жылы басталып, келесі жылы жалғасады.
Интер констракшн жобасы: 12 қабатты 6 тұрғын үй 510 пәтер 30263 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 446 пәтер сатылымға қойылса, 64 пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі. Әр тұрғын үйде 85 пәтерден, оның ішінде, 1 бөлмелі – 42,90 м², 2 бөлмелі – 64,46 м², 3 бөлмелі – 77,95 м². Мердігер тарапынан қазіргі таңда екі тұрғын үйдің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Осы айдың аяғына дейін қабылдау жоспарланып отыр. Қалған төрт үйдің жобасы түзету енуіне байланысты 2022 жылға созылады.
Тур Проект жобасы: 7 қабатты 15 тұрғын үй 735 пәтер 43263,1 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 735 пәтердің барлығы сатылымға қойылады. Аталған тұрғын үйлер қараша айларынан бастап қабылдаудан өтетін болады. Әр тұрғын үйде 49 пәтерден, оның ішінде, 1 бөлмелі – 36,14 м², 2 бөлмелі – 58,46 м², 3 бөлмелі – 69,36 м². Тұрғын үйлер бойынша бес тұрғын үй құрылысы аяқталуға жақындап, банкке сатылымға қойылған. Үйлер толығымен ағымдағы жылы қабылдаудан өтеді. Мұнда дербес жылу жүйесі болады.
Каз Элит Строй-2050 жобасы: 9 қабатты 5 тұрғын үй 225 пәтер 14 027 шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 121 пәтер сатылымға қойылса, 104 пәтер көпбалалы отбасыларға беріледі. Әр тұрғын үйде 45 пәтерден, оның ішінде, 1 бөлмелі – 38,4 м², 3 бөлмелі – 68,62 м². Бүгінгі күнге екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Қалған үш үйде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысан 2022 жылға созылады. Тұрғын үйлер толықтай орталық жылу жүйесімен қамтылады.
Қазіргі таңда тұрғын үй мәселесі ел тұрғындары үшін ең өзекті тақырыптың бірі. Түркістан жағдайында баспана жайын шешудің бірнеше жолы бар: құрылыс компанияларынан тікелей сатып алу, банктердің ипотекалық бағдарламалары, қызметтік пәтер алу, жалға алып, кейін толық сатып алу, мемлекеттік бағдарлама арқылы алу немесе азаматтардың жекелеген тобына әкімдіктен берілетін үйлер. Елімізде үй кезегіне тұра алатын адамдар санаты электронды Үкімет порталында бекітілген. Ең алдымен, тұрғын үй кезегіне тұру үшін азамат өзі баспаналы болғысы келетін елді мекенде тұрақты тұруы тиіс. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға үміткерлер тізімі төмендегідей: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасына жататын азаматтар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтары, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлікке үміткерлер және мемлекеттік сайлау лауазымындағылар. Жалғыз баспанасы апатты жағдайда деп танылған азаматтар. Еліміздің заңнамасы бойынша азаматтарға тұрғын үй тегін берілмейді.
Бұл туралы сала маманы Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының есепке алу және тұрғын үйді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдызай Ордабекова қазіргі таңда тұрғын үйге қол жеткізудің екі бағыты жүзеге асып жатқанын айтады. «Бірінші бағыты – сатып алу құқығынсыз жалға пәтерлер алу және екіншісі – несиелік негізде берілетін пәтерлер. Кезекте тұрған азаматтар қалауы бойынша арендалық тұрғын үймен қамтылады. Егер олар кезек күткісі келмесе, несиелік жолмен баспанаға ие бола алады», – дейді ол. Несиелік жолмен тұрғын үйге қол жеткізуде кезекте тұрған азаматтарға жеңілдетілген бағдарламалар қарастырылған. Тұрғын үй мәселесін шешу үшін 2019 жылдың маусым айында «Бақытты отбасы» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Ол бойынша 20 жылға 10 пайыздық алғашқы жарнамен жылдық мөлшерлемесі 2 пайыз жеңілдетілген ипотека беріледі. Сондай-ақ, үйге мұқтаж ретінде әкімдікте есепте тұрған азаматтар «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты «Шаңырақ» жобасына қатыса алады.
Бұл бағдарлама бойынша 5 пайыздық жылдық мөлшерлемемен, 10 пайыз алғашқы жарна арқылы 20 жылға несие алу мүмкіндігі берілген. Алайда, Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2021 жылдың қазанындағы қорытынды бойынша елімізде жаңа пәтерлердің бағасы 1,9 пайызға өсті. Ал, екінші сатылымдағы пәтер бағасы 1,2 пайызға қымбаттаған. Жалға берілетін тұрғын үй саласында да бағаның өскені байқалады. 2021 жылдың қыркүйегінен қазанға дейін бір айда тұрғын үйді жалдау ақысы 0,9 пайызға қымбаттады. Ұлттық статистика бюросы мәліметіне сәйкес, республика бойынша жаңа тұрғын үйдің бір шаршы метрі 352654 теңгеге бағаланады. Бұған дейін қолданыста болған пәтерді сату кезінде бір шаршы метрі үшін баға 279216 теңгеден басталады. Ал, пәтерді жалдап тұру ақысы бір шаршы метрі үшін орта есеппен 1 888 теңге тұрады. Осылайша бір жыл ішінде жаңа пәтер құны 14,6 пайызға, екінші сатылымдағы пәтер 23,7 пайызға қымбаттады.
2015 жылдың желтоқсанына қарағанда жаңа тұрғын үйдің бағасы 27,4 пайызға, екінші сатылымдағы үй бағасы 43,1 пайызға өсті. Баға 2020 жылдың соңы мен 202, 2022 жылы тым шарықтаған. Қазақстандағы тәжтажал індетіне бой бермей, жыл бойы құрылыс жұмыстарын тәулік бойына тоқтатпай келе жатқан киелі Түркістан қазіргі таңда алып құрылыс алаңына айналған. Еліміздің барлық өңірінен Түркиядан, Өзбекстаннан келген шеберлер шаһардың шырайын келтіруде. Алайда, баспана жайы құрылыста жұмыстанып жатқандардың да, қала тұрғындарының да барлығының дерлік бас ауруына айналған. Қалайда, бір қалқан болар, көлеңке іздегендей сабылып «Отбасы банкінің» маңынан шықпайды.
Осының барлығына сараптама жасайтын болсақ Түркістан қаласының құрылыс бөлімі тапсырысымен Әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылдан бастап көпқабатты 5649 пәтерден тұратын 89 үйдің құрылысы басталған. Жалпы 360,6 мың ш.м. аумақты алып отыр. Осылдардың ішінде 4488 пәтер кредиттік жол арқылы халыққа берілсе болса, 1161 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрғандарға табысталған екен.
Енді осыншама баспананы жеке-жек тарқатып айтатын болсақ 2020 жылы 336 пәтерден тұратын 7 үй кредиттік тәсілмен халыққа берілген.
2021 жылы 1921 пәтерден тұратын 29 үй екі тәсіл бойынша тұрғындарға жол тартқан. Нақтылап айтқанда 1427 баспана кредиттік, 494 пәтер кезекте тұрған азаматтарға берілген.
2022 жылдың 9 айлық қорытындысы бойынша 2668 пәтерден тұратын 42 үй пайдалануға берілген. Оның ішінде 2 111 кредиттік жолмен болса, 581 баспана тұрғын үй кезегінде тұрған хтұрғындарға берілген.
Сонымен қатар 2020 жылы бастапқы жоспардағы 89 үйдің 11 үйі қалды. Атаулы баспананың 572 пәтері кредиттік, 144 пәтері кезектегі тұрғындарға беріледі деп жоспарлануда. Олар №11 көшеде орналасқан 7-12 қабатты 8 тұрғын үй (7 қабатты-2 үй, ФЕБ Строй ЖШС-3 үй, Шымкентқұрылыс ЖШС-3 үй). Сонымен қатар, №9 көшеде орналасқан 12 қабатты 5тұрғын үй (Азим Строй ЖШС-1 үй, Саха-2005 ЖШС-1 үй, Талап Строй ЖШС-1 үй) құрылысы Аталған үйлердің қабылдау мерзімі қазан-қараша айларында қабылданады.
Бүгінде Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 16 мыңнан асады. Ал, Республика бойынша кезекте тұрғандар саны 600 мыңнан асқан. Парламент, Үкімет деңгейінде халыққа тұрғын үй салу үшін жер беру мәселесін оңтайландырып, баспана бағасын төмендетудің жайын қарастырмаса, жарты миллионнан астам адамның баспанасыз жүруі – бұл шын мәнінде әлеуметтік дүмпуге әкеліп соқтыратын аса қауіпті құбылыс.