Былтыр халыққа арнаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:
- Тұрғын үй азаматтарымыз үшін – қашанда басты мәселе. «Баспана хит» және «7-20-25» сияқты тұрғын үй бағдарламаларының мерзімі таяу арада аяқталады. Сонымен қатар, нарықтық ипотека ставкасы әлі де жоғары және жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленетін болады. Ұлттық даму институтына айналатын «Отбасы банкі» оның әкімшісі болып белгіленеді. Банк алдында «бір терезе қағидаты» бойынша есеп жүргізіп, азаматтарға тұрғын үй бөлу міндеті тұр. Мен бұған дейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастаманың оң әсері туралы айттым. Сондай-ақ, бұл қадам адамдардың жұмыс берушілерден еңбекақыны ашық төлеуді талап етуіне жол ашты. Осы үрдісті қолдау үшін зейнетақы жинағының жеткілікті мөлшерінің шегінен асатын бөлігін тұрғын-үй сатып алу мақсатында «Отбасы банкіндегі» есепшотқа аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Сонымен қатар, бұл қадам жұрттың қаражат жинауды және оны сауатты жұмсауды дағдыға айналдыруына мүмкіндік береді,-деген болатын.
Түркістан облысында халыққа қол жетімді тұрғын үй құрылысының басым бөлігі Түркістан қаласында жүріп жатыр. 2020 жылдан бастап Түркістан қаласында 157 үйдің (9947 пәтер) құрылысы басталып, 78 үйдің (4925 пәтер) құрылысы аяқталды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, 2021 жылдан басталған үйлердің 1 шаршы метрінің құны 290-дан 375 мың теңгеге дейін, ал облигациялық қарыздар есебінен бөлінетін қаражат көлемі 1 шаршы метр тұрғын үй үшін 180 мың теңгені құрады.
ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі №736 қаулысына сәйкес "Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі Тұжырымдамасы" бекітілді, оған сәйкес облигациялық қарыздар есебінен Түркістан облысында әлеуметтік кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру 1 шаршы метр тұрғын үй үшін 180 мың теңгеден 220 мың теңгеге дейін ұлғайтылды.
Бүгінгі таңда құрылысы жүргізіліп жатқан 68 тұрғын үйлердің құрылысын 2023 жылы аяқтау жоспарлануда және 68 тұрғын үйдің 61-ін қамтитын аулалармен инженерлік желілерінің жобалары әзірленген, 7-і әзірленуде. Аталған 61 үйлерді 12 аула қамтып отыр (сметалық құны 6,96 млрд. тенге).
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылды жерлерде жеке тұрғын үй салу үшін 4545 жер учаскесін инфрақұрылыммен қамтамасыз ететін 22 инженерлік инфрақұрылым нысаны жүргізілуде. 2022 жылы 3697 жер учаскесін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жоспарланған.