Кез-келген мемлекеттің, облыс пен қаланың әлеуметтік-экономикасын алға сүйретін негізгі күш – ол орта және шағын бизнес. Яғни өз-өзін және өзгелерді де жұмыспен қамтып, әрі мемлекетке салық төлеп, халыққа қажетті бұйым мен азық-түлік өндіретін кәсіпкерлік нысандар экономиканың басты қозғаушы күші болып табылады.
Бүгінде Түркістан қаласында тұтынушының талаптарын баса назарға алып, тиімділігін ескере отырып, өз өнімдерін ұсынып жатқан кәсіпкерлер бар. Бәсекелестікке қабілетті бірқатар өнімдер бүгінде Қазақстан аумағында сатылымға шығарылып жатыр. Көпшілік біле бермейтін бірақ, сапалығы шетелдік өнімдерден кем түспейтін өндірушілер көбейіп келеді. Дәл осы мақсатта қалалық мәслихат хатшысы бастаған депутаттар бірқатар кәсіпорындарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Кездесудің басты мақсаты отандық өнім шығаратын кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерді насихаттап, қолдау көрсету болып табылады.
Ең бірінші кезекте депутаттар 2006 жылдан бері сыртқы темір есіктерді өндірумен айналысатын Олжас Нұрғазыұлы бастаған «Қаныбекова» ЖК кәсіпорынын аралады. Арнайы жабдықтармен қамтамасыз етілген орында 6 адам жұмыс жасайды. Темір есік өнімдерін Шымкент, Қызылорда қалаларына сатылымға шығаруда. Кәсіпорын шикізат өнімдерін өңірімізден алады.
Сонымен қатар, депутаттар Сейтмаханбет Ағзам басшылық жасайтын «Qazyna mebel» кәсіпорнын аралады. 2020 жылы өз жұмысын бастаған цехта 19 қызметкер жұмыс жасайды. Ерекше сапада, жоғарғы стандарттарға сай келетін жиһаздарға қазіргі таңда сұраныс артып, жыл өткен сайын өндірісіміз ұлғайып келеді дейді кәсіп орын басшысы. Шикізат өнімдерін алыс-жақын шетелдерден алдырта отырып, тұтынушылардың талаптарын ескеріп, қолжетімді бағада өз өнімдерін шығарып жатыр.
Түркістан қаласында жиһаз өнімдерін бөлек тағам түрлерін ұсынатын кәсіптер де дамыр келеді. Депутаттар шаһардаға өз өнімдерімен танымал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Халал" сертификатын алған «Daily food» фастфуд тағамдар желісінің жұмысымен танысты. Жоғары стандарттарға сай, барлық талаптарды қамтыған кәсіпорын өзінің тың жоспарларымен бөлісті. Қаламыздың төрт мөлтек аудандарында орналасқан «Daily food» тағамдар желісі алдағы уақытта өз жұмыстарын бұдан әрі дамытып, Қазақстан мен шетелдік нарыққа шығаруды жоспарлауда. Сонымен қатар, «Daily food» өз тұтынушыларына жаңа форматтағы логотиппен нарыққа шыққалы жатыр. Фастфуд желісі жаңа бастамамен “selfservice” қосымшасын ұсынбақ. Яғни онда тұтынушылар өз-өзіне қызмет көрсету арқылы өнімді тұтына алады. «Daily food» фастфуд желісі «appstore» және «playmarket» беттеріне жаңа бағдарламаларын шығаруды жоспарлауда. Ол бағдарламада негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жасайтын болады.
Сондай-ақ депутаттар өз кәсібін 2018 жылдан бері бастаған есік шығару ісімен айналысып келген Бахадыр атты кәсіпкермен кездесті. Ол қарамағында 18 адамды жұмысқа баулый отырып, өз кәсібін жүргізуде. Бүгінде алыс жақын Шымкент , Қызылорда сынды қалаларға өз өнімдерін жөнелтуде. Сонымен қоса, мәслихат депутаттары есік шығарумен айналысатын тағы бір Сайдбек атты кәсіпкердің өнімдерін жіті танысу үшін арнайы ол басқарып отырған цехқа барды. Бес жылдан бері үйдің ішіне арналған ағаш есіктер шығарып келе жатыр. Арнайы құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген жұмыс орнымен танысу барысында түркістандықтардың аталған өнімдерге сұранысы жоғары екенін байқадық.
Келесі кәсіпкер есіктер мен үй жиһаздарына арналған өрнекті әйнектер жасауды қолға алған. Айта кетерлігі, шикізатты Қытайдан алдырғанмен, барлық жұмыс Ұлықбек кәсіпкер бастаған жігіттердің өз қолымен әзірленеді. Сондай-ақ, еврожөндеуге қажетті үй қабырғаларының ернеуіне арналған гипс тақталар өндіруді қолға алып келеді.
Қазіргі таңда Түркістанда аяқжолға арналған тас төсеуіштер өндіру дамып келеді. Осы кездесуде қалалық мәслихат депутаттары аталған кәсіпті дамытқан азаматтың жұмыс орынымен танысып, бірнеше жеңілдіктер туралы толық ақпарат берді. Байқауымызша, төрт кәсіпкердің иелігіндегі өндіріс орнындарының әрқайсысында кемі 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, кездескен азаматтардың барлығы дерлік өндірістерін ұлғайтуға ниетті.