Туризм саласы мамандарының кәсіби деңгейі туризмнің өркендеуіне жол ашады

image.png

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы туризмді дамыту үшін еліміздегі табиғаты тартымды жерлерді қалыптастыру, сонымен қатар этнотуризмді дамыту жөнінде айтқан болатын. Президент әсіресе  Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуда кәсіби мамандарды дайындау аса маңызды екенін атап өткен еді.

-Туризм – күрделі салалардың бірі. Сондықтан бұл салада тиісті мамандарды даярлауымыз керек.  Сол себепті Туризм университетін ашу туралы шешім қабылдадық. Алдағы уақытта аталған университетте туризм саласында жұмыс істей алатын білікті кадрлар дайындау керек,- деді Мемлекет басшысы.

Бұл бағытта елімізде бірқатар іргелі істер атқарылып жатыр. Солардың бірі Түркістан қаласында жаңадан құрылған Халықаралық туризм және меймандостық университеті.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған аталған университет  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен ашылған.

Жақында білім ошағының ұжымы мен шәкірттері бүкіләлемдік туризм күнін  атап өтті. WELCOME FRESHMAN атты бірінші курс студенттерін қабылдау кешіне жиналғандардың қарасы қалың болды. 

Нұрасыл Сейдінбек Түркістанның тумасы. Бүгінде Туризм және меймандостық университетінің бірінші курс студенті. Жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттай сала білім кілті мен алғыс хатқа ие болған студенттің болашаққа жоспары көп. 

«Бүгінгі өткізіліп жатқан дүниежүзілік туризм ісшарасына ең біріншіден өзіміздің басшылыққа рахметімді айтам. Және де бүгінгі марапатталып жатқан барша студенттерді құттықтаймын. Бүгінде ол студенттердің қатарында өзім де бармын. Және де білім кілтін алдым. Осы білім кілтін алу арқылы осы университеттің білім жолындағы жетістіктері көп бола берсін деп тілеймін»,- дейді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенті Нұрасыл Сейдінбек.

Мерекелік концертке қолдау көрсетуге Астанадан мәдениет және спорт министрлігі туризм комитеті индустриясының төрағасы келді. Оқытушылар құрмет граммоталармен марапатталып, белсенді студенттер алғыс хаттар алды. Университет ректоры студенттік өмір тек сабақпен ғана шектелмейді дейді.

 «Білім ордасы Түркістанда орналасқан соң бұл туристік дистенация ретінде, туристік бағыт ретінде болған соң осындай ісшара көбірек жүргіземіз деген ниетіміз бар. Бұндай ісшаралар студенттердің көзқарастарын,  жалпы ойларын ауыстырады. Жаңашылдыққа тартады. Осының бәрі студенттерге арнайы жасалып отыр»,- дейді Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Айдос Сәкенов. 

Сонымен қатар аталмыш ісшарада студенттер өз өнерлерін көрсетті. Бірі әуелетіп ән салса, бірі мың бұрала биледі. 

Айта кетейік,  бұл университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар даярлайтын еліміздегі халықаралық деңгейдегі тұңғыш жоғары оқу орны. Мұндағы талапкерлер туристік бизнестің нақты қажеттілігін ескере отырып, 4 жылдық білім беру бағдарламасының негізінде халықаралық үлгідегі екі диплом алатын болады. Бұл мүмкіндік түлектердің өз мамандығы бойынша әлемнің кез-келген елінде еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жоғары оқу орнында отандық профессорлармен қатар шетелдік профессорлар, туризм және сервис саласындағы алдыңғы қатарлы ірі компаниялардың ТОП менеджерлерімен қатар осы саланың ғылым докторлары дәріс оқиды. Университет базасында туризм факультеттерінен бөлек спорттық кафедралар да құрылған. Сонымен қатар, аталған оқу орнында біліктілікті арттыру орталығымен қоса IELTS, TOEFL сияқты халықаралық емтихандарды тапсыру, шет тілдерін тереңдетіп оқытатын тіл орталығы да жұмыс істейді.

Халықаралық туризм университеті  2020 жылдан бастап талапкерлер қабылдауды бастаған. Университетке 2020-2021 оқу жылында 800 грант бөлінген болатын. Ал, түлектер туризм мамандығына түсу  үшін шет тілі мен география пәндерін таңдауы тиіс. Ал, ұлттық бірыңғай тестілеудегі шектік балы 50 балдан төмен болмауы керек. Университет жоғары деңгейдегі теориялық және практикалық білім береді. Франция, Австрия, Түркия, Малайзия, Ресей және Гонконг мемлекетінің университеттерінде қос дипломды бағдарлама бойынша білім алудың бірегей мүмкіндігін ұсынады. Сонымен қатар жоғары курс студенттері БҰҰ Дүниежүзілік Халықаралық туристік ұйымында тәжірибесін жетілдіреді. Қазіргі таңда Университет Amity University (Дубай), The Emirates Academy of Hospitality Management (БАӘ), Чангду универистеті (Қытай), The Institute of Tourism and Hotel Management (Австрия), The Taylor`s University (Малайзия), Antalya Bilim University (Түркия) және басқа да білім беру орындарымен ынтымақтастық туралы келесім жасаған.  Университеттің ЮНЕСКО және БҰҰ UNWTO сынды халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығы белсенді жүріп жатыр. Білім ордасының жоғарыда аталған халықаралық ұйымдар, Les Roches және SHL қонақжайлылық мен қонақ үй бизнес саласындағы швейцариялық менеджмент мектептерімен қарым-қатынасы, сондай-ақ оның жанынан  UNWTO орталығының ашылуы – Университетке өңірде лидер атануға, сонымен қатар Португалия мен Испаниядан кейінгі әлемдегі үшінші осындай білім беру орталығына айналуға мүмкіндік береді. 

Жалпы, бүгінде шет елдік туристерді курорттар мен бес жұлдызды қонақүйлерден гөрі, әртүрлі халықтардың мәдениеті мен әдет-ғұрпы, барған елдің тарихы,салт-дәстүрі қызықтыратыны рас. Сондықтанда, әлемде өзіндік ерекшелігі бар жерлерге бару, көне әрі қайта қалпына келтірілген маңызды оқиғаларға қатысу, тарихи фестивальерге деген сұраныс артып келеді. Демек, Түркістан қаласы туризм саласында осы бағытты ұстануы қажет.   Қазіргі кезде еліміздің экономикасын дамытудың стратегиялық бағыттарының бірі – ішкі және келу туризмін ұйымдастыру болып отыр. Осыған байланысты экскурсиялық қызметтің негізгі қайраткерлері – экскурсияшылар мен гид-аудармашылардың кәсіби дайындығы ерекше өзекті екені түсінікті. Экскурсиялық жұмыс – кәсіби қызметтің ерекше түрі. Ол белгілі бір талаптар жиынтығына сәйкес келуі керек.  Мұндай маманды дайындаудың көрсеткіші оның педагогикалық шеберлігінің дәрежесі саналады. Өйткені экскурсияшы маман әдетте экскурсияға қатысушыларға қатысты белгілі бір білімнің педагогі, таратушы және ретрансляторы ретінде әрекет етеді. Аталған университеттің түлектері Түркістан қаласы мен республиканың өзге де өңірлерінде жоғары сұраныстағы мамандар ретінде ел туризмнің дамуына үлес қоспақ. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер