Зиялы қауым өкілдері Ұлытаудан оралды

image.png

Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтың бастамасымен түркілер төрі қасиетті Түркістанның 50-ден аса зиялы қауым өкілі ұлт ұясы Ұлытаудың киелі орындарымен танысып қайтты.

Сапарға аттанған делегация құрамына ақ жол тілеген қала әкімі өз сөзінде:

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанды атажұртымыздың алтын қазығы десе, Ұлытауға ұлттың ұясы деп баға берген болатын. Ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолынан бүгінгі ұрпақ та адаспай келеді. Өткенді үлгі тұтар ұрпақ қалыптастыруда өздеріңіздің еңбектеріңіз бен қосқан үлестеріңіз мол. Бұл бағытта бірге атқаратын жұмыстарымыз әлі де көп деп білемін. Сіздерге сәтті сапар тілей отырып, ұлылар мекені Ұлытауға киелі Түркістанның ыстық сәлемін жеткізуді сұраймын», – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.

«Түркілер төрі Түркістаннан – ұлт ұлысы Ұлытауға» деп ұрандатқан түркістандық делегация Ұлы даланың Ұлытауындағы тарихи орындарды аралап, ұлт бірлігін нығайту мақсатында Қызылордаға дейін автобуспен барып, одан әрі қарай пойыз тасымалы арқылы Ұлытауға бет алды. Алаштың анасы атанған Сыр елінен бағыт алған жүрдек пойыз қойнауына құт ұялаған мысты шаһар Жезқазғанға табан тіреді. Түркістаннан ақжолтай сәлемін ала келген зиялы қауым өкілдерін Жезқазған вокзалында Ұлытау облыстық және Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары бастап, мәдениет басқармасы, облыс және қала әкімдігінің басшылығы ерекше ілтипаттарымен құшақ жая қарсы алды. «Жол азабын жүрген білер» деген сөздің қаншалықты дөп айтылғанын осы арамен жүргендер түсінетін шығар. Жолдың ауырлығын да елемеген қазыналы қариялар мен аяулы аналар дархан елдің кең пейілділігіне ризашылықтарын білдіріп, арнайы көліктерге жайғасып, алғашқы қадамнан-ақ алғыстарын жаудырды. Алғашқы күннен бастап Түркістандықтарға етене таныс азамат, Ұлытау облысының прокуроры Жарқынбек Бақашбаев сынды бірқатар ел ағаларының бастауымен делегация мүшелері қаланың көрнекті жерлерімен танысты.

Делегация құрамы келесі күні қаладан 160 шақырым жердегі Хан ордасына сапарға аттанды. Хан ордасына апарар жолда түркі мифологиясы үшін зор мәнге ие 9 метрлік «Көк Бөрі» мүсінін тамашалап, бойларына күш-жігер жинап, ерекше рухтанған зиялы қауым өкілдері сапарды жалғастырды. Дәл мұндай мүсін ТМД елдері арасында тек Қазақстанда ғана бар. Ұлытаудың ұлылығын көрсетіп тұратын қайталанбас дербес мүсін. Экспедиция мүшелерi «Ұлытау – ұлт ұясы» монументіне де соқпай кетпеді. Ұлт бірлігінің айқын белгісі іспетті мәдени нысанда естелік суретке түсіп әрі қарай ұлы жолға қамданды. Ұзақ жол болса да батагөй қариялардың жүздеріне шуақ тұнып тұрды. Бұл бабалар мұрасына деген кемел махаббат пен бабалар аманатына деген жауапкершілікті сезінудің айқын нышаны болса керек. Ұлытаулықтардың шұғыл ұйымдастыру шеберліктерінің арқасында экспедиция мүшелері алапат ойдың жетегімен көне тарих көмбесі Ұлытау даласының борпылдақ топырағын шаңдата кешіп, бір күнде қос бірдей ірі тұлғаның, Алаша хан мен Жошы ханның кесенесіне зиярат етіп, тарихи-мәдени жаухарлармен танысты. Жошы хан күмбезінің маңынан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауды ұлттық туризмнің ор­талығы ету туралы бастамасынан кейін салынған «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенінің куәсі болды. Сайын далада алыстан менмұндалап көрінетін Жошы хан кесенесін жаңадан салынған мәдени кешен толықтырып, заманауи үлгіде көріктендіре түскендей. Хан кесенесімен екі ортаға Жошының еңселі ескерткіші орнатылған. Оның жанына хан кеңесі өтетін шатыр тұрғызылған. Хан шатырының өзі ойыңды сан-саққа жетелеп, тарихтың тұңғиығына алып баратындай әсер сыйлайды. Мәдени мұраларды зиялы қауымға түсінікті түрде археолог, тарихшы-ғалым Айдар Ысқақов таныстырып, әр нысанның тарихына кеңінен тоқталып, көкірегі қазынаға толы қарияларды рухани байыта түсті. Ұлытау жұрты бағзы заманға саяхаттауға мүмкіндік туғызып, түркістандықтарды киелi орындардың тарихымен таныстырып, сол нысандар-мен байланысты рухани-мәдени құнды-лықтарды насихаттаудан жалықпады.

Ақсақалдар кеңесі мен аналар кеңесі, ардагерлер кеңесі мен қоғамдық келісім кеңесінің мүшелерінен құрылған зиялы қауым өкілдерінің екі күнге созылған Ұлытаудағы киелі орындарға сапары қос облыс ақсақалдарының алқалы жиыны-мен қорытындыланды. Қасиетті Түркіс-тан мен Ұлытау арасын шежірелі аймақ жалғап жатыр. Екі өңірдің тарихи-мәдени бейнесі ел үшін ауқымды маңызға ие. Сондай-ақ, бізбен арнайы кездесуге Ұлы-тау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы да келіп, Ұлытау мен Түркістанның байланысын нығайту жөніндегі идеяларымен бөлісіп, Ұлытаудың ертеңі мен өркениетке бетбұрысы жайлы өзінің ойларын ортаға салды.

«Түркістан мен Ұлытаудың қазақ үшін орны бөлек. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, біз түрлі кезеңдерді өткерген қайсар, бірлігі бекем халықпыз. Ұлытау жері қазақ тарихында саяси мағынаға ие қасиетті орда. Алғашқы қазақ хандарын сайлаған орда. Қазақ үш жүзге бөлінбей тұрғанда, үш жүзге ыдыраған кезде де ұлы хандарды сайлаған құтты орда. Есім ханның тұсында Қожа Ахмет Ясауи әулиенің кесенесінде хан сайлау басталған еді. Түркістан алты алаштың астанасына айналған еді. Кейінгі хандардың барлығы сол қасиетті Тұран даласынан хандыққа көтеріліп, ислам дінінің өркендеуіне жол ашты. Қазақ хандары Тұран даласынан қаншама шақырымды артқа тастап Жошы ханға келіп тағзым еткені тарихтан мәлім. Жошы хан өмірден өткен соң араға жылдар салып ұрпақтары мазар салды. Бірнеше ғасырлар бойына хандықтың орталығы Ұлытау болғаны да тарих беттеріне жазылған. Сол бабалар жолын жаңғыртып, Ұлытау жеріне қадам басып жатыр екенсіздер. Сіздерді көріп марқайып қалдым. Түркістан мен Ұлытау бірге болса, бүкіл қазақ даласы бірге болады деп ойлаймын»,- деді Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы.

Сондай-ақ, Қызылорда-Жезқазған тас жолын салу арқылы екі тарапты жақындастырып қана қоймай, барша қазақ жұртына киелі орындардың тарихымен танысуға мүмкіндік жасап, тарихи құндылықтармен сусындауға бағыттаушы басты жолды негізге қою жайлы жоспарларымен бөлісті. Алдағы уақыттарда Түркістан-Жезқазған бағытындағы әуе жолын жүзеге асыруды мақсат етіп жатқанын да тілге тиек етті. Түркі дүниесінің есігі болған Түркістан мен ұлы бабаларымыздың жатқан топы-рағы ұлт ұясы Ұлытау арасындағы ынты-мақтастықты арттыру мақсатында түрлі жобалар жасалып жатқанын да айта кетті.

"Төрт қақпалы қасиетті Түркістан топырағынан Ұлытау облысына зиярат жасап, киелі орындарды аралап, үлкен толқыныспен келе жатқан жағдайымыз бар. Қала әкімінің қолдауымен алғашқылардың бірі болып Ұлытау жеріне барып, халқымен қауышып, тарихымен танысып, облыс мәртебесін алған Ұлытау жұртын құттықтап келеміз. Ұлытаудан алған әсерімізді сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы іссапарын Ұлытаудан бастағаны, алты алаштың басын қосып құрылтай өткізуі халық жадында, ел тарихында қалатын тарихи оқиға. Түркістандықтардың ақжолтай сәлемін жеткізудегі мақсатымыз ойдағыдай орындалды. Тілге тиек етер тағы бір жайт бар. Былтыр тәуелсіздік күнінің қарсаңында Қаз дауысты Қазыбек би бабамызға арналған алып ескерткіштің ашылуы болды. Бабамыз мәңгілік ұйқыдан оянып, алақанын жайып исі мұсылманды ынтымаққа шақырып тұрғандай әсер береді. 2017 жылы Қаз дауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығы қарсаңында Қарағанды қаласына барғанда, қазіргі сенат төрағасы Ерлан Қошанов Қарағанды мен Түркістан арасында алтын көпір орнады деп сүйіншілеген болатын. Сол алтын көпірдің жалғасы осы Ұлытау даласына жасаған сапар деп есептеймін. Қазіргі таңда Қазақстанның барлық облысымен Түркістанның байланысы орнаған. Ұлытау халқына да кемел болашақ, бақ-береке, ынтымақ-бірлік тілеймін",-деді сапарлатқан - «Қаз дауысты Қазыбек би» қоғамдық қорының төрағасы Пернетай Досыбеков.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер