Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркістан жұртымен жүздесті

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі облыс орталығындағы "Ақжайық" музыкалық мектебінің мәжіліс залында Түркістан жұртымен жүздесті.

Screenshot_20.jpg

Келелі басқосуға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, облыс ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мүшелері, аудандық және қалалық кеңестің төрағалары, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен жастар қатысты. 

Кездесуде алғаш болып сөз алған Дархан Қуандықұлы министрліктің атқарған жұмыстары мен жоспарлары жайлы баяндады.

- Бақ қарап, Қыдыр дарыған түгел түркінің төрі атанған киелі Түркістан жұртымен қауышқаныма қуаныштымын. Қастерлі Түркістан жаңарып, түрленіп келеді. Менің алғашқы еңбек жолым осы Түркістанда басталған. Қасиетті шаһар тек облыс орталығы емес, түркі жұрты үшін ортақ қала ретінде құнды. Біздің министрлік бірнеше саланы қамтиды. Атап айтқанда, қоғамдық даму, азаматтық қоғамды ілгерілету, этносаралық қатынастарды реттеу, дін мен жастар мәселесі, отбасы және ақпарат саласы. Мемлекет басшысының айтқан ашық әділетті қоғам қалыптастыру бастамасы – осы азаматтық қоғамды құрумен тікелей байланысты, - деді министр. 

Дархан Қуандықұлы министрлік тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға басымдық беріліп, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі арта түсетіндігін жеткізді. Мәселен биыл 1800-ге жуық әлеуметтік жоба қолдау тапқан. Мұнан бөлек, жастардың жайы да назардан тыс қалмайтындығын айтты. 

- Бүгінде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысы жандануда. Діни бірлестіктердің саны да артып, этносаралық бірлік нығайып келеді. Бірлік пен бейбітшілік – біздің елдің басты байлығы. Жастарды жұмыспен қамтып, жастар санатын 29 жастан 35 жасқа көтеру бойынша заңға өзгерістер ену үстінде. Отбасы құндылығын арттыруға арналған «Мерейлі отбасы» сынды жобалар жалғаса бермек. Сонымен қатар, БАҚ саласында да біршама реформалар жасалады. Атап айтқанда, жақын болашақта журналистердің мәртебесі, БАҚ-ты қолдау, ақпараттың қолжетімділігі бойынша оң өзгерістер болады, - деді министр.

Сұрақ-жауапқа ұласқан жиында басқосуға келген жұрт ұсыныстары мен сауалдарын жолдады. Телеарналарда тағылымды, тәрбиелік мәні бар сериалдар мен телехабарларды көбейту, азаматтарды патриоттыққа жетелейтін жобаларды жүйелеу, дәстүрлі дінді ұстану, ұлттық тәрбиеге негізделген бастамаларды қолдау сынды ұсыныстар айтылды. 

Жиын соңында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі барша жиналған жұртқа алғысын білдіріп, еңбектеріне береке тіледі. 

Сондай-ақ жиыннан соң министр азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бұл ретте, барлық ұсыныстар назарға алынып, тиісінше жұмыстар атқарылатындығын айтты.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер