Түркістан қалалық мәслихатының кезектен тыс 23-сессиясы өтті. Онда қала бюджетіне енгізілетін өзгерістер талқыға түсті. Жыл соңына дейін жүзеге асуы тиіс бірқатар жобаларға қаржы бағытталды. Ал салық түсімдерінің жоспары толық орындалмауына байланысты кейбір мақсатқа бағытталатын қаржылар қысқартылды.
Түркістан қаласының әлеуметтік саласына бөлінетін біршама қаржы қысқартылатын болды. Оның басты себебі жоспарланған салық түсімдерінің толық орындалмауы болды. Экономика бөлімінің басшысы мұны жоспарды асыра жобалаумен байланыстырды.
«Өздеріңіз білесіздер, салық және нормативі де облыстық мәслихатпен бекітіледі. Жоспардың ұлғайтылғаны облыс 2019-2021 жылдары бізде қала аумағында жүргізілген құрылыстарды түскен объемдарды есептеп отырып мамыр айында ұлғайтылған болатын. Олар қазір 5-6 миллион теңгені қысқартып отыр»,- дейді Түркістан қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айбек Ақылбек.
Қысқартылатын қаржылар негізінен әлеуметтік салада. Сонымен қатар көпқабатты үйлерді күрделі жөндеу мен жол салуға байланысты. Бұл жобалар енді келер жылы жүзеге асырылатын болып шешім қабылданды. Себебі қысты күні күрделі жөндеу мен асфальт салуды жүргізбеген дұрыс деді депутаттар. Есесіне облыс пен ресупблика қазынасынан 2,5 млрд теңге қаржы келіп түскен. Бұл қаражат инфрақұрылым жүйелерін салуға жұмсалады.
«Электрмен қамтамасыз ету құрылыс жұмыстарына 726 миллион теңге екі нысанға қарастырылуда. Атап айтқанда Түркістан қаласы Тәуке хан даңғылы, Қазыбек би, Н.Төрекқұлов, Төле би, Тыныштықұлов көшелері бойында 10 киловаттық кабель желілерін салу құрылысына республикалық бюджеттен 300 миллион теңге, ұлттық қордан 100 миллион теңге қарастырылуда»,-дейді Түркістан қаласы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айбек Ақылбек.
Сонымен қатар Әкімшілік іскерлік орталықта жаңадан салынып жатқан 63 үйдің аулаларын абаттандыру жұмыстарына қаржы бағытталатын болды. Жалпы есеп бойынша республикалық және облыстық трансферттер есебінен қала бюджеті 3 миллиард 147 миллион теңгеге қысқартылды.