Татарстан Республикасының "Сауда-өнеркәсіп палатасы" Одағы төрағасының орынбасары Ахматов Марат бастаған бір топ бизнес өкілдері қаланың инвестициялық мүмкіндігімен танысу үшін Түркістанға келді.
Сапар аясында делегация Түркістан қаласында орналасқан индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақтың мүмкіндіктері мен инвестициялық жобаларға көрсетілетін қолдаулар мен жеңілдіктері жөнінде баяндама тыңдап, “TURKISTAN Textile” тігін фабрикасының жұмысымен танысты.
Түркістан қаласының индустриялық аймағында 2 гектар аумақта орналасқан «Turkіstan Textile» тігін фабрикасының қазіргі таңда жұмысы жандана түскен. Қазақстан және Өзбекстан республикаларының бірлескен кәсіпорнының құрылысы 3 айға жуық рекордтық мерзімде аяқталып, тоқыма өнімдерін өндіретін тігін фабрикасы салтанатты түрде ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен ӨР Премьер-Министрі Абдулла Ариповтың қатысуымен ашылған болатын. Инвестор қызметкерлерді жалдау кезінде мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен аз қамтылған отбасылардан шыққан адамдарға жұмыс орындарын ұсынуға баса назар аударып келеді. Сонымен қатар, мұнда Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінің студенттеріне практикалық дағдыларды игеруге мүмкіндік берілген. Бауырлас мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықты кеңейту аясында іске асырылған жобаның бастамашысы – «Qojakent Textile» ЖШС компаниясы. Кәсіпорын жыл сайын 15 000 бірлікке дейін тоқыма өнімдерін өндіруге қауқарлы. Тігін фабрикасы түрлі арнайы киімдер (медициналық халаттар, униформалар) мен сыртқы киімдерді, «Ataman және Ramsay» брендтерімен ерлерге және әйелдерге арналған костюмдерді шығарады. Жалпы зауытқа тартылған инвестиция сомасы шамамен 420 миллион теңгені құрайды.
Өзбекстан — Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі негізгі сауда серіктесі. Көрші ел осылайша түрленген Түркістанмен экономикалық байланысын нығайтып отыр. Сол секілді шаһар Татарстан мемлекетімен де тығыз байланыс орнатуға дайын.
Киелі Түркістанға сапарсы барысында татарстандық бизнес өкілдері түркістандық инвесторлармен және ауыл шаруашылығы саласындағы іскер азаматтармен кездесулер өткізді. Алдағы уақытта Татарстанмен сауда экономикалық ынтымақтастық нығая түспек.