«Экология мәселесі әрқашан өзекті, тіпті, ұлттық қауіпсіздік мәселесі десек болады. Себебі, тұрғындардың денсаулығы, тұрмысы қоршаған ортаның жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан, экологиямен айналысатын арнайы министрлік құру менің Президент қызметіндегі алғашқы шешімдерімнің бірі болды",- деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында экологиялық мәселелерді жақсарту керектігін баса айтып келеді.
Осы ретте Түркістан қаласының ғалымдары бұл мәселеге бей-жай қарамай, шаһардың экологиясын жақсартудың жолын іздеуде. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экология» ғылыми зерттеу институты еліміздің оңтүстік өңірі аймағының экологиялық зардап шегуіне байланысты экологиялық мәселелерді шешу мақсатында 2001 жылдың 1 қыркүйегінде құрылған болатын.
2008 жылдан бастап «Экология» ғылыми-зерттеу институтын техника ғылымдарының докторы, профессор Ақбасова Аманкүл Жақанқызы басқарып келеді.
«Экология» ғылыми зерттеу институтының басты мақсаты – биосфера нысандарына түсетін антропогендік қысым деңгейін төмендете алатын, өндіріс қалдықтарын өңдеу мен іске асыруға бағытталған экологиялық тұрғыдан тиімді технологияларды жасау және оларды өндіріске енгізу.
Табиғи материалдар және антропогендік қалдықтарды өңдеу арқылы алынған белсенді заттар мен басқа да өнімдерді пайдаланып, жаңа геохимиялық кедергілер, ремедиация әдістері арқылы ластанған экожүйелерді залалсыздандыру мен зарарсыздандырудың экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді технологиясын жасау. Осы ретте, біз Түркістан қаласы аймағында «Қатты тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу арқылы екінші ретті шикізаттық, тауарлық өнімдерді алудың экологиялық үйлесімді, әрі тиімді технологиясын жасау және оны ендіру» атты гранттық қаржыландыру негізіндегі жұмыстарды жүргізіп келеміз",- дейді зерттеу институтының басшысы.
Инститтутың ғылыми-тәжірибелік қызметінің негізгі бағыттарына қоршаған ортаны сауықтыру мен қалпына келтіру, табиғи ресурстарды тиімді кешенді түрде пайдалану, биологиялық алуантүрлілікті сақтау, тұрғындар денсаулығына экологиялық тұрғыдан қолайлы жағдай туғызуға сеп болу, дүниежүзілік мұраның тарихи-мәдени және архитектуралық ескерткіштердің тұрақты сақталуына қатысты зерттеу-бақылау жұмыстарын жүргізу жатады.
«Экология» ғылыми-зерттеу институтының «Экологиялық бақылау және химиялық талдау» зертханасы бар. Бұл жерде экологиялық сараптау жұмыстары, су, топырақ сынамаларына физика-химиялық және биологиялық талдаулар жасалынады, ауа атмосферасын тазалау және мониторинг, құрылыс материалдарын қалдықтардан алу, технологиялық үрдістердің аз немесе қалдықсыз технологияларды жасау арқылы тауарлық өнімдерді алу, топырақты зиянды қалдықтар мен ауыр металдардан детоксикациялау әдістерін жасау, Ұлы Жібек жолының бойындағы тарихи ескерткіштерді қорғау және қайта өңдеу, дәрілік-профилактикалық биологиялық белсенді заттарды жасау, ауыл шаруашылығындағы жануарларды әртүрлі аурулардан емдеу сияқты кең ауқымды жұмыстар атқарылады.
Институт базасында жоғары сапалы вермикомпост және калифорниялық құрттардың биомассасын алудың белгілі әдістерімен (ұзақтығы 4-6 ай) салыстырғанда жылдамдатылған, әрі жетілдірілген вермитехнология әдісі жасалған. Алынған құрттардың биомассасы ветеринария мен медициналық практикада құстар мен жануарларға профилактикалық, емдік және тағамдық қоспа ретінде қолданылатын жаңа биологиялық белсенді препараттардың негізі болады. Бұл технология 2016 жылы Ресей Федерациясының өнертабыстық патентіне ие болған.
Сондай-ақ мұнда күкірт қышқылын өндіруші өнеркәсіптен шығатын күкірт-перлит құрамды қалдықтар мен ауылшаруашылығының қалдықтары негізінде белгілі әдістерден ерекшеленетін бірқатар құрылыс материалдарының рецептуралары жасалынған.
Вермитехнология – биотехнологияның бір бағыты. Вермитехнологияда ауылшаруашылығы қалдықтарын, яғни малдардың көңі мен өсімдіктердің шірінділерін бірге араластырып ферментациядан өткізу арқылы институт мамандары оған қызыл калифорниялық құрттарды жібереді. Бұл процесс нәтижесінде құрттардың биомассасы өндіріледі және оларды түрлі мақсатта пайдалануға болады. Фармация мен ауылшаруашылығы өндірісінде, малдарға антибиотик және азықтық қоспа ретінде қолдануға болады. Бұл препарат өсімдіктердің өсуі мен дамуына оңтайлы әсер ететін қасиетке ие, сонымен қатар, мұнаймен, ауыр металдармен және басқа да экотоксиканттармен ластанған топырақтарды детоксикациялауға да жағдай жасай алады.
Институт соңғы үш жылда Ғылым қорының комерцияландыру бағыты бойынша берілген ғылым грантын жеңіп алып осы бағытта іргелі жұмыс жасауда. «Қызыл калифорниялық құрттардың дәрумендірілген биомассасы мен ақуызды азықтық вермиқоспаларды гранула түрінде өндіру» атты жоба аясында жұмыс істеген. Жоба нәтижелі аяқталды. Қор тарапынан берілген қаржы игеріліп, аккредиттелген заманауи өндірістік цех жүйелі жұмыс істеп жатыр. Енді келісім-шарт бойынша жұмыс істеп, өндірілген өнімдерімізді нарыққа шығарып содан қаржы табуымызға болады дейді мамандар.
Вермитехнология процесін жүргізген кезде калифорниялық қызыл құрттары ауылшаруашылығы қалдықтарын: көңді және өсімдік шірінділерін азық ретінде пайдаланады, содан шыққан шығарынды өнім «биогумус» деп аталады. Биогумус – жерді өңдеуде, топырақты, егістік жерлерге тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Ол топырақтың тозуын тежейтін пайдалы тыңайтқыш. Жемдік қоспаға қарағанда биогумуске көбірек сұраныс бар.
Институт сондай-ақ, биоорганикалық, мелиорантты тыңайтқыштар және т.б өнімдер шығарады. Жаңақорғандағы Күкірт қышқылы зауытымен («СКЗ-U» ЖШС) 2012 жылдан бері келісім-шартпен жұмыс істеп келеді. Мұндағы мамандар зауыттың қалдықтарын кәдеге жарату арқылы утильдеу жұмыстарын жүргізеді. Зауыт оларға жылына 2,5 млн теңге көлемінде қаржы аударып тұрады. Күкірт-перлит құрамды қалдықтың тигізер пайдасы өте зор. Оны сумен, әкпен бірге қайнату арқылы ағаштарды күтіп-өңдейтін күкіртті-әк сығмасын жасайды. Осы тұнбаны Ботаникалық бақта, университет кампусындағы ағаштарды күтіп баптауға, түрлі аурулар мен зиянкестерден қорғауға арналған ерітінді ретінде пайдаланып келеді.
Институт қызметкерлері Жаңақорғандағы Күкіртқышқылы зауыты («СКЗ-U) мен Ащысай түсті металл комбинаты қалдықтарын пайдалана отырып, түрлі декоративті құрылыс материалдарын жасаған. Университет алдындағы алаңқайға төселген плиткалар магистрант Дилорам Азиханованың магистрлік диссертациясы зерттеулерінің өндіріске ендірілген нәтижесі. Ол плиталар осы институттың зертханасында жасалған. Патенттелген.
Тағы бір айта кетерлігі институт ауласында шағын жылыжай құрылған. Сол жылыжайдың қабырғасын да мамандар пластик ыдыстарға түрлі өндіріс қалдықтарын толтырып, пластик ыдыстармен қалап шыққан. Олар өндіріс қалдықтарын да, тұрмыстық қалдықтарды да осылайша кәдеге жаратуға болатынын дәлелдеп отыр.